Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Киікті келер ұрпаққа сақтайық!

Киікті келер ұрпаққа сақтайық!

Киік – даланың киесі, символы. Киік – қазақтың киелі жануары. Ақбөкендер шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген жануар. Ақбөкендердің басына қаншалықты зобалаң заман туғанмен, миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап қала алды.
Олардың қоныс өзгертуі ауа райына байланысты. Ақбөкен жұп тұяқты жануарлардың ең өсімталы болып келеді, жылына бір рет төлдейді. Жаппай төлдеуі мамырдың 10-15 аралығында өтеді. Бұл кезде күн салқындап, жауын- шашын көп болады да, оны қазақ халқы «Құралайдың салқыны» деп атайды. Жануар көбіне егізден, кейде 3 лақ та туады. Ақылды жануар алдын ала шыбын-шіркей болмайтын, үнемі жел есіп тұратын беткейді таңдап алып, лақтарын түрегеп тұрып туады. Жаңа туған лақ жарты сағатта анасын еміп, екі-үш сағатта аяқтанып кетеді, ал туғанына екі күн болған құралайды машинамен қуып жете алмайсыз.
Ақбөкендер өсімдіктердің 80-нен астам түрімен қоректенеді. Ақбөкен еті дәмді, мүйізі мен тұяғы құнды, әдемі терісі үшін ауланатын кәсіптік маңызы бар жануар. Мүйізінен пантокрин дәрісі алынады, тұяғын күйдіріп онын күлін денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шалдыққандарды емдеу үшін пайдаланады.
Қазақстанда ақбөкендерді аулауға тыйым салынған. Алайда пайдалы жануар болғандықтан, қазіргі таңда заңсыз аңшылықтың салдарынан әлемде тек Қазақстанның шөлейт аймақтары мен қалмақ даласында ғана кездесетін киіктер жойылып кету алдында тұр. Сондықтан даламыздың киесі, символы киелі киік жануарларын кейінгі ұрпаққа бірге сақтап қалайық!
Н.Кемалов,
Арал орман жануарлар дүниесінқорғау жөніндегі
мемлекеттік мекемесінің орман қорғау жөніндегі инженері

Фото: bilim-all.kz

13 желтоқсан 2022 ж. 418 0