Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дүние кезек

Дүние кезек

Автобустың терезесінен сыртқа көз тастап отырған Жанар ішіндегі ауыр мұңнан құтылғысы келгендей ойы мен назарын өзгеге аударуға тырысты. Бірақ қанша қашса да ішкі күйзелісі мен болашағы оны бей- жай қалдырмады. Кілт тоқтаған автобус оның ойын бұзды. Бірақ жанарын сол күйі сыртқы көріністен айырған жоқ. Кенет аялдама жанынан бұрыла берген келіншек оған таныс болып көрінді. Иә, бұл баяғы Шынар ғой. Қанша жыл арада өтіп кетсе де, оның оң жақ бетіндегі тыртық ізі сол күйі қалған екен. Дереу есікке тұра жүгірген Жанар жылжып бара жатқан автобусты бар дауысымен тоқтатты.

– Шынар! – деп дауыстады Жанар. Өзіне қарата айтылған дауыс таныс болды ма, Шынар артына жылдам бұрылды. Екеуі бір-біріне қарап ұзақ тұрды. Тіпті 20 жылдан кейінгі кездесуде ескі таныстар өздерін қалай ұстау керек екендігін білмеді. Өткен күндер олар үшін келмеске кетсе де, санада жаңғырған естеліктер осы сәтте бәрін қайта еске салды.
– Жанар... бұл сен бе?
Иә, Жанарды бұл кезде тану оңай емес-ті. Бұрын ешкімге ырық бермес мінезді, әрі кескін-келбеті келіскен, барды киіп, барды ішіп жүрген ерке қыздың бүгінгі түрі мүлде басқа еді. Жүдеу тартқан жүзінен әжімнің іздері байқала бастаған. Үстіндегі киімі де тым жұпыны. Өзінің осы келбетінен ұялды ма, Жанар да сәл ыңғайсызданып:
– Танымай тұрсың ба? Иә, Жанармын ғой,– деді. Бұлар бір-біріне жақын барып құшақтасты. Сонан соң Шынар:
– Қайдан таниын, арада қаншама жыл өтті. Сен де, мен де өзгердік. Жүр,мынау жақын маңдағы кафеге барып әңгімелесейік, – деді.
Шынар алып келген кафенің қалтасы "қалыңдар" ғана тамақтанатын орын екендігі байқалып тұр. Жанар жан-жағына қарап таңғалды. Бұларға арнайы келген даяшы да Шынарды жақсы танитын сияқты. Екеуінің әңгімесі жарасып, тапсырыс беріп жатыр. Жанар алдында тұрған мәзірге көз тастап еді, ішіндегі тамақтың бағаларын көріп, тіпті абдырап қалды.
– Шынар, мынау жер қымбат екен. Кеттік, басқа жерге барайық
– Қойшы, мен тапсырыс беріп қойдым. Еш уайымдама, сені мен сыйлаймын. Бүгін менің қонағым боласың. Бұл – менің жолдасымның кафесі.
– Рас па? Сонда бұл сенің кафең бе?! – деп таңғалған Жанар айналасына тағы да көз тастады. Бұл жолы бәрін мұқият сүзгіден өткізіп шықты.
– Менікі деп айта алмаймын. Өйткені жолдасымның тірлігіне көп араласа бермеймін. Өзімнің сұлулық салоным бар. Жеке балабақша ашқам. Мұнда тек қонақ ретінде ғана келіп тұрамын.
– Шынар, мұның бәріне...
– Таңғалып отырсың ба? Баяғы дымы жоқ тақыр кедей. Сенің әкеңнің жалшысының қызы осындай болып кетеді деп ойламаған шығарсың.
Жанар үнсіз қалды. Иә, ол сол сәтте Шынар айтып отырған сөздерді ойлап тұрған еді.
Бұлар бір ауылда тұрды. Жанардың әкесі ауылда мал бағатын қожалығы бар, бақуатты тұратын. Содан да болар, Жанар бала кезден жоқшылық дегеннің не екенін білмей өсті. Өзі Байманның төрт ұлдан кейін өмірге келген жалғыз қызы болатын. Сондықтан оған бәрі мейірімін төгіп, төбелеріне көтеріп бағып-қақты.
Ал Шынардың әкесі Төребай осы Байманның малын бағатын жалшысы еді. Өзі бір аңқылдаған, ақкөңіл жан болса да, дүниесі жетіспеген сорлы болды. Шынардың анасы да жиі сырқаттанып қалатын. Жастайынан жоқшылықпен қатар үйдің барлық тіршілігін көріп өскен Шынардың бала күні айтарлықтай қызықты өткен жоқ. Бала болып ойын ойнап, тіпті жаңа киім де киіп көрмеген. Ылғи да осы Жанардың қалған киімдерін киетін. Ал Жанар болса оны бүкіл сыныптастарына айтып, Шынарды қорлайтын. Қанша ызаланса да, Шынардың басқа амалы жоқ еді. Ауру анасын бағып, үйдің тірлігін жасап, сабағына да үлгеретін Шынардың жақсы оқып, өз тұлғасын қалыптастырып, осы жоқшылықтан құтылу ең басты мақсаты болды. Әкесінің байлығына сенген Жанардың оқумен шаруасы болған жоқ. Бірақ ешқандай мұғалім оған "үштік" баға қоймайтын-ды.
Осылай күндер өтіп жатты. Бұлар бойжетіп, мектепті де бітірді. Бұл кезде Шынардың анасы өмірден озған. Әкесі мен ағасы ғана бар. Мектеп бітірген соң оқу оқуға қалаға кетпекші болды. Жақындары оған еш қарсылық білдірген жоқ. Жанар да оқуды әупірімдеп жүріп аяқтаса да, жоғары оқу орнына түспек еді.

Назерке МАРАТҚЫЗЫ
23 шілде 2021 ж. 582 0