Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Байтақ елдің бағы – Елбасы

Байтақ елдің бағы – Елбасы

Қалың қазақтың қамын күйттеп, келешегі үшін қолынан келгенін аямай, бүгінгі күнге жеткізген Елбасының ерен ерлігі мен сындарлы саясаты бүгінде Отанымызға тыныштық, жерімізге құт қондырып, ырыс ұялатты. Еркін елде өскен ұрпақтың әрбірі мұны мақтанышпен айтып жүруі тиіс. Алмағайып заманның аласапыран тұсында ат төбеліндей елін тұтас ұғым саналатын тәуелсіздікке жетелеген Елбасыдай тұлғаның есімі қазақ тарихында мәңгі жазылып қалмақ. Бүгінде Елбасы жасаған ерліктің, білдірген қолдаудың нәтижесі Қазақстанның әрбір өңірінде айқын аңғарылады. Қаншалықты құрмет білдірсек те жарасады. Сол құрметтің белгісі болған 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні де бүгінде дәстүрлі түрде жыл сайын аталып өтіледі. Бұл жолы де мерекелік кешке арналған «Отаным – Қазақ елі» атты мерекелік кеш шымылдық түрді.
А. БИСЕНОВ

Аудандық мәдениет үйіне мерекелік көңіл-күймен жиылғандардың қарасы қалың. Ерекше безендірілген сахна мен әсем әуеннің ой елітер сазы мерекелік кешке ерекше әсер сыйлап тұр. Салтанатты мерекелік шарада алдымен Арал ауданының әкімі М.Оразбаев сөз алып, тілегін жеткізді. – Құрметті ағайын, қадірлі жерлестер! Сіздерді 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ қоғамы үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылында жасалған таңдау түбегейлі өзгерістердің бастауы болды. Ел сенімін арқалаған Елбасы Қазақстанның іргесін қалап, шекарасын бекітті, төрткүл дүниеге танымал етті. Қос құрлықтың арасындағы көкжиегіне көз жетпес кеңістікке ие болып қалған жас мемлекетті айналасы аз жылда байрағы биік байтақ елге айналдырды. Тұңғыш Президентіміз туған халқын замананың сан алуан сынынан аман алып шығып, биікке бастап берді. Қазақстан – бүгін іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік мемлекет. Расында, тәуелсіздік туы желбіреген 28 жылда орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік. Мен 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында баршаңыздың отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Еліміздің болашағы баянды, келешегі кемел, бірлігіміз берекелі, татулығымыз берік болғай, – деп сөзін түйіндеді. Мұнан соң аудан басшысы мереке қарсаңында «Nur Otan» партиясының қатарына жаңадан қабылданған бір топ ел азаматтарына жетекші партия билеттерін табыстады. Сондай-ақ аудан экономикасының дамуына, жетістігін еселеуде түрлі сала бойынша еңбек етіп жатқан қызметкерлерді «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының Алғыс хатымен марапаттады. Естелік суретке түсті, барша марапат алған қызметкерлерді құттықтады. Көпшілік көңілін көтеріп, мерекелік кештің сәнін келтірген аудан өнерпаздары мұнан әрі өздерінің концерттік бағдарламаларын жиылғандар назарына ұсынды.
30 қараша 2019 ж. 731 0