Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Масылдықтан арылатын кез жетті

Масылдықтан арылатын кез жетті

Мәңгілік мемлекеттіліктің, ұлттық өрлеудің, экономикалық дамудың бір жауы – масылдық. Оның түр-түрі болады. Бұл кеселдің тағы бір аса қауіпті әрі ауқымды сипаты – әлеуметтік масылдық.
Қоғамның өсіп-өркендеуіне кері әсерін тигізіп, экономикасына едәуір зиянын тигізіп келе жатқан дерт – масылдық. Масылдық – қоғам індеті. Ол ұлт¬тың деградацияға ұшырауына түрткі болады, алға басқан мемлекетті кері тартады. Ендеше, ұлтты ол кесірден арылту – тәуелсіздікті тұғырлы, өркендеуді өрісті етудің шарты болмақ.
Бүгінде еңбек етпей, елден көмек күтетіндердің бар екендігі шындық. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, қазірде еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Кейінгі кезде мемлекет тарапынан бөлінген түрлі көмектерді есебін тауып пайдаланып кеткісі келетіндер де аз емес. Осы турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Біз мұқтаждық пен масылдықтың ара-жігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап, өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Балаларға мемлекеттен бөлінетін қаражатты солардың өздеріне жұмсау қажет. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер мемлекеттің тірегі, – деп мемлекет не береді демей, жеке кәсіп ашу арқылы табыс табуға болатынын атап өтті.
Қазіргі аумалы-төкпелі заманда халықтың ¬әл-ауқатын көтеру, кедейшілікпен күрес – тек бай-бақуатты, әлеуеті зор елдердің ғана қолынан келеді. Бүгінде Қазақстан халық тұрмысын жақсартуға бағытталған сан алуан әлеуметтік қамқорлық шараларын жүзеге асыруда. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналу үшін де масылдық психологиядан арылып, жұмыла еңбек ету керек.
Сарапшылардың пайымдауынша, әлеуметтік саясаттың масылдыққа соқтыруы дамыған елдерге де зардабын тигізуде. Бүгінде еуро¬палық елдер ішіндегі ең дәулеттісі саналатын Ұлыбританияда 1975 жылы әлеуметтік шиеленісті төмендетіп, халықтың билікке қарсы шығуының алдын алу үшін Спинхемленд заңы қабылданған. Ол заң бойынша табысы аз кедейлердің жалақысына белгілі бір сома қосып отыруға міндеттеді. Бұл жаппай масылдық тудырып, ХХ ғасыр соңына қарай ағылшындар елінде экономикалық құлдырауға, өндірістің ең төменгі деңгейге дейін құлауына, бұқараның жаппай қайыршылануына әкеп соқтырған. Масылдық проблемасына Еуроодақтың көшбасшылары Германия мен Франция да, АҚШ та, өзге дамыған елдер де кезігуде.
Біреу¬дің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбеу, оңай олжаға кенелсем деген жа¬ғымсыз әрекеттерге бейім болу қазіргі қоғамның кесірі десек болады. Бүгінгі қоғамда жатыпішер жалқаулардың мемлекеттік көмекпен ғана күн көріп, қызмет етуге келгенде кежегесі кейін тартып тұратыны белгілі. Жасыратыны жоқ, бүгінде мұқтаждықтан гөрі масылдық пиғыл белең алуда. Осы жағдайда шын мұқтаждар тасада қалып қоятыны көңілге кірбің ұялатады.
Қай кезде де мемлекетіміз мұқтаж азаматтарға қолдау-көмек көрсетуде. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бар мүмкіндік қарастырылуда. Десе де, шыны керек, жұмыссыз жатқанына ұялмайтын, бірақ жағдайы төмен екенін айтып жәрдемақы сұраудан да еш шімірікпейтін, қара жұмыс істеуден жалтаратын жандардың бар екендігі қынжылтады.
Мемлекет тарапынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнайы бағдарлама дайындап, мұқтаж жандарға көмек беруден қалыс қалып жатқан жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен және өмірінде түрлі қиындыққа тап болған адамдардың несиесін де кешірді. Бұл халықтың ойынан шыққан құптарлық іс болды.
Белгілі журналист Н.Жүсіптің айтуынша, ұлт жаппай еңбекқор болғанда ел еңсесі биіктейді. Ешкім ешкімге алақан жаймайды. Масылдық пиғыл жоғалады. Сондықтан халқымыздың «Масыл болма, асыл бол!» деген ақ батасы кез келген қоғам мүшесінің қаперінде болғаны жөн.

К.Махсұт
13 желтоқсан 2022 ж. 282 0