Азаттықты аңсаған аралдықтар
1991 жылғы еліміз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен ел атанып, көк байрағын желбіретті. Алаш жұрты әлемдік қауымдастықтан өз орнын ойып тұрып алды. Тәуелсіздік жолында қаншама буын алдыңғы ұрпақ қан төгіп, сан мәрте ұлт-азаттық көтерілістерін жасап, өзінің рухының мықтылығын көрсеткен еді. Қазақтың қайсар ұлт екенін, кім көрінгенге кеуде бастыра бермейтінін дәйектеп, бүкіл КСРО-ны дүр сілкіндіріп, тоталитарлық режимнің үстемдігіне қасқая қарсы шығып, темір бұғауды тепсініп тұрып бұзуға ұмтылған жастардың 1986 жылғы ұлы дала еліндегі Желтоқсан көтерілісі әлемдік тарихта өзінің зор маңызын әлдеқашан айқындаған.
Желтоқсан көтерілісі – ХХ ғасырдағы ең ұлы оқиғалардың бірі. Бұл дүмпу сол бір уақыттағы мызғымастай көрінетін Кеңес үкіметінің тоталитарлық-коммунистік жүйесінің күйреуінің бастаушысы болды. Ол – алып империя үстемдігінің алдында көзі жәутеңдеп, бағынышты, жалынышты болып келген көптеген елдерге тәуелсіздік үшін күресуді ұқтырған үлкен саяси-әлеуметтік құбылыс еді. Иә, Желтоқсан көтерілісі – Қазақ елінің орыс отаршылдығына қарсы 300 жыл бойы күрескен тарихының соңғы нүктесі.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасы ауа алып империя – Кеңес Одағы экономикалық және саяси дағдарыстардың ортасында тұрды. Іріп-шіри бастаған қоғамды барлық жағынан – экономикалық және рухани негізін, әлеуметтік өмірін, саяси құрылымын жаңарту қажеттілігі туындады. Сонымен қатар Кеңес Одағының құрамындағы ұлттық республикаларда Мәскеудің озбырлық саясатына қарсы наразылықтар біліне бастады. Орталықтың жүргізіп отырған "интернационализм" саясатының шын мәнінде ұсақ ұлттарды, олардың ана тілі мен тіл мәдениетін құртуға бағытталғаны айқындала түсті. Демагогикалық ұрандарды жамылып, тек орыс ұлтының қамын ойлайтыны белгілі болды. Осындай себептерден де коммунистік партияның жаңадан болған бас хатшысы М.Горбачев кеңестік империяны толық қамти бастаған жарылыстың алдын алу үшін саяси бағытқа өзгеріс енгізе бастады. Демократияландыру ретінде түсіндірілетін "қайта құру", "жариялылық", "жеделдету" бағыты жарияланды. Бұл белгілі мөлшерде халықтардың ұлттық сана-сезімінің қайта өрлеуіне ықпал етті.
Қазақ елі өзгерістерге үлкен үмітпен қарады. Отаршылдық бұғауынан босайтынына сенді. Алайда 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғалары қоғамдық өмірдің барлық жақтарын демократияландыру идеясы сол күйінше қиял болып қалғандығын көрсетті.
1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің пленумында Д.Қонаев қызметінен босатылды. Қазақстанға жаңа басшылыққа Г.Колбин деген жіберілді. Желтоқсандағы бас көтеруге тікелей себеп, бұрын республикаға беймәлім партия қызметкерінің бірінші хатшы болып тағайындалуы ғана емес еді. Қазақстанда ұлттық, саяси, әлеуметтік және экономикалық түйінді мәселелер қордаланып қалған болатын. Ел тағдырына Орталықтың астамшылықпен қарауы қазақ халқының абыройына, оның ұлттық сана-сезіміне нұқсан келтіріп, халықтың партияға сенімін азайтып, наразылығын тудырды. 1986 жылғы 17 желтоқсанда студент және жұмысшы жастар Алматының көшелеріне шықты. Бейбіт толқуды басуға Мәскеу басшылық жасады. Алматыға тек өзінің өкілдерін ғана емес, әскер мен милицияны, өрт сөндіру бөлімшелерін жіберді. Олар митингіге шыққандарды жауыздықпен аяусыз ұрып-соғып, барынша қорлады. 17-18 желтоқсандағы қайғылы оқиғалардың барысында бірнеше адам қаза тауып, көптеген адамдар жарақат алды. Бейбіт шеруді қуып-таратқаны жөніндегі хабар бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Республиканың көптеген қалаларында жастардың бас көтеруі болды. Олар да басып-жаншылды.
Халықтың бас көтеруді басып тастағаннан кейін елде қатаң жазалау шаралары жүргізілді. Қылмысты делініп 99 адам сотталды. Олардың ішінде Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзағұл Әбдіқұлов ату жазасына кесілді. М.Әбдіқұлов Арал қаласындағы №14, №15 мектептерде оқыған жерлесіміз. Кейін ату жазасы 15 жылға ауыстырылып, ел тәуелсіздік алған соң ақталып шыққан. Алматының өзінде 264 адам жоғарғы оқу орындарынан шығарылған. 758 адам комсомолдың, 52 адам партияның қатарынан қуылды. Бірнеше мың адам комсомолдық, партиялық сөгіс алды. Ішкі істер органдарынан 1200 адам босатылды. Жоғарғы оқу орнының 12 ректоры басшылықтан ығыстырылды.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі республикада үлкен ішкі ұлттық және әлеуметтік қарама-қайшылықтар бар екенін көрсетті. Бұл бас көтеру 70 жыл бойы мызғымай келген кеңестік жүйенің зәре-құтын ұшырды. Және күндерінің таяу екендігін білдірді.
Азаттықты, әділдікті аңсаған қазақ жастарының осынау бас көтеруіне айдынды Аралдың арман қуып, жасампаз болашағын мұрат тұтып, үлкен қалаларға білім іздеп, кәсіп іздеп барған өрімдей ұл-қыздарының да сол намыстылар қатарынан табылуына әсер етті. Желтоқсаншы аралдықтардың сол сұрапыл көтерілісте алдыңғы лекте болғанын тарихи деректерден бүгінде көріп-біліп отырмыз, кітаптарда, баспасөз беттерінде талай мәрте мақалалар жарияланды. Алматыдағы орталық алаңда студент жастар қолдарына ұстап шыққан бірсыпыра лозунгтарды сол кездегі Алматы құрылыс техникумы жатақханасында жап-жас аралдық жігіттер Нұрсұлтан Тәженов, Қайрат Мукаримов, Мұрат Сержановтың жазғанын біреу білсе, біреу білмес.
Кеңес өкіметі Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың бәрін қатыгездікпен аяусыз жазалады. Мемлекеттік құрылысқа қарсы деген атақты "65-баппен" Еламан Әбдіреев 4 жылға, Асқарабай Бекбосынов екі жарым жылға кесіліп, тар қапасқа қамалды. Кейін екеуі де ақталып, қуғын-сүргін құрбаны мәртебесін алған.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқан тағдырлы жігіттердің бірі – Асқар Сұлтамұратов. Ол – Шижаға ауылының тумасы, Алматы энергетика институтында оқыған, оқуда да, қоғамдық өмірде де белсенділігімен көзге түскен. Желтоқсан күндері милицияның қолына түсіп, азапты күндерді өткізген. Оны тергеу барысында ұрып-соққан, жарақаты ауыр болған. Желтоқсаншыларды қаралау кезінде ол туралы "Ленинская смена" (ЛКСМ-ның республикалық органы) газетінде "На мутной волне" деген мақала басылған. Ізіне шам алып түскендер ақыры оны институт, комсомол қатарынан шығарып тынды. Басынан өткен ауыр кезеңдер негізінде Асқар "Желтоқсан көтерілісі" атты роман жазуға талаптанған. Алайда тар қапастардағы азаптаулар тәні мен жанына жазылмас жара салып, бастаған дүниесі аяқсыз қалған. Қоғамнан шеттетілу зардаптарын көп тартқан намысшыл азамат кейін Ақтөбе университетінің тарих факультетін бітіргенімен, толық мәнде еңбек етуіне денсаулығы мүмкіндік бермеген.
Көтеріліс кезінде алаңдағы арнайы жасақшылардың қолынан соққы жеп, түрмелерге қамалып, азапты сәттер өткізіп, оқуларынан шығарылған Әбдіхамит Сермағамбетов (Алматы театр және өнер институты), Күмісбек Тілегенов (Қазақ ауыл шаруашылығы институты), Бибізада Әбішева (Алматы энерго-байланыс техникумы), Айдархан Ахметов (Алматы малдәрігерлік-зоотехникалық институты), Гүлсара Бұхарбаева (Құрманғазы атындағы консерватория), Әмірхан Ашықбаев (Алматы политехникалық институты), Оңталап Жетесов (Алматы малдәрігерлік-зоотехникалық институты) – қазағым деген қайсар перзенттер болатын. Жас жанға түскен ауыртпалық олардың денсаулығына зақым келтіріп, өмірден ерте кетуге мәжбүр еткен. Ал енді біреулері сол бір сәттер жанын жараласа да, егемен еліміздің бүгінгі еңселі азаматтары боп жүр.
Желтоқсанда орталық алаңда болып, ұлтым деп ұран салған, кеңестік өктем биліктің жағасына жармасқан, мұздай қаруланған арнайы әскерлерден ығыспаған жерлестеріміз Ислам Жұбанов, Оңдасын Жалғасбаев, Берік Бөкешов, Серік Серәлиев, Сұлтан Елубаев, Сәрсенбай Себенов, Батырбек Сәтекеев, Рақым Айназаров, Хамза Қуатов, сондай-ақ жігіттермен иық тіресе елдіктің туын көтерген батыл қаракөздеріміз Сарагүл Ермекбаева, Нұрсәуле Кенжебаева, Ләззат Сейілханова, Гүлнар Ысқақова, Әлия Сәрсенбаева туған жерінде еселі еңбек етуде. Жаңа дәуірдің жасампаздары болатын ұрпақтарын өсіріп, түтіні түзу ұшқан шаңырақтарында жайлы өмір сүруде. Кешегі қаһармандығымен көзге түскен оларды жыл сайын Тәуелсіздік күні жас ұрпақ ортаға алып, өнегелі әңгімелерін тыңдап, ерлікке толы ғұмырларын үлгі етіп келеді.
Қазақта "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" деген даналық сөз бар. Сол айтқандай, Желтоқсанның ызғарлы желін көріп, "Менің Қазақстанымды" әлемге естірте өрлікпен шырқаған өр мінезді өжет қыз-жігіттеріміздің бәрі де ауданымызға белгілі азаматтардың отбасында тәрбиеленіп өскендігін көріп отырмыз. Олар ауданымызға белгілі тұлғалар – Шамыран Ахметов, Жақсылық Жетесов, Әбсамат Кенжебаев, Ізатулла Сұлтамұратов, Мұқан Сермағамбетов, Диас Нұржанов, Әбдіқадыр Тәжібаев, Рахметулла Серәлиев, Октябрь Сейілханов, Өтемұрат Айназаров секілді сала саңлақтары еді. Жоғарыдан келген айыптау хаттарға байланысты жиналыстарға түсіп, олар да саналары сансыраған кездер болғаны бұл күнде жасырын емес. Ұрпағы үшін қамыққан кездері болған.
Алматыда басталған Желтоқсан көтерілісі көптеген қалаларда да дүмпулер, толқулар тудырып жатты. Шерушіл жастардың сапында Қарағандыда Жарылқасын Ешниязов, Жезқазғанда Серік Жаңабаевпен бірге көптеген аралдық өрендердің болғаны мәлім.
Бүкіл қазақ жастарының намысын қайраған желтоқсанда ондаған жас жерлестеріміз елдік пен ерліктің қайталанбас сәттерін көрсетіп, кеңестік режимнің жойылуына өз үлестерін қосты. Қыстың қарлы аязында жастықтың отын жалындатып, қызыл қандары ақ қардың үстінде мәңгілік күрескерліктің, арда азаткерліктің мөріндей болып қалған еді. Батыл жүректі ұл-қыздар тәрбиелеп, білім берген аудан білім ұяларының ұстаздарына мың алғыс!
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында: " Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек" деп жазған еді.
Иә, азаттық жолындағы ерлік даңқы ешқашан өшпейді. Туған өңіріміздің мақтаныштарына айналған аралдық желтоқсаншылар қандай да бір құрметке лайық. Олардың алдында, олардың намыс пен жігерге толы ерлігінің алдында бас иеміз. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы, Мәңгілік Ел боп мемлекетіміздің мызғымай, ғасырлар көшінде салтанат құрып тұруы – біздің әрқайсымыздың Отанға деген сөнбес сүйіспеншілігіміздің, жанқиярлық ерлігіміз бен еңбегіміздің жемісі.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі