Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлік жасаған оқушы

Көлік жасаған оқушы

Жыл сайын 17 қаңтарда бүкіл әлемде өнертапқыш балалар күні аталып өтеді. Бұл күні америкалық мемлекеттік қайраткер, дипломат, ғалым, журналист Бенджамин Франклин туған. Ол 12 жасында алғашқы жұмысы – жүзгенде қолға киетін құрылғы ойлап тапқан. Жыл сайын 500 мыңнан астам бала мен жасөспірім түрлі гаджет пен ойын тауып, роботтар мен техника жасап шығарады.Бұл көрсеткіш дүние жүзі бойынша алынған статистиканың мәліметі. Білім мен ғылымның дамуына аса көңіл бөліп, бүгінгі технология салтанат құрған қоғамда кедергісіз білім алудың қаншалықты маңызды екенін сезініп келе жатқан мемлекетімізде де өнерге, жаңалыққа құштар балалардың қатары артып келеді. Олардың қатарында тіпті жаһанды елең еткізер туындыларды ойлап тапқан қазақстандық оқушылар бар.
Мәселен, әлем назары ауған ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Қазбек Тоқтаровтың күн батареясымен жұмыс істейтін "Ақылды киіз үй" туындысы барша қазақты дүние жүзіне паш еткен болатын. Сондай-ақ 2013 жылы Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған №10 мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Хәкім Садуақас «ЛАМАБАТЭЛ» атты мобильді аппарат ойлап тапты. Медициналық құрылғы диагностика мен терапияда төрт түрлі қызмет атқарады: лазеротерапия, магнитотерапия, биологиялық белсенді нүктелерді табу мен электромассаж. Құрылғы электр қуатымен де, аккумулятормен де, қарапайым батареямен де жұмыс істейді. Сонымен қатар дәл осы жылы тіпті Айды зерттеуге арналған зертхана ойлап тапқан да оқушы болды. Қостанай облысы Новотроицк ауылының кішкентай тұрғыны Олег Лило "Ай" атты зертхана жасады. Сегіз жасар ғалымның айтуынша, Айдың бетіндегі жағдайды анық көруге болады. Құрылғының камерасы, лазері бар. Олегтің жаңалығы Астанада өткен ғылыми-техникалық форумда "Аэроғарыштық техника, авиация және ғарыш ісі" номинациясы бойынша бірінші орын алған. Сондай-ақ "зағиптарға арналған робот", бұлшық ет арқылы қуаттайтын құрылғы, тұмауға және аллергияға қарсы емдік дәрі де ойлап тапқан оқушылар бар.
Ал ауданымызда осы бағытта қандай жұмыс істеліп жатыр? Мектеп қабырғасында жүріп, жетістікке жеткен шәкірттер жайлы не айта аламыз? Осы сауалға тоқтала өтсек.
Әлбетте, бірінші кезекте қатарластарынан оза шауып, өзінің білімін, бейімін анық аңғартқан №262 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы, өнертапқыш жас Аралбек Жанысбеков еске түседі.
" Innofest Qyzyzlorda" облыстық инновациялық жобалар фестивалінің SMART CITY секциясында Аралбек аралдық өрендердің абыройын асқақ етті. Былтыр "Innofest Qyzyzlorda" фестивалінде бір тәулік бұрын берілген тапсырма аясында өзінің ұшқыр ойын, тың идеясын жүзеге асыру мақсатында "Күн көлігі" жобасын көпшілікке таныстырып, жүлделі І орынды жеңіп алып, 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды.
Бұл жобаның ерекшелігі мынада. Арнайы төтенше жағдай көлігіне арналған Күн көлігінде қарастырылған функция өте көп. Мәселен, энергияны тек аккумулятордан ғана емес, күннің көзін өздігінен іздеп тауып, содан алған энергия арқылы жұмыс жасай береді. Бұл біз айтып отырған тек бір ғана артықшылық. Мұнан бөлек көптеген мүмкіндікке қол жеткізуге болатын арнайы жоба баршаның көңілінен шыққан.
Жыл сайын осы байқауда өзінің тапқырлығын мойындатып келе жатқан Аралбек осыған дейін де бірнеше рет жүлделі орынға ие болып, 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа да қол жеткізген болатын.
Білімді шәкірт тәрбиелеп жүрген Аралбектің жетекшісі, осы мектептің мұғалімі Бауыржан Жолмырзаевпен сөйлескенімізде талапты шәкірттің өзге де қырларымен таныс болдық.
– Ол өте білімді бала. Бесінші сыныпқа келгеннен бастап бірге жұмыс істедік. Алғырлығы, өзінің ойлау деңгейі мен қиялы шексіз. Таланты тасып тұрған шәкіртке қолдау беру ұстаздың міндеті ғой. Бойындағы дарынды ары қарай дамыту үшін жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруді әлі күнге тоқтатқан емеспін. Аралбек те талапты бала. Өз бетінше жұмыс жасауға ұмтылып отырады. Мәселен, 8 сыныпта жүріп, көліктің моторын өзі жинаған еді. Бұл тіпті қаншама жылдар бойы көлік басқарып жүрген жүргізушілердің қолынан келмейтін дүние. Жалпы, Аралбектің арманы көп. Алдағы жоспарларын да жасырмай, ашылып айтады. Дегенмен жаңалықтарды уақытында айтқан дұрыс шығар. Жетістікке жетудің жолын анық білетін шәкіртімнің болашағынан зор үміт күтемін, – дейді жетекшісі. Сөз арасында өзінің ерекшелігінің нәтижесінде "Ұлы дала қырандары" атты кітаптан да Аралбектің орын алғанын айта кетті.
Қоғам бір орында тұрмайды. Сондықтан біз үшін де алға қарай жылжып, ағысына ілесуіміз керек. Деректерге сүйенер болсақ, Жапонияда әрбір оқушы мектеп бітірер алдында өздерінің әзірлеген жобасын көрсетіп, соны таныстыру қажет екен. Сонысымен болар, бүгінде әлемнің көшбасшы елдері қатарында көрініп келеді. Тәуелсіз Қазақстанды да тың идеяларымен жаһанға танымал ететін жастарымыздан біз де зор үміт күтеміз.
О. ЖОЛДАСОВ
17 қаңтар 2023 ж. 372 0