Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Желтоқсан салған жара

Желтоқсан салған жара

«16 желтоқсан күні таңертең жатақхана ішінде жуынуға шықсақ, айналадан айқай-шу естіліп жатыр . Сол күнгі күн реңі де қолайсыздау. Суық күндегі шуыл арасынан «Қонаевты орнынан алып, шеттен Колбин деген біреуді әкеліп қойыпты. Елден бір адамның табылмағаны ма?» деген жанайқай жаңғырықтанады. Байқасам – алаңға ағылған замандастарым. Мән-жайды білген соң біз де беттедік. Жаспыз ғой. Алаңға келгенде жиналған жастардың қарасы едәуір молайған. Бір таңғаларлығы, алаңда жиылған тек қазақтар ғана. Өзге ұлт өкілдері көзге шалынбайды. Бейбіт шеруге шыққандардың қолдарына көтерген «Ұлт саясатының лениндік принциптерін сақтауды талап етеміз!», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!», «Әр республикаға – өзінің басшысы!» деген мазмұнда ұрандар тасталды. Мұздай қаруланған солдаттар біздерді кейін қарай қуып тастайды. Іле-шала албырттықпен тағы алға қарай лықсыған кезімізде алаңды қоршаған милициялар мен солдаттар ызаланып дауыс көтеріп, лас сөздермен балағаттап, кері қуады. Ит қосып, өрт сөндіретін машинадан су шашты. Қыстың қытымырында денеге тиген су аязбен араласып, денені қариды. Сол көтерілісте талай жас құрбан болды, талай кеудеге жазылмас жара салды»
Кешеге дейін көз алдынан кетпеген осы көрініс әкемді үнемі күрсіндіретін. Тоталитарлық жүйе, сұрқай саясат. Қанша гүлді солдырған қатыгез жүйе. Бірақ рухы құламады қазақ жастарының. Керісінше, Отанға деген махаббат, өз ұлтына деген адалдық алып империяның өзін жықты. Қай¬сарлығы мен намысқойлығы бір басына жетерлік әкем Әбдіхамит Сермағанбетов теңдік сұраған сол бір студент¬тердің қатарында бірге болғанын біз, ұрпағы мақтаныш етеміз. Қарапайым ғана ауыл баласының Алматыға жетелеген арманы оны осындай ұлы оқиғамен жолықтырды.Әкем 1963 жылдың желтоқсанында дүниеге келген. Әжем Әмиша төрт қыздан кейін көрген ұлы болған соң оны ерекше жақсы көріпті. Желтоқсанның 24-інде туса да, құжатқа екі күн кейін жаздырыпты. Онысы – әскерге барса да, кеш барсын дегені. Соғыс көрген қарт кеуде әскери адамнан әбден зәрезап болған. «Соңғы көйлегімді сатсам да, мұны әскерге жібермеспін» дейді екен қиындыққа қимай. Алайда тағдыр әз анаға жалғыз баласының қызығын көруді жазбапты. Әкем 9-сыныпта жүргенде анасы дүниеден озды.
Әкем мектептен соң Арал қаласындағы наубайханада қарапайым жұмысшы болып жүргенде, көп уақыт өтпей әскерге шақырту келеді. Азаматтық борышын өтеген соң, арман жетегінде Алматыға аттанады. Бойындағы өнерін одан әрі шыңдау еді ойы. Театр және көркемсурет институтының суретші-дизайнер факультетіне түседі. Арада зырлап бір жыл өте шықты. Жанымен қалаған оқуын бітірер ме еді, егер де 1986 жылғы қазақ халқының өміріндегі ұлы оқиға – желтоқсан көтерілісі болмағанда. Желтоқсан көтерілісі табан астындағы бас көтеру емес, ол ұзақ жылдар бойы халықтың әкімшілік-әміршілік жүйеге деген наласының, ұлтты, қазақ тілін менсінбеушілік сияқты өктем саясатқа деген қарсылығы еді. Тіл демекші, сол кезде оқу орнында сабақ тек орыс тілінде өтетінін айтатын әкем. «Айтар ойыңды орыс тілінде жеткізе алмай, сабақ оқуда қатты қиналатынбыз. Неге топтағы 3-4 басқа ұлт өкілі үшін орысша оқуымыз керек, неге Қазақстанда тұрып қазақ тілінде оқымаймыз, неге қоғамдық орындарда орысша сөйлеуіміз керек деген сұрақтар санада сайрап тұратын. Осындай сан сауал менің ғана емес, барша қазақ жастарының да көкейінде жүргені көтеріліс кезінде анық аңғарылды. Жатақханалар әскердің бақылауына алынды. Билік бәрі нашақорлар мен маскүнемдердің әрекеті деп сендіргісі келді. Қасымдағы студенттермен сөйлескенімде бәріміздің де талап-тілегіміз бір екенін түсіндім» – деп ағынан жарылатын.
Алаңға атойлап шыққан талай студент оқуынан шы¬ға¬рылды, тергеп-тексерілді, қудаланды. Желтоқсан оқи¬ға¬сынан кейінгі кезеңде ел ішінде қандай мазасыз тірлік басталғаны көпке мәлім. Сол қыспаққа алынғандардың қатарында әкем де бар еді. Ақыры оқуынан шығарылып, ауылға қайтты. Алайда рухын аласартпаған әкем туған жерде де ел қатарлы еңбек етті. Жұртының аузына ілінген мақтаулы азамат болды. Жыл сайын желтоқсан оқиғасы аталатын күні мектеп оқушылары ортаға алып, сол бір қасіретті күндер жөнінде әңгіме тыңдайтын. Желтоқсан рухын жас ұрпақтың бойына сіңіруден жалыққан емес. Өмірінің соңына дейін Тоқабай ауылдық клубында меңгерушілік қызмет атқарып, ауыл мәдениетінің өркендеуіне үлес қосты. Бос тұрған дүкен ғимаратын ауыл әкімшілігімен біріге отырып, клубқа бейімдеп, сахнасына дейін өз қолымен безендірді. Ауылдың өнерлі жастарын аудан, облыс сахналарына шығуына көмектесті. Әкем өмірден озса да, кеудемізде ұлтқа, Отанға деген сүйіспеншілік отын тұтатып кетті. Өзінен өрбіген төрт ұрпақ әке тәрбиесінен қуат алып, өмірден өз орнын тапты.
Нұрбану МҰХАНОВА
16 желтоқсан 2019 ж. 1 109 0