Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзекті мәселе оң шешімін тапты

Өзекті мәселе оң шешімін тапты

Шалғай ауылдардағы шешуі күрделі мәселелер әр жылдары кезең-кезеңімен оң нәтижеге қол жеткізіп келеді. Мұндай істің басында халық үніне құлақ түріп отырған депутаттар мен әкімдердің еңбегі ерек. Осындай халық көптен қозғау салып, Бекбауыл ауылдық округі тұрғындарын көптен толғандырып жүрген ШЖҚ «Табиғат» МКК-ның теңгеріміндегі Басықара каналының 326 пикеті тұсынан автокөлік өткелін салу мәселесі еді.Аталған мәселе оң шешімін тапты.
– Бекбауыл ауылдық округі аудан орталығы Арал қаласынан 120 шақырым қашықтықта Қазалы ауданымен шекаралас аумақта орналасқан. Бұған дейін бұл мәселе тұрғындардың аудан әкімімен және депутаттарменкездесуінде де көтерілген болатын. Жолаушылар аталған каналдың жиегімен (борт) 3 шақырымдай айналма жол жүретіндіктен, жауын-шашын мезгілдерінде көліктерінің каналға құлау қаупі жоғары болғандықтан ауыл тұрғындары арасында алаңдаушылық тудырып келді. Тіпті бір-екі жол-көлік оқиғасыда орын алған. Мен ауыл халқымен кездескен сәтте осы мәселе айтылды. Аудан әкіміне депутаттық сауал ретінде жолдадым. Осылайша халыққа қиындық тудырған көпір мәселесі де шешімін табуда, – дейді осы істің атқарылуына мұрындық болып жүрген аудандық мәслихат депутаты Батыржан Ұзақов.
Оның айтуынша, аудан әкімі Серік Сағитжанұлы дер кезінде қолдау білдіріп, өткелге қажетті вагон-платформа қарастырып, шешіп берген. Сол 2 вагон-платформаны өткелге әкеліп орнатуға қажетті техника жағынанБатыржан Жансерікұлы да демеушілік жасап, Басықара каналының 326 пикеті Борлы маңы тұсына жеткізуге атсалысқан.
Бекбауыл ауылдық округі Қазалы ауданымен шекаралас аумақта орналасқан. Ауыл халқының негізгі күнделікті тауар тұтыну, кәсіпкерлердің сауда айналымы тіршілігі 25 шақырым жақын орналасқан Қазалы ауданы, Әйтеке би кентімен тығыз қарым-қатынаста қалыптасқан. Қазіргі таңда күнделікті Бекбауыл және Құмбазар ауылдарынан және тұрғындардың жеке автокөліктері Басықара каналының 326 пикеті тұсында көпір болмағандықтан каналды 3 шақырым айналып қатынап келді.
– Көпірдің қажеттілігі бұрыннан айтылып жүр. Әр іс сәтіне қарай демей ме? Міне, бұл жаңалық бекбауылдықтарға қуаныш сыйлады. Өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Сондайда айналма жолдың азабын тартып-ақ жүрдік. Оқыс оқиғаларға тап болғандар да бар. Осындай қарапайым халықтың қиналысын түсініп, көпір салу мәселесін шешіп берген аудан басшысы мен депутат Батыржан Жансерікұлына, өзге де осы істің шешілуіне мұрындық болып жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін,– дейді ауыл тұрғыны Рашит Қосанов.
Көптеген жылдан бері жолдың қауіптілігі туралы жоғары орындарға ұсыныстар көптеп айтылған болатын. Осы орайда тұрғындардың тілегі мен қауіпсіздігін ескеріп, жүйелі түрде жағдай жасап, ауыл мен қала арасына жеңіл әрі қауіпсіз қатынас жасауға осылайша мүмкіндік берілмек.


Н. БАҚЫРАДИН 
05 қаңтар 2023 ж. 310 0