Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік масылдық әлекке салмасын

Әлеуметтік масылдық әлекке салмасын

Бүгінгі қоғамда әлеуметтік желіде айқай шығарып, ердің жағасына жармасқан әйелдер көбейді. Бәрінде бір мүдде – мемлекеттен берілетін көмектерді алу. Өздерінің пәленбай баласы барын, үйсіз, жұмыссыз екендіктерін айтып шу шығарып, онысын смартфонның бинебаянына түсіріп, желілерге жүктеп жатады. Тіпті кейбірі осылай өз бастарын қамдап қоғам белсендісі, блогер болып алған. Не десек те біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбей, жеңіл табыс табуға ұмтылу белең алып бара жатыр. Бұл әсіресе, бүгінгі нарық заманында тайға таңба басқандай көрініп тұр. Яғни, адамдар арасында әлеуметтік масылдық пайда болды. Адамды тұлға ретінде дамытпайтын, қоғамға да кері әсерін тигізетін бұл үрдістен қайтсек арыла аламыз?
Н. Маратқызы
Қазақ басынан талай тар жол тайғақ кешуді өткерді. Аштықты да, жоқтықты да, бодандықты да көрді. Бұл тарихтан белгілі. Қазір ше?Қазір бәрі бар. Жоқ емес дүние жоқ. Барды ұқсатып, жоқты жамап, өз тіршілігін жасап жатқандар бар. Олар ешкімге алақан жаймай, өз кәсіптерін дөңгелентіп бала-шағасын бағуда. Бүгінгі сөз оларға арналмайды.
Бүгінде жанын қинап еңбек етпей мемлекеттік жәрдемақыларға күн көргісі келетіндер түрлі құйтырқы әрекеттерге де баратын болған. Мәселен, заң жүзінде ажырасып, көпбалалы жалғызбасты ана ретінде үкіметтен жеңілдіктер алып отырғандар да бар арамызда. Ал жұмыссыз ретінде тіркеліп қоғамдық жұмыс ұсынса ар көретін, оңай табыс тапқысы келетіндердің жөні тіпті басқа. Жасы жар ортаға келсе де әлі күнге қарт ата анасының зейнетақысына күн көріп отырған азаматтарды көргенде іштей қынжыласың. Бірақ оларды сөйлетіп қалсаң елге ақыл айтқыш.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ауданда сонғы 9 айда 1734 адам құжат жүзінде жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал NEET санатындағы 383 жас бар.
Қазіргі күрделі, аумалы-төкпелі заманда халықтың ¬әл-ауқатын көтеру, кедейшілікпен күрес – тек байлық-бақуаты бар, еңсесі тік, әлеуеті зор елдердің ғана қолынан келеді. Бүгінде Қазақстан халық тұрмысын жақсартуға бағытталған саналуан әлеуметтік қамқорлық шараларын жүзеге асыруда.
– Біз өмір сүріп отырған дәуірдің табиғаты мың құбылмалы. Жаһандық бәсекелестік жағдайында өз мүддемізді қорғауға, өз мақсатымызға жетуге ұм-тыл¬масақ, жедел алға баспасақ, көп нәр¬седен ұтыларымыз анық. Мына дә¬уір еркелікті, жалқаулық пен ма¬сыл¬дықты, немқұрайлылықты көтер¬мейді. Төртінші өнеркәсіптік револю¬ция кезе¬ңінде, жоғары технологиялық, цифрлы кеңістікте жаһандық дамудан 10 жыл артта қалсақ, 100 жыл оның орнын тол-тыра алмайтынымызды естен шығар¬майық, – деген еді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Сарапшылардың тұжырым¬да¬уынша, әлеуметтік саясаттың масыл¬дыққа әкеп соқтыруы дамыған елдердің экономикасына зиянын тигізуде. Саралап көрген едік.Бүгінде еуро¬палық елдер ішіндегі ең дәулеттісі саналатын Ұлыбританияда 1975 жылы әлеуметтік шиеленісті төмендетіп, халықтың билікке қарсы шығуының алдын алу мақсатында Спинхемленд заңы қабылданған. Ол заң билікті өзгермелі шкала бойынша табысы аз кедейлердің жалақысына белгілі бір сома қосып отыруға міндеттеді. Бұл жаппай масылдық тудырып, ХХ ғасыр соңына қарай ағылшындар елінде экономи¬калық құлдырауға, бұқараның жаппай қайыршылануына, өндірістің ең төменгі деңгейге дейін құлауына соқтырды. Еңбек нарығы күйреп, еңбекақы күнкөріс шегінен төмен түсіп кетті. Ұлы¬британия әлгі «ізгі» заңның салдар¬ы¬мен 40 жылдай күрескен.
Скандинавия елдерінде әлеуметтік қорғау жүйесі әлемдегі ең дамыған санатында. Оларда тегін білім беру, жалпыға бірдей денсаулық сақтау, мемлекеттік зейнетақы төлеу сыртында қосымша қолдау шаралары жүзеге асырылады.Жұмыссыздарға қомақты төлем ұсынылады, зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығуға мүмкіндік беріледі. Алайда бұл жүйе еңбекақы қорына масыл болып отыр. Сканди¬навия елдерінде жеке және заңды тұл-ғаларға әлемдегі ең жоғары салықтар салынады. Мәселен, қазір қазақ¬стан-дықтар өз табысының 10 пайыздайын ғана салыққа аударса, тағы 10 пайызын зейнетақы қорына жолдаса, ал Шве¬цияда азаматтар өз тапқанының жар¬тысына жуығын тек салыққа береді. Бірақ бұл елде бірде бір адам салықтан жалтармайды.
Испанияда да әлеуметтік жүйе жұмыссыз адамға орташа жалақының 70%-ынан жоғары көлемде жәрдемақы төленуін кепілдендіреді. Ал екі қолға бір күрек іздеген испандықтарға ұсы¬нылған қызметтерден еш шектеусіз бас тарта беруге рұқсат етіледі. Салдарынан, бұл елде жастардың 36 пайызы білімі мен білігі бола тұра, жұмыс жасаудан бас тартады. Жас испандықтар жұмыс¬сыздық жәрдемақысын місе тұтып, өз өмірін ретке келтіруге асықпайды. Көпшілігі 30-35 жасқа дейін ата-анасының қолында тұра береді. Кесі¬рінен, Испанияда некеге отырушылар саны жыл сайын кемуде.
Масылдық Еуро¬одақтың көшбасшылары Германия мен Франция да, АҚШ та, өзге дамыған елдер де мәселеге айналған.
Түйін:Хакім Абайға бабамыз: «Тамағы тоқтық. Жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген еді. Масылдық сипаты тап осыған саяды. Масылдық – қоғам індеті. Ол ұлт¬тың деградацияға ұшырауына түрткі болады, алға басқан мемлекетті кері тартады. Ендеше, ұлтты ол кесірден арылту – тәуелсіздікті тұғырлы, өркен¬деуді өрісті етудің шарты болмақ.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
15 қазан 2022 ж. 335 0