Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Созылмалы аурулары бар адамдар нені білуі қажет?

Созылмалы аурулары бар адамдар нені білуі қажет?

Созылмалы аурулары бар азаматтар өздеріне қажетті медициналық көмектің көрсетілетіндігін және учаскелік немесе бейінді дәрігердің жүйелі бақылауында болуы керек екендіктерін  білулері тиіс. Созылмалы аурулары бар пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтер қолжетімді. Бұл туралы біздің тілшімізге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов айтып берді.
Созылмалы аурулар дегеніміз не?
Созылмалы аурулар - бұл ұзақ уақытқа созылатын аурулар болып табылады, оларды бақылауға болады, бірақ көп жағдайда оны толық емдеу мүмкін емес. Медициналық тұрғыдан дәл және қажетті емдеулер қолданылған кезде аталған аурулардың  өршу ықтималдығын азайтуға болады.
Созылмалы аурулардың ықтимал түрлері:  жұқпалы және паразиттік аурулар, қан айналымы жүйесінің аурулары, қан және гемопоэтикалық аурулар, тыныс алу, ас қорыту, тірек-қимыл жүйесі және дәнекер тіндерінің аурулары, эндокриндік жүйе, тамақтану және метаболикалық бұзылулар, жүйке жүйесі, несеп-жыныс жүйе аурулары, туа біткен ауытқулар.
Динамикалық бақылау қандай мағынаны білдіреді?
Созылмалы аурулары бар пациенттерге динамикалық бақылау қарастырылған. Яғни,  науқастың  денсаулығының жай-күйін жүйелі түрде бақылап отыру  және оған белгілі бір кезеңділікпен қажетті медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Динамикалық бақылау созылмалы аурудың өршуіне жол бермеу мақсатында  жасалады, егер өршу орын алған жағдайда, уақытында қажетті медициналық көмек көрсету қажет.
Динамикалық бақылауға мыналар кіреді:
  • учаскелік дәрігердің мерзімді қабылдауы;
  • бейінді мамандардың кеңестері;
  • диагностикалық және зертханалық зерттеулер.
Созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылау мерзімі реттеліп отырады. Олардың кейбіреулері созылмалы аурудан айыққанша ғана, ал кейбірі өмір бойы дәрігердің бақылауында болады.
Созылмалы ауруы бар науқастардың барлығына да динамикалық бақылау жасалады ма?
Пациенттің динамикалық бақылау шеңберінде медициналық қызметті алуы үшін ондағы созылмалы ауруды анықтап, осы пациенттің деректерін Диспансерлік науқастардың электрондық тіркеліміне енгізу қажет.
Тіркелген жері бойынша динамикалық бақылау үшін есепке қою келесі құжаттардың бірі бойынша жүргізіледі:
- учаскелік дәрігердің қорытындысы;
- бейінді маманның консультациялық қорытындысы;
- стационарлық науқастың медициналық картасынан үзінді көшірме.
Дәрігер науқасты қаншалықты жиі тексеруі қажет?
Мамандардың қабылдау және зерттеулерден өтудің жиілігі науқастың ауруына немесе жағдайына байланысты болып келеді. Мысалы, кейбір созылмалы аурулардың түрі бойынша мейірбикенің тексерулері 1-3 ай аралығында 1 рет, учаскелік дәрігердің тексеруі – 3-6 айда 1 рет, бейінді маманның тексеруі – жылына 1 рет жүргізіледі. Пациент мерзімді түрде созылмалы ауруына байланысты қажетті сынақтардан, диагностикалық тексеруден өтіп отыруы тиіс. Бұл пациенттің жағдайын бақылау, диспансерлік топты анықтау, сонымен қатар, емдеу курсын түзетіп отыру үшін қажет.
Пациенттерді қайда және кім бақылайды?
Созылмалы аурулары бар пациенттер тіркелген жері бойынша емханада да, мамандандырылған консультациялық-диагностикалық орталықтарда да бақылауда болады. Бұл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің № 149 бұйрығында айқындалған (сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000021513).
Созылмалы аурулардың 25 тобы тіркелген жері бойынша емханада, яғни учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Аталған медициналық қызметтер ТМККК пакетіне кіреді және оларды МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі жоқ адамдардың да пайдалану мүмкіндігі бар.
Екінші топ - бұл консультациялық-диагностикалық орталықтарда ТМККК шеңберінде, яғни бюджет есебінен бақыланатын 37 түрлі әлеуметтік маңызы бар аурулар. Бұларға байланысты медициналық көмекті де  сақтандыру мәртебесі жоқ адамдарың алу мүмкіндігі бар.
ТМККК және МӘМС шеңберіндегі консультативтік орталықтарда тағы 80 түрлі ауру мен жағдайлар бақыланады. Яғни, осы аурулар мен жағдайлар бойынша динамикалық бақылау жүргізу үшін пациенттің МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болуы қажет.
Аурулардың толық тізімімен жоғарыда аталған бұйрықтан танысуға болады.
Созылмалы аурулары бар адамдарға тегін дәрі-дәрмектер тиесілі ме?
Динамикалық есепте тұрған пациенттерге тегін дәрі-дәрмектер қарастырылған, олар емханада медициналық көрсеткіштер бойынша беріледі. Ол үшін өзіңіздің учаскелік дәрігеріңіз жазған рецепті алып, жеке куәлігіңізді көрсету арқылы  дәріханадан, емханадан қажетті дәрі-дәрмектерді ала аласыз.
Ауруыңыз бойынша өзіңізге тиесілі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы толығырақ Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау министрлігінің  №75 бұйрығында танысуға болады.
Егер сізде медициналық көмек алуға байланысты сұрақтар туындайтын болса, сіз өз емханаңыздағы Пациентті қолдау қызметіне хабарласа аласыз. Сондай-ақ, Қорға ресми кері байланыс арналары арқылы өтініш бере аласыз:1406 байланыс орталығы, "Qoldau 24/7" мобильді қосымшасы, Қордың www.fms.kz сайты, Telegram-дағы Saqtandyry-bot.

Фото: baq.kz
10 қаңтар 2023 ж. 357 0