Көпбалалы болуға шақырамын: Көпбалалы ананың сөзі қазақстандықтарға неліктен ұнамай қалды?

Алайда дәл осы үндеуінен кейін 7 баланың анасының сөзі жұрттың қызу талқысына түсті.
«Жақында ғана БАҚ ең жас көпбалалы ана 27 жастағы Жазира Тұрғынова туралы жазған еді. Ол 9 адамнан тұратын отбасы жалдамалы пәтерде тұратынын, балаларға берілетін жәрдемақыға және күйеуінің кездейсоқ табатын табысына күн көріп отырғанын айтқан. Енді дәл осы әйелді форумда «бақытты ана» ретінде сөз сөйлеуге мәжбүрлеген. 6 күнде не өзгерді?» – деп жазды Facebook қолданушысы.
ҚазАқпарат мәліметінше, 26 жасында көпбалалы ана атанған Жазира Тұрғынова мектепті тәмамдай салысымен тұрмыс құрған. Бүгінде оның 7 баласының алды 11 жаста болса, кенжесі – 8 айлық. Отбасы жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Отағасының тұрақты жұмысы жоқ. Жазираның өзі балаларын қарап, үйде отыруға мәжбүр. Сондықтан балаларға мемлекеттен берілетін жәрдемақыны ғана көңілге медет қылып отыр екен.
«Ұзынарық аулында 11 жыл бойы тұрдық. Ауылды жер болған соң күйеуіме ол жақта жұмыс болмады. Күйеуіме жұмыс табылар деген ниетпен Шымкенттің маңындағы Жұлдыз елді мекеніне көшіп келдік. Қазір пәтер жалдап тұрып жатырмыз.
Өзім болсам жеті баланы қарап, үйде отырмын. Себебі, олардың тамағы, мектепке баратыны бар. Қазірдің өзінде 4-еуі мектепке барады. Оларды апарып, алып келу керек дегендей. Үш перзентім әлі кішкентай. Күнделікті тамақ пен киім-кешектеріне қаражатымыз жетпей қалып жатады. Кейде қарыз болып қаламыз. Күйеуімнің күнделікті тапқан азын-аулақ ақшасын жеткізуге тырысамын. Ара-арасында туыстарымыз бен көршілеріміз қарасып тұрады. Балаларым тамақты тойып ішпесе де амалдауға мәжбүрміз. Енді кішкентайым бір жасқа толса, ондай жағдайымыз қалай болатынын білмедім. Себебі оған төленетін жәрдемақы қазір жанұямыздың негізгі қаражаты», – деген еді Жазира Тұрғынова.
Расымен де айналасы жеті күннің ішінде бұл отбасында үлкен өзгеріс бола қойды деп айту қиын. Сондықтан желі қолданушылары 7 баланы бағып-қағып отырған «бақытты анаға» үй берілсе деген тілектерін айтуда.