Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер ақылсыз болса...

Ер ақылсыз болса...

Терезеден түскен күн сәулесі шаңқай түстің болғанынан хабар берді. Медет күн көзінен жасырынып, көрпесін бүркемелеген күйі алаңсыз түнгі ұйқысын жалғастырды. Тек анасының:
– Осы саған қашан ақыл кірер екен-а, түні бойы қаңғырасың келіп, кешке дейін ұйқы, ана әйеліңді аямайсың ба? Байғұс емізулі баласын тастап жұмыс істеп жүр. Сенікі таусылмайтын ұйқы, – деген айқайы ғана оның басын көтертті.
– Ой, апа, қойшы болды. Жұмыс жоқ болса не істеймін енді. Мен жұмыстан қашып жатырмын ба? – деп ұйқысын аша алмаған күйі есіней отырып өз уәжін айтып әлек.
Медет орда бұзар отыз жастан асты. Анасы Фатима жалғыз ұлын бетінен қақпай еркін өсірді. Бар тәтті, дәмдісін осының аузына тосты. Мектеп бітірген соң Медет оқуға түсе алмай қалды. Бірақ анасы өзі мектепте аспаз бола жүріп, ұлын ақылы негізде оқуға түсірді. Күндіз мектептегі жұмысы, түні бойы үйде жіп иіріп, жүн шұлық тоқиды. Кейде тойларға тапсырыс қабылдап, ас әзірлейтін еді. Медеттің әкесі жетінші сыныпта оқып жүргенде бақилық болған. Марқұм Биғали аға өте білімді, парасатты жан еді. Өмірінің соңына дейін мектепте тарих пәнінен сабақ берді. Бүкіл ұжымдастары құрмет тұтатын.
Бірақ жалғыз ұлдары Медет бұларға тартпады. Кейде анасы өзімнің кінәм деп ызаланып, бар кінәні өзінен іздеп жатады. Медет Алматыда жақсы жоғары оқу орнына заң мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Оны да қатырып оқығаны шамалы. Төрт жыл анасының ақшасын шашып, шалқып өмір сүрді. Тіпті оқудан да шығып қала жаздады. Фатима апа көз жасын көлдетіп басшылыққа өтініш айтып жүріп әзер дегенде қалдырған-ды. Оқуды бітірген соң да Медет қаланың қызығын қимай жүрді. Жұмысқа орналасты. Бірақ әрі кетсе үш күннен аспайтын. Әр түрлі сылтау айтып, небір жұмыстардан шығып кетті. Ақыры болмаған соң, Фатима апа ауылға алдырды. Ауылға келген соң тіпті кер жалқауға айналды. Күні бойы достарымен қыдырып, түні бойы ұйықтайтынды шығарды. Анасынан ақша сұрап тілемсектеніп отырғаны. Бермеймін десе, «кетемін, сен мені осында алып келген» деп шамданып шығады. Құлағым тыныш болсын деген ана байғұс сұрағанын беріп, тыныш табатын. Сөйтіп жүріп Гүлнұрды кездестірді. Қарапайым отбасында өскен қыз бастапқыда Медеттің ақкөңіл, қалжыңбас мінезіне арбалып, ақырында ұнатып қалды. Осылай Медет үйленемін деп шешім қабылдады. Мұны естіген Фатима апайдың қуаныштан жүрегі жарылардай болды. Отбасын құрып, шаңырағын тіктесе балалығы басылып, жауапкершілік жүгін сезінер деп ойлады іштей. Бірақ мұның бәрі ананың көңіл алданышы еді. Медет үйленген соң да өзгерген жоқ. Жұмыс жоқ. Азаннан кешке дейін телефон шұқылап күн өткізіп өмір өтіп жатыр. Фатима анасы зейнетке шығарда мектеп басшысына өтініш айтып, келіні Гүлнұрды еден жуушы етіп жұмысқа қойды. Содан бергі тірлік осы. Үй де сол баяғы қалпы. Әкесі салып кеткен үлкен үй жөндеу жұмысын көрмегелі қашан. Бұған бас ауыртып жатқан Медет жоқ. Ұйқысы қанық. Тамағы тоқ. Ең бастысы, телефонның бірлігі мен қуаты бітіп қалмаса болғаны.
– Түнімен тағы қайда барып келдің. Не, ішіп келгенсің бе? Сен осы ақшаны қайдан тауып жатсың-а?
– Қойшы апа, қайдағыны айтпашы, кім айтты ішті деп тағы анау ма шағымданып кеткен. Қазір келсін осыдан, – деп шытынап кетті.
– Тәйт, не деп тұрсың. Гүлнұрға не өкпең бар осы сенің. Қайта оған рақмет айт.
– Не үшін? Апа, қойшы соны әспеттей бермей.
– Сен сияқты кер жалқауға мен болсам бір күн де шыдамас едім. Ол байғұс болса сенің бар мінезіңе шыдап, өзі жұмыс істеп, мына балалардың кір қоңы, тамағы – бәрін үлгертіп отыр.
– Өй, қойшы. Әйел адам бәріне үлгеру керек. Ерінің сөзінен шықпау керек. Шариғатта солай айтылған.
– Ой, шіркін-ай! Шариғатта не еркек үйде жұмыс істемей жатсын деп жазылып па?
– Не болды, менің жұмыссыз екенімді бетіме басып қоймайсыз. Мен жұмыстан қашып жүрмін бе, жоқ жұмыс. Өл дейсің бе маған?!– деп отырған орнынан шамданып атып тұрды. Оның жекірген дауысынан бесікте жатқан ұлы шошынып, шырқырап жылай түсті.
– Мына бір баланың да аузы жабылмайды екен. Неменеге жылай береді-әй.
Осылай аласапыран болып жатқанда Гүлнұр да келді. Ашулы тұрған Медет бар ашуымен әйеліне шүйлікті. Ештеңені түсінбей қалған Гүлнұр абдырап қалды.
– Мама, не болып жатыр? Мынаған не болған, аманшылық па?
– Ой, қайтесің күндегі әні ғой. Жұмыс тап десем, соған шамданып жатыр ғой. Бұл қашан адам болар екен. Бәрінен бұрын саған қиын болатын болды, қызым-ау. Мені қашанғы жүрер дейсің, төрімнен көрім жақын отырмын. Медеттің түрі мынау. Ақыл тоқтатып, адам болатын түрі жоқ, – деп көз жасын сығып алды.
Гүлнұр енесінің ішкі мұңын аналық жүрегімен сезгендей болды. Ол адам арқа сүйер азаматым болар деп таңдаған ерінің өз мойнына масыл болып, жалқау болып шығарын ойламаған еді. Кейде іштей өкініш те болатын. Бірақ балаларына қарап шүкіршілік ететін. Енесіне қолдау болайын деді ме, қайдам:
– Қойшы апа, қайтесіз. Мейлі жұмыс істемесе істемесін. Қасымызда қалқайып аман жүрсе болар, –деп жұбатты.
Бірақ іштей бар ауыр жүктің өзіне артылып отырғандығын сезінді. Кейде осынау сүрлеуі көп тірліктен баз кешіп кететін келіншек ер адамның тапқан табысының берекелі боларын түсінді. Бірақ мұны Медет те түсінсе екен. Ол сол күйі өзінің мақұл деп тапқан өмірін сүріп жатты...
Н. БАҚЫРАН
27 желтоқсан 2022 ж. 311 0