Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал сойып, табақ тарту да өнер

Мал сойып, табақ тарту да өнер

Жұмыстан қол босағанда көлік тізгіндеп, қаланы аралайтыным бар-ды. Сол әдет бойынша қала ішінде жүріп, досымның үйіне аялдадым. Гараж жақтан әлдебір құрылғының даусы естіледі. Есікті ашсам досым қайраққа пышағын салып жатыр. Бұл әрекетінен мал сойғалы жатқанын ұғынғандай едім. Сол-ақ екен мені көрген оның жүзі жадырап:
– Ассалаумағалейкүм, дәл уақытында келдің, досым. Анау тұрған жандықты сою керек еді, көмегің керек, – демесі бар ма.
– Уағалейкүмассалам, жарайды, көмектесейін, – дедім.
Сонымен не керек, қорада тұрған тұсақты (қойдың жасына қарай аталуы) жығып, құбылаға бұрып әлекпін. Досымның қолындағы пышағы әлі түспеген. Тіпті қолындағы шағын қайрақпен қайта-қайта қайрап әлек. Бұл әрекетін ерсі көрген мен пышақты соятын малдың көзінше қайрауға болмайтындығын айттым. Себебін сұрайды. Нақты неге екенін қайдам, бірақ бұрын аталарымыз солай деп үнемі ескертіп отыратын.
«Қай уақытта болмасын мал соятын болсаңдар пышақ, суларыңды үйден дайындап шығыңдар. Міндетті түрде дәрет алыңдар» деп өз атам жиі айтып отырушы еді. Сол сөздері санама сіңіп қалғандықтан ба, өзім де солай етемін.
Сонымен не керек, көршім екеулеп әлгі қойды сойып болдық. Келіншегі келіп, ішек-қарнын тазалап жатыр. Мен етті үйіне кіргізген соң бас үйітуге кірістім. Қазіргі кезде тек басты ғана үйітетін болған секілді. Сирақтарды әлгі көршім керексіз етіп, қоқысқа тастай салды. Оған жұмысымның жеңілдегенін байқап пәлендей ештеңе дей қоймадым. Бас үйітіп жатсам, көршім тағы қасыма келіп:
–Тағы сенің көмегің керек болды. Басты үйітіп болған соң дереу үйге кірші. Қазанға ет салуымыз керек еді. Неден бастарымды, қандай жіліктерді саларымды білмей тұрмын. Келген қонақтардың арасында үлкен кісілер бар. Іштей сынап кетіп жүрер, – деп маған қолқа салмасы бар ма?!
Алайда ол жұмысты мен де білмейді екенмін. Қазанның басына араласпағандықтан ба, жарытып ештеңе дей алмадым. Шындығында, біз осы сынды күнделікті тұрмыста кезігіп жататын жұмыстарға неге немқұрайлы қараймыз?! Кейде менің мал союды білсем де, тамақ салу мен табақ тартуды білмегенім қалай деп ойланатын кездерім жиі болады. Бірақ көбіне құнт қыла бермейді екенмін. Бір көкемнен «аға, осы қазіргі жастардың арасында табақ жасауды білетіндер бар ма?» десем, ол кісі «жастарды былай қойғанда, мен де білмеймін, шырағым» деп қысқа қайырды. Кейде сондай жағдайларға жиі кезігіп жатқан сәттерде үйреніп алармын деймін де, артынша ұмыт қалдырамын. Қысқасы, айтарлықтай құнт болмайды. Ауыл баласы болсақ та осыған келгенде осалдаумыз.
Бізге мұндай жұмыстарды үнемі үйретіп отыратын аға буынның да халі анау. Бұрынғы аталарымыз алдына тартылған үлкен ас арқылы сол үйдің күйеу баласының немесе ұлының қандай екеніне баға беріп отырған ғой. Тіпті, малды сойғанда оның жіліктеуіне қарап-ақ мінін немесе мақтауын айтып отыратын болған. Ал қазіргі қонақта мұндай пікір мүлдем жоқ деуге болады. Оларға жеп отырған асы тамақтан өтсе болды. Басқасында шаруалары шамалы. Гу-гу әңгімелерін соғады да, көппен бірге беттерін бір сипап, сыртқа атып шығады. Міне, сондықтан мұндай кедергіге кезікпеген қазіргі жас ондай отбасылық істерге аса құнт қылмайтындай сезіледі маған.
Біз қалай айтсақ та, қазіргі жас қазақы құндылықтардан ажырап бара жатыр. Мал соймақ түгілі, нан турай білмейтін жас ұлдар бар қазір. Олар үшін пышақ қайрау да әжептәуір жұмыс. Оларға қазіргі ғаламтордың тілін айтсаңыз сізден көмек сұрамайды. Есесіне, іс жүзінде жүзеге асырылатын жұмыстарды жасауға жоқ. Кейде біз бара-бара үйге қонақ жайлау үшін де адам жалдайтын жағдайға жететін шығармыз. Бұлай майдаланып кететіндей нендей қысымға ұшырадық екен?! Әлде, ғаламтор көрмеді, есіріп жүрмеді деген қазіргі аға буыннан ақыл кетті ме?! Біз негізі дәл қазіргі уақытта өсіп келе жатқан ұрпаққа көп нәрсе үйретуіміз керек. Әйтпесе, өзгенің қаңсығын таңсық көретін жастардың не болса соған еріп кетері анық. Ал ол үшін қазірден бастап өзімізді өзгеге үлгі ете білгеніміз жөн шығар. Әр жерлерде жастармен жұмыс жасайтын ұйымдар от басы, ошақ қасындағы рухани құндылықтарды қазіргі жастың бойына сіңіре білумен айналысуы керек. Қажет болса, біз көтерген мәселені арнайы сайыс ретінде ұйымдастырып, оның қорытындысы бойынша қазақы баланы қазіргі ақпараттық технологияның мүмкіндіктері арқылы атын ауданға, қажет болса облыс, республикалық деңгейге шығару керек. Қысқасы, қазақы құндылықтарды дәріптеу үшін бізге біреу үлгі болуы керек. Сонда ғана, соған ұқсағысы келгендер қазаққа керек құндылықтарды қаперінде ұстайтын болады деп ойлаймыз.
А.ҚАРАСАЙ
10 қаңтар 2023 ж. 462 0