Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандық оқушы ойлап тапқан өнертабысы үшін 5 мың доллар ұтып алды

Қазақстандық оқушы ойлап тапқан өнертабысы үшін 5 мың доллар ұтып алды

Якутск қаласында өткен I халықаралық зияткерлік  ойындар өз мәресіне жетті. «Yakutsk International Science Fair» атты оқушылар арасында өткен Халықаралық ғылыми-конференция байқауында қазақстандық оқушы гран-приді жеңіп алды.

Бұл туралы Саха Республикасы Ұлттық кеңесінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
14 шілдеде Якутск қаласының «Триумф» спорттық дайындау орталығында I Халықаралық зияткерлік ойындардың аяқталуына арналған салтанатты рәсім өтті. Аталған рәсімде мылқаулар үшін арнайы құрылғы ойлап тауып, гран-приді жеңіп алған қазақстандық оқушы Нұрдәулет Таумергеновке 5 мың доллардың сертификаты табысталды. Айта кетейік, Нұрдәулет Таумергенов физика-математика бағыты бойынша Назарбаев зияткерлік мектебінінде білім алады.
«Оқушы ыммен жеткізілген сөздерді GloveSpeaker қолбағы арқылы ауызекі сөйлеу тіліне аударуға арналған жобаны таныстырды. Оның ойлап тапқан туындысы мылқау адамдармен қиындықсыз түсінісуге мүмкіндік береді. Сингапур ұлттық университетінің профессоры, Халықаралық зияткерлік ойындардың бағдарламалық комитеті төрағасы Леон Чуан Квек және «Майтона» компаниясының президенті Александра Баишева жеңімпазға 5 мың АҚШ долларына жазылған арнайы сертификат табыс етті», -деп хабарлайды Саха Республикасы Ұлттық кеңесінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Якутия үкіметі төрағасының міндетін орындаушы Владимир Солодов аталмыш ойындардың өңір үшін теңдессіз шара екенін атап өтті.
«Ең алдымен, көптеген қызықты адамдарды жинағанымыз қуантады. Біздің елге 18 елдің өкілдері келіп қатысты, әсіресе сарапшылар тарапынан үлкен үлес қосылғанын байқаймыз. Ендігәрі Якутиядағы дарынды балалармен жұмыс жасау жүйесін ары қарай қандай бағытта нығайтатынымызды шештік», – деді Солодов.
Stan.kz
16 шілде 2018 ж. 1 039 0