Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Батыржан Ұзақов: Халыққа пайдам тисе деймін

Батыржан Ұзақов: Халыққа пайдам тисе деймін

Аудандық мәслихаттың депутаты, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы», І  дәрежелі «Қайсар» медальдарының иегері, «Жылдың үздік депутаты» атанған кәсіпкер Батыржан Жансерікұлы Ұзақовпен депутаттық қызметі мен елдегі мәселелер төңірегінде сұхбаттасқан едік. 
–Әңгімені балалық шағыңыздан бастасақ...
– Мен Арал қаласында 1984 жылы өмірге келдім. Осындағы №14  мектепте білім алдым. Әкем мен анам бізді қатардан кем етпей білім алуымыз үшін, өзімізді дамытуымыз үшін бар жағдайды жасады. Мен үйдің тұңғышы болдым. Тұңғыш бала әлбетте кейінгі бауырларына үлгі болуы керек. Сол үшін бала кезден жауапкершілікті сезініп өстім. Ата-анам көп еңбектенді. Кәсіппен айналысты. Кішкентай болсам да соларға көмегімді көрсеткім келіп еңбектенуге, кісі ақысын жемейтін адалдықпен дүние жиюға үйрендік.
– Бала Батыржан қандай оқушы еді?
– Мектепте жақсы оқыдым. Мақтанғандай болмайын, бірақ аттестатымда тек 4 сабақтан ғана «төрттік» бағам бар. Қалғанының бәрі «бестік» баға. Мұның бәрі менің ғана емес, маған сапалы білім берген мұғалімдерімнің еңбегінің жемісі. Бізге ұстаздарымыз алдыға биік мақсат қоюды, сол мақсатқа жету жолында керек білім мен білікті  үйретті.
– Сіз кәсіпкер ретінде танымалсыз, жақсы оқушы болдыңыз, меңгерген мамандық қандай?
Мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне заңгер мамандығына оқуға түсіп, бітіргенмін. Жоғары оқу орнын бітірген соң әскер қатарына шақырылып, "Ұлттық ұлан" гвардиясында 2 жыл Отан алдындағы борышымды өтеп қайттым. Әскерде І дәрежелі «Қайсар» төсбелгісімен марапатталдым. Бұл – менің өмірімдегі ең жоғары әрі ештеңемен салыстыруға келмейтін марапат. Себебі әрбір ер азаматтың үлкен міндеті ол – Отан алдындағы борышын өтеу. Ал сол әскер қатарында жүріп, кеудеге орден тағу тіпті ерекше сәт.
– Диплом бар, әскери борыш өтелді, еңбек жолы қалай басталды?
– Бастапқыда әкем мені мемлекеттік қызметке орналастырмақ болды. Бірақ мен бірден бас тарттым. Ата-анамның ықпалынсыз өз күшіммен еңбек еткім келді. Негізі мына бір нәрсені ата-аналар түсінсе деймін. Бала кішкентай кезінде өзінің арманы пайда болып, мамандық алуды көздейді. Бірі дәрігер, бірі мұғалім боламын деп қиялдайды. Бірақ ата-аналар сол балалардың арманын емес, өздері жете алмаған мұраттарға қарай бағыттап жібереді. Бұл дұрыс емес. Сонан соң жұмысқа құлықсыз маман болып шығады. Ондай адам ешқашан оң нәтижеге қол жеткізе алмайды. Мен де еңбек жолымды құрылыс саласында, «Нефть и газ» компанияларында қарапайым жұмысшы болдым. Сол кездері Аралға жол, газ кұрылыстарын жүргізуге көптеген шетелдік компаниялар келе бастады. Солармен жұмыс жасадым. Олардан үйренгенім де көп болды. Алған тәжірибемді қолданып, Аралдағы кәсіпкерліктің дамуына үлес қостым. Аралға күретамыр жол салынды, газ келді, осы жұмыстардың басында жүрдім. Ал жол бойы сервистік қызмет көрсету орталығы отбасылық кәсіп.
– Депутаттық мандатқа қалай келдіңіз?
– Бұрыннан ел арасындағы өзекті деген мәселеге назар аударып келемін. Осы өлкенің төл перзенті болған соң халық мұқтаждығына көз жұмып қарай алмаймыз. Кейде елдің үлкен мәселесі болады. Олар жоғары биліктен шешім табуы керек, аса көп қаражатты қажет етеді. Сондайда ықпалды болу керек-ақ. Депутат боламын деген шешімге келмес бұрын "осы қызметті мойныма алғанда халыққа не бере аламын?" деген сұрақты өзіме қойдым. Сосын тәуекелге бел буып, сайлауға түсіп, көптің ықыласын алдық. Әр депутаттың өзіне жүктелген қызметі бар. Өзінің саласы бар. Маған Сыр беткейдегі ауылдардың әлеуметтік-экономикалық, жалпы осындағы елдің мәселесін назарда ұстау тапсырылды. Ең алдымен Сыр беткейдегі 7 ауылға барып өзімді таныстырып, елдің ішінде қандай өзекті мәселе бар екендігін тыңдап, оларды қағаз бетіне түсіріп қайттым. Осылай депутаттық қызмет басталды.
– «Мына мәселенің шешілуіне ықпал ете алдым» деп қандай жағдайларды айта аласыз?
Депутат деген халық қалаулысы. Бізді халық сайлайды. Сондықтан елдің сенімінен шығу – біздің ең бірінші міндетіміз. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылдардың мәселесі көп-ақ. Оны бірі білсе, бірі біле бермейді. Жол мәселесі, тозығы жеткен аспалы көпірлер, жастардың дене шынықтыру, спорттық сауықтыру нысандарын салу елдің ең қажеттілігі еді. Оның үстіне былтырғы жылы елді әбігерге салған қуаңшылық кезінде мал азығын жеткізуге, өз демеушілігіммен жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсетуге тырыстым. Табаны құрғаған көлдердің аңқасын суға толтыру үшін алты канал қаздыруға техника жағынан жәрдемдестім.  Ал күрмеуі қиын жұмыстардың оң нәтижеге жетуі үшін аудан әкімі Серік Сағитжанұлының ықпалы зор болды. Бұл кісі елге қиын кезде әкім болып келсе де тығырықтан шығу жолында дұрыс алгоритмде жұмыс жасады. Және біз көтерген елдің жайын ұдайы назарда ұстап, көп мәселенің шешімін тауып берді. Біздің жұмыстың да нәтижелі болып жатқандығы аудан басшысының кез келген жағдайға ыждағаттылықпен мән бергендігінің арқасында деп ойлаймын.
– Депутаттық мансап сізге не берді?
– Халқымызда «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық бар. Расында әркімнің істеген ісі ұрпағының болашағы. Мен де кейінгі ұрпақ жақсы ісімізден өнеге алса екен деймін. Сондықтан барынша елге жақсылық жасауға тырысамын. Депутат болу ең бірінші маған халыққа жақын болуды үйретті. Ақсақалдардан бата алдым. Бұл мен үшін баға жетпес биік. Екінші, жаңа орта, жақсы адамдармен араласып, өзімнің жаңа тынысымды ашқандай болдым.
– Жуырда Президенттің ұлықтау рәсіміне қатысып қайттыңыз, қандай әсерде болдыңыз?
– Ол кісі өте қарапайым жан. Бір аудиторияда отыру ерекше бақыт! Президент ең алдымен ауылдарды дамытамын деді, кәсіпкерлік саласын қолдайтындығын айтты. Жалпы елді дамыту жолында нақты жоспар құрып, оны жүзеге асыруды Үкіметке тапсырды. Бұл сәт менің ең керемет сәттерімнің бірі болды. Көргенім, көңілге түйгенім көп.
– Ел ішінде мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Қалай ойлайсыз, ұлттың мызғымастығын сақтау үшін не керек?
– Ең бірінші – ауызбіршілік. Алауыздықтан біз ештеңе ұтпаймыз. Осыны халық түсіну керек. Ауызбіршілік болғанда ғана діттеген мақсатымызға жете аламаз. Елде жұмыс жасалып жатыр. Бірақ бәрі бірден бола кетпейді. Сондықтан әр істің қайырын күтіп, сабырмен қарасақ, бәрі ретке келетін болады. «Ауызбіршілігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды» деп халқымыз бекер айтпаған.
– Қайырымдылықты көп жасайсыз. Қалай ойлайсыз, халық шынымен мұқтаж ба, әлде бұл масылдық па?
– Маған күн сайын қаншама адам өзіне қаржылық жағынан, басқа да мәселе бойынша көмек керек екендігін айтып қоңырау шалады. Кездескен жерде айтып жатады. Ондайда ешкімді құр жібергім келмейді. Қолдан келгенше бәріне көмек беруге тырысамын. Арасында шынымен мұқтаж адамдар да бар. Бірақ кейбірі масылдыққа бейімделген. Ол жасырын емес. Біздің қоғамды құртып отырған да осы. Қазір еңбек етемін, нан табамын деген адамға мүмкіндік көп. Бірақ бәріне жеңіл жұмыс, мол пайда керек.
– Аралдық спортшыларға қолдау көрсетіп отырасыз. Өзіңіз спортпен шұғылданасыз ба?
– Елдің атын әлемдік аренада танытатын спорт және мәдениет саласы. Аралда мықты спортшылар легі өсіп келеді. Бұл бізді қуантады. Жастарға салған инвестиция еселеніп қайтады. Сондықтан спортшы жастарға демеушілік жасаймын. Сосын жақында «Курортный» аталып кеткен мөлтек ауданның жастарына спорт алаңын салып бердім. Мұнда жастардың бос уақытында футбол, волейбол, баскетбол сынды спортпен айналысуына мүмкіндік бар.  Жанында балалар ойын алаңы да қарастырылған. Енді хоккей алаңын салсам деген жоспар бар. Өңірдегі бұқаралық спортты дамыту қажет. Биыл Шижаға елді мекенінің әуесқой футболшыларының көршілес Қазалыда өтіп жатқан футбол додасына қатыстыруға демеушілік жасап жүрмін. Ал өзім жеңіл атлетикамен шұғылданамын.
Досыңыз көп пе?
Сыйлас адамдарым көп деген дұрыс шығар. Бәрін бірдей дос тұта алмаймын. Өмірімде басымнан ауыр кезеңдерді өткердім. Пенде болған соң болады ғой. Осы кезде адам тани бастадым. Досым деген адамдарды таппай қалдым. Кейбір алыс таныстарым жақыныма айналды. Сол кезде адамдардан қатты көңілім қалып, налығам. Қазір олай емес. Бәрін жүрекке қабылдамауға тырысатын болдым. Жалғыз досым бар.
– Тәуліктің 24 сағаты сізге жете ме?
Жеткізуге тырысамын. Қазір  4-5 сағат уақытты ұйқыға арнаймын. Заман ағымы солай. Ұйықтап жүрсек көп нәрседен құр қалуымыз мүмкін. Онсыз да өмір тым қысқа. Сондықтан жастық күш-қуатымды жақсы іске жұмсап, халыққа пайдам тисе екен деймін. 
– Батыржан Жансерікұлы, тұшымды әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Н. Маратқызы
09 желтоқсан 2022 ж. 472 0