Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жалқауға ғана жұмыс жоқ

Жалқауға ғана жұмыс жоқ

         Мен масылдық көзқарас жайында үйінде шалқасынан түсіп, өзгенің тапқанына ортақтасып жататындарды айтар едім. Рас, ондайлар қазіргі таңда көбейіп барады. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп дана Абай айтпақшы, сол азғындықтың басы енді басталды ма деген ойда қаламыз кейде. Шындығында, біздің қоғамда адал еңбек етіп, ырыс пен байлықты маңдай тердің өтеуі ретінде қабылдауға қауқары жетпейтіндер көбейіп барады. Нақтысы, еңбек етуге құлықсыз. Сондайлардың кесірінен жұмыссыздар қатары артуда. Елімізде жаппай жұмыссыздықты жою мақсатында түрлі шаралар атқарылса да, одан айтарлықтай нәтиже шықпай отыр. Себебі қоғамда масылдыққа еті үйренгендердің саны артып барады. Көбінің ойы бізді мемлекет асырайды дегенге саяды. Әрине оның арғы жағында әр балаға мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмектің аз-маз қаржысына күн көреміз деген де ой жатыр.
         «Істейін десек жұмыс жоқ» деген негізсіз сылтаулар қоғамда жиі құлаққа шалынады. Ал жұмыс сұрайтындардың деніне таза жұ­мыс керек. Сонда токарьлық пен дәнекерлеуші, тас қалаушы мен балық тазалаушы болып кім еңбек етеді? Қазіргі уақытта қай жерде болмасын, әлгіндей жұмыстарға сұ­раныс жоғары, маман тапшы. Айталық, аудандағы жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері осы кезге дейін үш мыңдай адам хабарласып, жұмыс іздеген. Бірақ солардың дені кеңседе отырып жасайтын таза әрі жайлы жұмыс іздейді. Халықты жұмыспен қамтуды өз міндетіне алған бұл мекеме сол үш мың адамның 1714-ін тұрақты және уақытша жұмыспен қамтыған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Десе де уақытшаның аты уақытша. Ал нақты тұрақты жұмысқа осы кезге дейін 1263 адам орналасыпты. Мұнан бөлек, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары негізінде әлеу­меттік жұмыс орнына 116 адам, жастар тәжірибесіне – 335 адам, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға – 180 адам, жалпы кәсіптік даярлауға – 196 адам, қоғамдық жұмысқа – 653 адам және кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға («Бастау-биз­нес») 193 адам жіберілген екен. Одан былайғы жерде жыл бойы қан­шама бос жұмыс орындарына жәр­меңкелер өткізілді.         Мұндай жұмыстардың бар­лы­ғы ең алдымен қоғамдағы жұмыс­сыз­дықты жоюға, масылдық көз­қа­рас­тан арылуға бағытталып отыр. Десе де екі қолға бір күрек ұстау­ға қарағанда, кеңседе немесе жылы жерде отырып жасайтын жұмысты құп көретін секілді көбісі. Мәселен, тазалықшы, қарауыл не­месе аула сыпырушы сынды жүк­темесі аз жұмыстарға қол созады көбі. Аталған халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің пікірі де осындай. Айтуынша, қазіргі таңда ауданда балық зауытына балық сұрыптаушы мамандығына адам жеткіліксіз. Бірі салқын деп қашса, енді бірі жұмыстың ауыр­лығын сылтау етеді. Айналып келгенде, осындай сылтауды жанына желеу еткен жалқаулар бара-бара жақынының мойнына мінген нақ масылдың өзіне айналады. Онсыз да осындай кертартпалардың кесірінен небір келеңсіз, азғындық әрекеттер пайда болып жатыр. Осы сынды қоғамның дерті бір кездері Елбасының өзін алаңдатқан еді. Тұң­ғыш Президент осыдан 7 жылдай уақыт бұрын «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жал­пы­­ға Ортақ Еңбек Қоғамына қа­рай 20 қадам» атты көлемді мақа­ла­сын жариялаған еді. Онда Елбасы: «Еңбекті еңбек ретінде қа­был­дамаушылық», «еңбектің ырыс пен байлық әкелетінін түсін­беу­­ші­лік», «еңбектің әр адамға бө­ліп берер несібесінің барын ұға алмаушылық», «еңбекті тек қана еңбек тудыратынын біл­меу­шілік», «еңбектің ар­қа­сында барша өмірдің жақсара түсетінін мойындамаушылық» тә­різ­ді көзқарастар адам жүрегінің түбінен терең орын алып алған сыңайлы. Рас, қазір әлем, заман басқа. Бұрынғыдай елдің барлығы жаппай зауыттарда, еңбектің қай­наған өтінде қызмет етпейді. Әркім өзіне ұнайтын, өзінің көңіліне жа­ғатын жұмысты атқаруға құмар. Бос жүрген адамды жазалайтын кеңестік жүйе келмеске кетті. Уақыт талаптары өзгерді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ойшыл Абай сөзі кейбіреулердің санасын аса бір тебіренте қой­май­тын да жағдайларды көріп жүрміз. «Бірақ біз жұмыссыздардың бар­­лығы бірдей жұмыс істеуге ұмтыл­майтындығын да көріп отырмыз. Өкінішке қарай, адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін ат­қаруды қалайтын психология сақ­талып отыр. Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет!» деген болатын. Міне, осындай ойлардың негізінде өмірге келген «Халықты жұмыспен қамту орталықтары» күні бүгінге дейін түрлі кешенді шараларды қолға алып келеді. Нәтижесі де жаман емес.
         Бірде 5 баласы бар танысым: «мемлекет әр балаға 21 мың теңгеден берсе, оны бізге жара­тудың өзі жұмыс болады ғой. Үйге жүз мыңнан әрі ақша кіріп тұр­са, қара жұмыс істеп не керек?!», – деген еді. Бәлкім, бала-шағасының несібесіне ортақтасып үйде жатқанды жөн көретін шығар олар. Бірақ мемлекет те мұндай масылдарды бағудан ешқандай пайда түспесін жақсы біледі ғой. Қоғамда әлеуметтік мәселе туын­датқан бұл жағдайлардың соңы әділетсіздіктермен ұштасты. Бірі табысын жасырып, мемлекеттен жеген ақшасын бір уақыт пайдаланса, өтірігі әшкере болған кей отба­сылар алған қаржыны қайта өтеу­ге мәжбүр болды. Арты қуыс мұндай тірліктің берекеті болмасы да түсінікті. Сондықтан қол-аяғы бүтін, денсаулығы жақсы әр адамға масыл болғанша, асыл болуды ойла­ғаннан өзге жол жоқ секілді.
         А. Қарасай
        
23 қараша 2019 ж. 1 034 0