Қайсарлықтың ерен үлгісі

Міне, институт қабырғасында жүрген ол 3 курс оқып жүргенде елдің егемендігін аңсап, қазаққа елдің тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық сананы сезіне алатын басшы қажет деп 1986 жылы 16 желтоқсан күні орталық алаңға жиналған жастардың қатарында болды. Өзі қатарлы мыңдаған қазақ жастары сол күні тек республика басшысының жергілікті өкілден тағайындалуы ғана емес, сонымен қатар қазақ рухының кеңестік темір жүйенің бодандығынан азат етілу талабын қойды.
17 желтоқсан. Жастардың орталық алаңға жиналғанына екінші күн. Осы күнді Күмісбек әрі өкінішпен, әрі мақтанышпен еске алады. Кейіпкердің айтуынша, 17 желтоқсан күні Алматы қаласында тұратын туысқан ағасы жанашырлық танытып, оны үйіне шақырып алып, бөлмеге қамап, сыртын бекітіп қояды. Жас жігітті оқуынан шығып қалар деген қорқыныштан жасаған амалы ғой. Бірақ бойындағы қайсарлық Күмісбекті тыныш жатқызбай, алаңға тағы сүйреді. Дәл сол күндері жастардың елсүйгіштік қасиеті өзінің шарықтау деңгейіне жеткен еді. Сол сұрапыл сәттер туралы Күмісбек балаларына «Алаңға жастар тек бейбіт талаппен шықты. Бізді ұстап алып, зорлық-зомбылық көрсетті. Аяусыз жазалады. Сол бір желтоқсанның аязды күндерінде үстімізге суық су шашты, таспен атты. Ұстап апарған бойы аяусыз ұрып-соқты. Салқын түрмеде бірнеше күн бойы нәр татқызбай ұстады» деп айтады екен.
Оқиғаның бел ортасында жүрген Күмісбек ауыл шаруашылық институтынан оқудан шығарылды. Сот үкімімен бас бостандығынан айырылуы да мүмкін еді. Бірақ мемлекет қайраткері Мұхтар Шахановтың және туысқан ағасы Бағдаулеттің араласуымен туған жеріне, Аманөткел ауылына оралады. Ауылға келген соң көп ұзамай шаңырақ құрды. Төрт баланы өмірге әкелді. Балаларына ел қатарлы тәрбие берді. Дегенмен сол бір сұрапыл күндері алған жарақаты сыр берді. Жарақатының емін іздеп бармаған жері қалмады. 2005 жылдың 2 мамыры күні небәрі 41 жасында өр рухты азамат Күмісбек Тілегенов дүниеден өтті. Міне, желтоқсан көтерілісінің бір қаһарманының тағдыры осылай болды. Күмісбек айтқандай, алаңға бейбіт талаппен шыққан сол бір өрімдей қазақ жастары Кеңес Одағы сияқты мызғымастай көрінген алып империяның іргетасының сөгілуінің бастамашылары болғанын әрине сол кезде білмеді. Өр рухты осындай азаматтардың жыл өткен сайын келешек ұрпақ алдындағы абыройы арта берері ақиқат.
Талғат Тілеуқабылов,
Аманөткел ауылы