Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кездесу мен қоштасу

Кездесу мен қоштасу

Жанар мүлдем жаратылысы бөлек қыз еді. Өзіме сай келмейтінін біле тұра, неге ойыма түсіп кете береді. Пендешілікке салынып көп жағдайда адамды сыртынан бағалаймыз. Осындай сараң ойларға салынған Мұрат таң атпаса екен деп жатып ұйықтап кетті. Баянсыз үміттің белгісіндей, бір сарынмен өтіп жатқан күндердің тағы бір таңы атты. Бетін күн сәулесі қытықтаған Мұрат әдеттегідей көздерін ашуға ерінген қалпы керіле біраз жатты. Қолдарын тағы бір көтеріп тастай бергенде, телефоны шыр ете қалды. Тұтқаның ар жағындағы қуанышты дауыс иесі – інісі Дархан еді.

– Аға, қалайсыз, әлі тұрмағансыздар ма, анам қайда, неге телефонын көтермейді? – деп сұрақты үсті-үстіне қоя бастады. Даусынан асығыс екені байқалады.
– Тұтқаны анама берші, – деп еш нәрсені ашып айтпады. Анасы тұтқаны ала сала жылап жіберді. Жаңағы қуанышты дауыс қайда кетті?
– Е, балам, оң болсын. Арғы күні ме?  Ағаңа өзім түсіндіріп айтамын, – деді де, үстелге отыра сала «Құдайға шүкір, мың да бір рақмет» деп алғысын жаудыра бастады. Бұл көктен келген қуанышты хабар Дарханның келін әкелуі еді. Ағасы Мұраттың алдын кесіп өтуге ұялып, анасынан сүйінші сұрағаны ғой.
Қиналып тұрған Мұрат жоқ. Керісінше, құлағы тынышталады. Күнделікті «үйдің үлкенісің, үйлен» деген бір сарынды әңгімелерден құтылатын болды.
Мұрат керегін үнемі көп күш жұмсамай-ақ оп-оңай уысына түсіре қоятын. Ауылдағы талай қыздың арманы болған Мұрат өзіне не немесе кім керек екенін білмейтін де. Қыз атаулыға жаны құмар жігіт талай қыздың тамырын басып, жүрегіне жол тапқан да болатын.
Сол күні Жанарға желіде Мұрат Жаңабаев достық жіберді. Ең бірінші суретін қарайтын әдетімен бір шарлап шықты. Сымбаты келіскен жігіт Жанарға бұрыннан ұнайтын. Сол күннен бастап Мұрат оның сырласына айналған желідегі жалғыз жұбанышы еді. Өте қызықты, қызды баурар әңгімелер жазып, Жанардың көңілін аулай берді. Желідегі таныстық жеті айға созылды. Жанардың ақылдылығы, қызға тән қылығы Мұратқа қатты ұнады. Мұрат желіге кірмей, не жазбай қалса, елегізіп іздейтінді шығарды. Бірақ оның бәрі уақытша алданыш еді...
Мұрат тым жақсы жан болып көріне бастады. Тіпті өзге жігіттер сияқты Жанарға не суретіңді жібер деп, не нөміріңді бер деп мазалай қоймады. Себебі Мұрат желіде жағынуды ойлағанымен, өмірде көңілі өзге қыздарда. Көп қыдыратын, машина толы достары мен қыздар, онымен қоса көшені жаңғыртар музыка даусы тағы бар. Осы өмірі ұнаған Мұрат үйленуді еш ойламайтын.
Түн сезімге толы сырлы хаттар, толассыз қоңыраулар болып өтіп жатты. Екеудің телефон арқылы болашаққа құрған жоспарлары көп-ақ еді.
Алғаш рет Жанар Мұратқа оңаша кездесуге түнде шыққан еді. Ішінен «Дәл қазір алдап кеткенімді анам білсе не ойлайды, масқара, құрбыммен шығамын демей-ақ, шындықты айтуым керек еді» деп ойлаумен болды. Екеуі бір-бірін көрген кезде біраз үнсіз тұрды. Көлікпен қыдырыстап біршама ұзап кеткенін аңдамай қалды. Орталықтағы бір үйдің маңына келіп тоқтап, Мұрат қалтасынан кілт алып:
– Жүр, ішке кірейік! – деді. Мұндайды күтпеген Жанар абдырап қалды.
–  Неге? Кімнің үйі?
– Жалдадым. Екеумізге...Оңаша сырласамыз дегендей...
– Есің дұрыс па? Не ойлағаның бар?
– Жанар, сен сонда мені кім көріп тұрсың? Не мен саған бөтенмін бе? Қойшы жаным, жүр одан да іште сөйлесейік.
Жанар иығындағы Мұраттың қолын жұлқып тастап, бетінен шапалақпен тартып кеп жіберді. Мұраттың бетінде түнгі аспанды тіліп өткен найзағайдай өрт пайда болғандай еді. Жанардың әдемі көздері шытынап, ашуға булығып, тым қорқынышты болып көрінді. Әрі қарай тұра беруге шыдамаған қыз үйіне дейін такси ұстауға жүгіре жөнелді.
Жоқ. Елестетудің өзі қорқынышты. Оны ренжітіп алдым. Қалайда кешірім сұрауым керек. Біразға дейін кірпігі ілінбей, әлеуметтік желіні шарлап шығуды жөн көрді.
Ал Мұрат бетіне тиген алғашқы шапалақты алғанына намыстанбай, керісінше ренжіген іспетті, желіден Жанарды өшіріп тастады. Бірақ түнімен қызды еш ойламаймын десе де көз алдына елестей берді. Әлде қасына келіп тұрған қызды уысынан шығарып алғанына шын қынжылды ма? Әлде өзіне беріліп тұрған мүмкіндікті оңай жібере салғанына ызалы ма?
Мұрат зырғыған уақытта қанша қыздың кеткенінің санын да білмейді-ау. Қанша қызды көрді, қаншасымен де жүрді, бірақ неге көз алдына бір рет қана көрген Жанар елестей береді? Неге өзге қыздардан Жанардың бойындағы қылықты іздейді? Ол қыз өзі қалағандай емес қой. Соңғы үлгіде киінбейді, тіпті боянбайды, онда неге жүрегі Жанарды іздей береді? Бірақ әлі де бір рет болсын Жанардан кешірім сұраған емес. Қоңырау шалады-ау.  Осылай қызды жай ғана ойлап жүріп бес айды да артқа тастады.
Жанарды еш ұмыта алмады. Соңғы рет қоңырау шалуға оқталса да, көзбе-көз кешірім сұраймын деп дайындалып жүрді. Арғы күні Жанардың туған күні екенін әлеуметтік желі Мұраттың есіне салуды да ұмытпады. Міне, нағыз оңтайлы «кешірім сұрайтын» уақыт. Сол туған күнінде гүлмен барып кешірім сұрап, мүмкін татуласармын деп сақина мен қонжық ойыншық алуды да ұмытпады. Соңғы күндері тіпті уақыт өтпей қалғандай.
Сол күн де келді. Өмірінде қолына гүл ұстамаған Мұрат тіпті ұялып тұрған жоқ. Керісінше, Жанарды қайта жолықтыратынына қуанды. Машинасын тазалап, Жанардың мекенжайына қарай асықты. Есік қоңырауын қақты. Анасы есікті ашты. Мұратты танымаса да, қолындағы сыйлықтарынан Жанарды құттықтай келген досы болар деп төр ұсынды. Мұрат ішке кірді. Жанарды іздеп, жан-жағына қарады. Анасы Мұратқа қарап «бүгін қызым үшін қос қуаныш» деп сезімін жасырмады.
Мұрат күтпеген жауапқа не айтарын білмей қалды. Қызық сезім. Бір көріп Жанарды ұнатып, қайта жолықтырам дегенінде, мәңгіге жоғалтып алды. Ештеңе деместен қыздың анасымен қоштасып, шығып кетті. Көлігінің жылдамдығын шамадан тыс арттырып келеді. Көзінен жас шығып жыламаса да, неге жүрегі ауырып келеді? Бәрінің тым кеш екенін түсінді. Үйінің алды толған көліктер. Мұрат еш түсінбей үйге кірді. Үйде лық толы адамдар. Арғы күні үйленем деген інісі келін әкеліп жатыр. Әрине қуанды. Інісін құшақтап құттықтады. Дархан ағасына «жұғысты болсын» деп қолынан қысып қояды. Інісі Мұратты сүйреп, келін отырған бөлмеге әкелді. Орамалын көтеріп, төмен қарап тұрған қыз жоғалтқан Жанары екенін көргенде, Мұрат үнсіз қалды.  Өмірінде шынайы жақсы көрген адамы қасында болса да, тым алыс еді...

09 қыркүйек 2020 ж. 963 0