Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп оқушылары арсында ерлік сабағы өтті

Мектеп оқушылары арсында ерлік сабағы өтті

Қызылорда қаласындағы Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінің жоғары сынып оқушыларымен «Айбынды жастар – ел тірегі!» тақырыбында ерлік сабағы ұйымдастырылды.

Ерлік сабағына Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмат Жақыпов, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы, Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әкімжан Төлебай, Қызылорда қаласындағы шығыс жекпе-жегі мектебінің жаттықтырушысы Қуандық Мырзабекұлы және Ресей Федерациясы Тверь қаласындағы Әуе ғарыштық қорғаныс әскери академиясының курсанты Азат Арманұлы, Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебінің курсанты Бексұлтан Шермұхаммадұлы мен Шымкент қаласындағы Кеңес Одағының батыры, генерал Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің курсанты Мағжан Ержанұлы қатысты.
Іс-шараның мақсаты болашақ жастардың туған еліне, Қарулы күштерге деген патриоттық және мақтаныш сезімін қалыптастыру, әскери оқу орындарын таныстыру мен насихаттау болды.
Ерлікке бағдар болған сабақ барысында мектеп оқушылары әскери қызметшілер мен курсанттар тарапынан ойларындағы барлық сұрақтарына жауап алды. Жиын кезінде жалпы еліміздің әскері жайлы және жоғары әскери оқу орындарына түсу тәртібі сөз болды.
– Жоғары сынып оқушыларымен маңызды ерлік сабағы өтті. Осындай іс-шаралар жастарымызға күш-жігер берері анық. Курсанттармен бірге оқушылардың барлық сұрақтарына жауап беріп, әрбір азаматтың Отан алдындағы міндеттерін талқыладық, – дейді подполковник Алмат Жақыпов.
Іс-шара соңында №15 мектеп-лицейінің басшылығы әскери қызметшілерге, курсанттарға және қатысушы қонақтарға жастарға патриоттық тәрбие беру жолындағы еңбектеріне алғысын білдірді.

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров
20 қаңтар 2023 ж. 382 0