Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Молшылық орнайды»: Сенгіштік қасиетіміз дұрыс па?

«Молшылық орнайды»: Сенгіштік қасиетіміз дұрыс па?

Айлық түсе салсымен базар аралап, үйге азық-түлік алуға асығамыз. Соның өзінде азық-түлікті мол етіп те ала алмаймыз. Себебі базардағы бағаның ұшуынан, алатын заттарымыздың мөлшері де азайып барады. Тіпті күнделікті үйге қажетті нан мен сүт өнімі немесе 2-3 зат алғанның өзінде қалтамыздан екі мың теңгенің қалай кетіп қалғанын байқамай да қаламыз. Иә, осы себепті барлығы ауқатты өмір сүруге құштар болады. Сенгіштік қасиетімізді алдыңғы орынға қойып, халқымыз «ақша шақыратын» түрлі әдіс-тәсілдерге әлек боп жатады.
Баюдың жолын іздеген кей жандар жұмысты басты назарға алудың орнына, «баюға көмектеседі» деген түрлі тренингтер мен семинарларды аралап әлек. Тіпті, Қытай халқының құрбақа мен шаян ойыншықтарын алып, шаңырағының төріне орнатып қойып жатады. Қытайдың құрбақа мен шаяны демекше, олардың да арнайы өзіндік атауы бар екен. Яғни, бұл әдіс фэн-шуй деп аталады-мыс. Осы әдіс арқылы қазақтар байлық пен олжаға қол жеткіземін деп, оларға төрден орын беріп, қызыл шүберек пен пайдасы жоқ мүсіндер жинап шала бүлінуде.
Кей адамдар атаулы әдіспен мүсіндерді үйдің ас бөлмесі мен балалар жататын бөлме, сондай-ақ басқа да бөлмелерге орналастырып, «бақыт пен байлық әкеледі» деп сенеді екен. Негізі бұл мүсіндердің өзіндік мағынасына назар аудадарар болсақ, оның ешқандай пайдасы жоқ екендігіне көз жеткіземіз. Кей деректерге сүйенсек, мұндай мүсіндер Қытай императоры Гао Дидоның көңіл көтеретін ойыншықтары болған екен. Кезінде Гао Дидо ұсталарына осындай мүсіндерді жасап шығаруды тапсыратын болған. Міне, мұндай мүсіндердің тарихы Гао Дидоның кезінен басталған. Кейіннен адамдар оны «байлық шақырады» деген сеніммен үйлерінің сыртына немесе көліктеріне орнатып қойған.
Бақыт пен байлыққа жетелейді деп сенетін құрбақа мен шаян сынды мүсіндерге әлем халқының 80 пайызы сенеді екен. Осылайша, өзге елдің идеологиясын насихаттап жүргенімізді сезбей де жүрміз. Осы тұста Қытай императорының пайдасы жоқ ойыншығын төрімізге шығарғанша, халқымыздың киелі қамшысы мен домбырасын неге төрге шығармадық?!
Негізі қазақ халқы ертеде ақшалы болуы үшін, ырым-тыйымдарға онша сене бермейтін. Халқымыздың дархан көңілі үйге келген қонақтар арқылы несібе кіргізіп отырған. Баланы ер-тоқымын босағаға тастатпай, бесікті төрге қоюға үйреткен. «Ырысым кетеді» деп өзі бағып отырған малын теппеген, ақты ешқашан төкпеген. Ал қазір ше? Қазір баланы бесікке бөлеген зиян деп, баланы қамшымен қорқытатын болды. Иә, бала қамшы көрсе қашатын заманға жеттік. Себебі бесік пен қамшының қасиетін бүгінгі ұрпаққа ұғындыра алатын жандар тапшы. Ер-тоқымның не екендігінен хабары жоқ, салт-дәстүрімізді сұрасақ, оны да ұға алмайтын ұрпақ баршылық.
Міне, бүгінгі күйіміздің басты себебі осы деп білемін. Еңбек етіп, адал қасиетпен мал тапсаң ғана несібеңнің артары да анық. Қазір қандай да бір затты «ақша шақырады» деп әдемілеп жарнамаласаң, барлығы сеніп қалады. Сол үшін кең пейілді қасиеттерімізден алшақтамай, балаға түзу жол көрсеткеніміз абзал. Адам баласының ниеті түзелмейінше, табар малы да соған сай болады. Сол себепті өскелең ұрпаққа кешегі дәстүрлеріміз бен асыл қасиеттерімізді үлгі ете білейік.

А.НҰРЛАНОВА
18 қаңтар 2023 ж. 433 0