Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп формасында қандай өзгеріс?

Мектеп формасында қандай өзгеріс?

Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығымен орта білім беру ұйымдарының мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілді.
Бәрімізге белгілі, бұған дейін Оқу-ағарту экс-министрі Асхат Аймағамбетов мектеп формасы талаптарына енгізілген өзгерістер туралы: "Мектеп формасына қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, дәстүрлі киімдерден бөлек, ыңғайлырақ киім, дәлірек, кардиган мен тенниска киюге мүмкіндік берілді", – деген болатын.
Алдағы уақытта қазақстандық оқушылар үшін мектеп формасының нұсқаларын кеңейту, яғни бұл тізімді толықтыру және таңдау мүмкіндігін беру жайы жоспарлануда. Жалпы мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Бұған дейін ата-аналар тарапынан сабақ кезінде ремси костюм кию балаларға қолайсыз екенін, сондықтан балалар үшін ыңғайлы киімді қарастыруды сұраған болатын. Сол себепті, пиджак, жилет, шалбар, юбка және жейдеден тұратын қазіргі мектеп формасымен қатар оқушыларға пиджак пен жакетті түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардигандарға ауыстыруға, сондай-ақ күнделікті киіп жүрген жейделерін поло жейделерге ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Алайда киімнің түсі, стилі және басқа да тұстары мектеп әкімшілігімен келісілуі керек, делінген болатын ақпараттарда.
Оқу-ағарту министрлігінің қолданыстағы бұйрыққа енгізген өзгерісі 10 қаңтардан бастап күшіне енді. Енді қыздарға да, ұлдарға да рұқсат етілген мектеп формасының қатарына түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка қосылады.
Ұлдарға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет, жемпір). Қыздарға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан, жемпір). Сонымен бірге ер балаларға арналған шалбар мен қыздарға арналған шалбар бос және ұзындығы бойынша аяқтың тобығын жабуы қажет. Айта кетерлігі, біркелкі киім үлгісіне, яғни ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка кию керек деген талап та алынып тасталды. Сондай-ақ енді галстук тағу да міндетті болмайды.
Мектеп формасында айрықша белгілерді орналастыруға рұқсат етіледі. Атап айтқанда, эмблема, патч, Шеврон және басқа да орта білім беру ұйымдарының өзіндік белгілері. Мектеп формасына арналған маталар ретінде тозуға төзімділігі жоғары, бактерия мен микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн және мақта маталарын қолданған жөн.
Жоғарыда аталған өзгерістер қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа ғана. Еске сала кетерлігі, ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын сатып алуда тәуелсіз екенін ұмытпаған жөн.
"Толқын" ақпарат

Фото: baq.kz
23 қаңтар 2023 ж. 357 0