Әжімінде даналық, даралық бар...

аузын бағып отырмыз. Анам екі келініне қарап әңгімесін қайта жалғады. «Қарап отырсақ, ағайын арасындағы келіспеушіліктің себебі – әйелдің бір ауыз сөзі. Араздықты ушықтырған – көреалмаушылық, қызғаншақтық. Егер ұйытқы дұрыс болса, не нәрсе де ажырамайды, шашырамайды. Сондықтан келіндерім, сендерге бұл шағын әңгіме үлкен сабақ болсын. Ешқашан бір-бірлеріңді жамандамаңдар, кесір тигізбеңдер. Қайта ұйытып, бір болуға талпыныңдар, қарақтарым. Еркектің басын төрге де, көрге де сүйрейтін өздерің» деді...
Сол күнгі әңгімені келіндері жадына мықтап орнатқан. Анам сексен жасына қараған шағында бұл өмірмен мәңгілікке қоштасты. Ақылын үнемі аңызбен, ғибратты әңгімемен мысал ететін анамның дәмді әңгімелері санамызда сайрап жатыр әлі. Бұрынғы мен қазіргі адам пиғылын салыстырып отыратын еді апам. Әсіресе «кешегінің келіндері...» деп басталатын көп әңгімесі. Ол кезде баласын кемпірдің көзінше ұстамайтын еді дейді. Біз де ене алдында солай болғанбыз деп еске алатын.
«Тұңғышымды босанып, емізіп, еміреніп отырған едім» деп бастады бірде анам. «Сол кезде енем есіктен кіріп келді. Жас келінмін ғой. Қорықтым ба, әлде сыйластығым ба білмеймін, әйтеуір, құндақтаулы баланы жерге лақтырғандай орнымнан тұра сала сыртқа шығып кеткенім бар. Қарап отырсам, бала атасы мен әжесіне ғана тиесілі көрінетін сол кездерде. Басқа адамға, тіпті мына бізге ұстауға, жақсы көруге мүлде болмайтындай еді. Сөйтіп салмақтасам, бұл үлкенге, ата-анаға құрметтің көрінісі екен ғой» дейді. Оның осындай даналығына таңданамын. Өркениетке жеттік деген мына біздерге бұның бәрін ескінің қалдығындай – елестетеміз. Алайда астарында қандай өсиет, қаншама өнеге жатыр. Қазақ – басынан өткенін әңгіме, көргенін өсиет қылған халық. Тіпті түйгенін екі ауыз сөзге сыйдырып, мақал етіпті. Апам бір-біріне ұқсамайтын сан мың мақалды айтқанда, қазақтың осы бір даналығы, сөз зергерлігі апаммен бірге ере кеткендей көрініп тұрады.
«Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деп көп айтты соңғы шақтарында. Сырыңды ешкімге айтпа, адамның ойы ішінде болады, оның не ойлап тұрғанын білу қиын дейтін. Қыс мезігілінде түскі ауысымда оқығандықтан, сабақ уақыты кеш аяқталып, қараңғы ерте түсетін. Ауылда қайтар жолда көше иттері көп еді. Сонда иттен тасаланып, үлкен адам жолықса, үйге жетіп қалуға тырысатынбыз. Анам неге кештеткенімізді сұрайды, біз себебін түсіндіреміз. Сонда апамның айтатыны: «Итті байлап ұстауға болады, қорықпандар. Сосын үріп-үріп қояды. Қорқатын нәрсе ол емес, адамның итінен сақтасын» дейтін. Анамды сағынғанда есіме осы естеліктер еріксіз ойыма оралады.
Қазір қанат қатайып, өмірден өз орнымызды таптық. Халықпен тығыз жұмыс жасайтын мекемеде маман боп қызмет атқарамыз. Түрлі жастағы тұтынушылар келеді. Оның ішінде қариялар да бар. Алайда кейбірі «айналайын, балам» деп бір ауыз жылы сөз айтуға жарамай тұрады. Керісінше, немересіндей баланы балағаттаудан тайынбайды. Сондай шақта апамды, сол заманның адамдарын сағынамын.
“Өзен суға жарасқан
Қамысы мен қоғасы.
Кәрияға жарасқан
Аузындағы тобасы» дейтін еді-ау апам.
Несібелі ФАЙЗУЛЛАЕВА