Желтоқсан көтерілісінің ақиқаты
Желтоқсан көтерілісіне биыл отыз алты жыл толды. Азаттық жолында алаңға шығып, басын бәйгеге тіккен сол кездегі балаң жастар қазір арамызда жүр. Бүгінгі жас ұрпақ ұлт бостандығы үшін жан беріп,тәуелсіздікке қол жеткізген аға-әпкелердің есімін жадында жаттап өскені абзал. Жыл сайын желтоқсанның 16 жұлдызы осы оқиғада қыршын кеткен арыстарды еске алып, олардың ерлік істеріне тағзым ету баршамыздың парызымыз.
Тарихқа көз салсақ. 1986 жылы 16-17-18 желтоқсанда көптеген жастар Л.И.Брежнев атындағы алаңға жиналды. Олар 16 желтоқсанда болған Қазақстан Орталық Партия Комитетінің Пленумында бірінші хатшы болып сайланған Колбинге қарсы, Пленум шешімдерін өзгертуді талап етті. Қала жастарын осы көтеріліске қатысуға шақырып,5 мыңдай жастар бірнеше көшелермен жүріп үгіт жүргізді. Ол өз нәтижесін берді.
18 желтоқсанда алаңға 20 мыңдай жастар жиналды. Оларға қарсы Ташкент, Тбилиси, Мәскеуден саперлік күрекпен, қамшымен тағы басқа да қарулармен жабдықталған арнаулы әскерлерді дереу жеткізді. Жастарды тарату мақсатында20-25 градус аязда өрт сөндіретін машинамен көпшілікке су шашып, асқан қатыгездік танытты. Алаңға шыққан жастарды республиканың барлық қалаларының жастары қостап көтерілді.
Мыңдаған студенттер мен жұмысшыларды түрмеге отырғызды. Көпшілігін ұрып-соғып, қаланың сыртына апарып тастады. Біразы қашып кетіп өз туған ауылдарында ауруға шалдықты. Мезгілсіз өмірмен қош айтысты. Олардың тізімін ешкімде айта алмайды. Басында олар заң орындарынан қорқып айтпады. Мыңдаған студенттер оқудан шығарылды.
Деректерге сүйенсек, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне байланысты 99 адам сотталған. Ұлтшылдығы үшін, нәсілге бөлгендері үшін және көпшілікпен бірге тәртіпсіздікке қатысқандары үшін – 78 адам, әдейі кісі өлтіргені үшін екі адам, адам өлтіруге ұмтылғаны үшін 2 адам, ал басқалары әртүрлі қылмыс жасағандары үшін жазаға тартылыпты. Бостандықтан айырылғаны – 82 адам, өлім жазасына кесілген – 2 адам, 15-і шартты түрде сотталған.
Шеруге қатысқандарды қуып жіберу туралы арнаулы жоспар жасалған. Бұл жоспарға «Метель – 1986» деген код беріліпті. Ол ССР Ішкі істер министрлігінің 1985 жылғы 19 желтоқсанда берілген №0385 бұйрығына сәйкес жасалған.Қазақстанда бұл жоспар «Қазақ ССР Ішкі істер органдары және оған берілген қоғамдық тәртіпті қорғау және республикада, Алматыда жедел жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасайтын істің жоспары» деп аталыпты.
Бұл көтерілске қатысқан қарусыз жастарға қарсы қолданылған күштер бір ірі мемлекетпен соғысқа дайындалғаннан кем болмапты. Жазықсыз жазаланған патриоттардың 2-5 жылдай түрмеде отыруы қиянаттың қиянаты болды. Олардың жас өмірлеріне балта шабылды. Әр жыл түрмеде отырған кездері 10 жыл өмірінен айырғанмен тең болды. Кейіннен ақталып, бостандыққа шыққанмен көпшілігі өмірмен ерте қоштасты. Олардың көрген қорлықтарын деректерден оқығанда жаның түршігеді.
Осы қайғылы оқиғаға нүктені Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 1 желтоқсандағы «1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысқандары үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы» жарлығы қойды. Сөйтіп жазықсыз сотталғандар толығымен ақталып, істері қысқартылды.Бұл оңайлықпен болған жоқ. Осы істе аса керемет табандылық көрсетіп, күш-жігерін жұмсап, жан-тәнімен қызмет еткен халық ақыны Мұхтар Шахановтың еңбегі ерекше болды.
К.Махсұт