Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тегін дәрі-дәрмек – әжептәуір көмек

Тегін дәрі-дәрмек – әжептәуір көмек

Бұл өмірде жұмыр басты пенденің алдында не күтіп тұрғаны белгісіз. Күтпеген жағдайдың қай жақтан кезігерін білмейсіз. Бірі қуанышымен бөліссе, енді бірі тағдырдың теперішіне ұшырап, денсаулығы сыр беріп, қиындыққа душар болуы мүмкін. Десек те ауруға шалдыққандарға қолұшын ¬созуды мемлекетіміз ұмыт қалдырған емес. Соған сәйкес жыл сайын мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп, тегін дәрі-дәрмек таратылады.Елімізде, оның ішінде ауданда тегін дәрі-дәрмек алуға мұқтаж жандар қатары аз емес. Әйтсе де, сол тегін дәрі-дәрмек кімге және қалай беріледі? Осы сауал төңірегінде сала маманына сауалымызды жолдаған едік.
Елімізде белгіленген санат бойынша кейбір азаматтар тегін медициналық көмек алып, дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі. Нақты диагнозы бойынша дәрілерді тегін және жеңілдікпен алуға мүмкіндігі бар.
– Тегін дәрі-дәрмектермен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 23 қазан 2020 жылғы №149/2020 бұйрығына сәйкес, диспансерлік есепке алынған назалогиялар бойынша динамикалық бақылауды қажет ететін тұрғындарға және Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекеленген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 5 тамыз 2021 жылғы №75 бұйрығына сәйкес қамтамасыз етіледі.
Тегін дәрі-дәрмекті алу үшін әрбір дені сау азамат жылына 1 рет профилактикалық тексеруден және скринингтен өтіп, ағзаларында қандай да бір ауытқулар болған жағдайда, әрі қарай толық тексеріліп, ҚР ДСМ №149 бұйрығына сәйкес, диспансерлік бақылауға алынуы тиісті. Диспансерлік бақылаудағы әрбір тұрғын ҚР ДСМ №149 бұйрығы бойынша жылына 1 немесе 2 рет динамикалық бақылауда болуы тиісті. Тар буынды мамандар кеңесімен дәрі-дәрмектері коррекция жасалып тұру қажет,– дейді Арал ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің бастапқы медициналық санитариялық көмек жөніндегі орынбасары Лаура Әділбаева.
Дәрігердің айтуынша, тегін дәрі-дәрмектер алу үшін, өзі бекітілген емхана бойынша жалпы тәжірибелік дәрігері қабылдауына жазылып және қабылдауда болуы қажет. Дәрі-дәрмектерді ай сайын әрбір азамат өзі барып алуға тиісті. Өткен жылы 12930 ересек адамдар мен 18 жасқа дейінгі 5516 жасөспірім тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліпті.
– Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен бекітілген "тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі" шеңберінде диспансерлік есепте тұратын науқастарға, әсіресе, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті секілді аурулар бойынша тегін дәрілер берілуде. Сонымен бірге МӘМС арқылы да ересектер мен балалардағы жоғарғы тыныс жолының қабынуы, пневмония, анемия секілді бірқатар ауруларға тегін дәрілер қарастырылған, – дейді дәрігер Лаура Жанысқызы.
Ал дәрілік препараттарға көбіне қандай ауруға шалдыққандар мұқтаждық танытатыны жөнінде дәрігер Л.Әділбаева:
– Ауданда тегін дәрі таратылатын науқастар саны жыл сайын артып келеді. Оның көпшілігі балалар. Оларға қан аздығы, тыныс алу жолдары, қант диабеті, ана мен бала қобдишасы, нәресте тағамы беріледі. Ал диспансерлік есептегі ересектер буын артриті, өкпе, қолқаның созылмалы ауруы, бронх демікпесі, жүрек ишемиясы, артериалды гипертензия, қан аздық, диффузды зоб, асқазан жарасы, бүйрек аурулары, онкологиялық, туберкулезге шалдыққандар тегін дəріні тұрақты түрде алып отыр, – деді.
Оны қалай алуға болады?
Ең біріншіден, емделуші тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға тіркеуде тұруы тиіс. Және диспансерлік есепке тұрып, учаскелік дәрігерге уақытымен қаралуы керек. Дәрігер айына бір рет тегін дәріге рецепт жазып береді. Емделуші тек бұйрықпен бекітілген дәрі-дәрмектерді ғана тегін ала алады.
Дәрі бағасы шарықтаған уақытта емханалар тарапынан берілетін тегін дәрілер талай жанға әжептәуір көмек болары сөзсіз. Мәселен, қала тұрғыны, Абай ауылдық емханасының қызмет алушысы О.Сабақова жүрек ауруына байланысты тегін дәріні тұрақты түрде алып келеді.
– Науқастарға ай сайын берілетін дәріні уақытылы алып отырмын. Расында үкіметтен берілетін көмектен құр қалғым келмейді. Сондықтан мемлекет жасаған қамқорлықты назарға алып, тұрақты алып отырғанның ешқандай айыбы жоқ. Осы ретте дертіне шипа іздеген науқастарға қол ұшын созып отыратын жандарға алғысымды білдіремін, – деді.
К. МАХСҰТ
10 қаңтар 2023 ж. 504 0