Бейбіт өмірдің қадірін ұғындырған ескерткіш

Ұрпақ болашағы, ұлт тағдыры талқыға түскен сәтте халқымыздың байсалдылығы, береке-бірлігі мен ел басшылығының батыл да жауапты қадамдары арқылы елдігіміз сақталып, тұрақтылығымыз қалыпқа келді.
Осынау "қасіретті қаңтар" оқиғасын ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында қалдыруды мақсат еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Тағзым" мемориалын орнатуға ықпал етті.
Президент жиналғандар алдында осы шараның еліміз үшін айрықша маңызы зор екенін айта келе: "Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Тіпті, «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің арқасында қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз», – деген еді.
Бұл қазақстандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаеваның авторлығымен орнатылған ескерткіш сол кезеңдегі дүрбелең мен үрейді, құрбан болғандар мен адам шығынын бейнелей отырып, сонымен бірге тұрақтылық пен дамуға ұмтылысты, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді. Сондай-ақ әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған. Бұл сындарлы шақтан сабақ алу және оның қайталануына жол бермеу үшін қажет.
К. МАХСҰТ