Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шетелдік көліктерді заңдастырудың жолы қандай?

Шетелдік көліктерді заңдастырудың жолы қандай?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылы 9 қаңтарда №13 қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес 2022 жылдың 1 қыркүйегінен дейін шетелден әкелінген көлік құралдарын заңдастыру үстіміздегі жылдың 23 қаңтарынан бастап қолға алына бастады. Біз бүгін қандай көлік құралдары заңдастыруға жататынын және заңдастыру үшін қандай құжаттар қажет? Қайда бару керек деген сауалдарға жауап іздеп көреміз.
Елімізге шетелден әкелінген жеңіл автокөліктер, шағын, орта сыйымдылықтағы автобустар, шағын жүк көліктер және басқаруы оң жақтағы автокөліктер тіркелуге жатады. Тиісінше, заңдастыру үшінавтокөлік Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек. Және криминалдық есепте болмауы керек, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы тиіс, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі қажет.
Ел аумағына кіргізілген шетелдік автокөліктерді есепке қоюға қатысты өтінімдер мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары және «Электронды үкімет» порталында қабылданады. Көлікті заңдастырудың бірінші қадамы ол автокөліктің жайын білу. Ол «е-gov.kz» электронды үкімет порталы арқылы немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы, және ХҚКО-ның “Өз-өзіне қызмет көрсету секторы” арқылы жүзеге асырылады.
– Қазіргі күні Арал ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары автокөліктердің тіркеуге жататын немесе жатпайтындығы жөнінде тексеріп бере аламыз. Тексеруге көлік құралының техникалық құжаты мен көлік иесінің электронды сандық қолтаңбасы керек. Тексеруден өткен көліктер мақұлдау алады. Ал тіркеу облыстық маңызы бар мамандандырылған ХҚКО-да жүргізіледі. Көліктерді заңдастыру жұмыстары жүргізіле бастаған уақыттан бері 29 қаңтарға дейін ауданда 267 көлік тексеруден өтіп, оның 61 мақұлдау алды, – дейді Арал аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Әсет Лекеров.
Көлікті заңдастыру үшін иесі форма бойынша өтініш, өтінім беру-шінің жеке басын куәландыратын құжат,көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлік,көлік құралына меншік құқығын растайтын құжатты тапсыруы керек.Көлікті заңдастыру туралы өтінім екі жұмыс күні ішінде қарастырылады. Шешім шығарылып, өтінімді қабылдайды немесе заңдастырудан бас тартады.
ХҚКО-ның маманы Әсет Лекеровтің айтуынша, көлік иесін хабардар ету үшін оның телефонына 1414 нөмірінен SMS жіберіледі. Хабарлама мәтінінде қабылданған ше¬шім, көлік құралының бірегей нөмірі, моделі мен маркасы көрсетіледі екен.
– Егер көлік иесі көрсетілген құжат тізбесін толық ұсынбаған жағдайда, ұсынылған құжаттардан түзету белгілері байқалған болса, құжаттар Қазақстан Республикасының құжат туралы заңнама талаптарына сай келмесе, көлік құралы өзге мемлекеттің құзырлы органындағы бұрынғы тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылмаса, онда өтінім қанағаттандырылмайды. Мұндай жағдайда көлік иесі келесі өтінімді қайтадан 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін бере алады. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін ел аумағына кіргізілген көліктер заңдастырылмайды. Ішкі істер органдары қай көліктің Қазақстанға қашан әкелінгенін шекара қызметі мен сақтандыру ұйымдарының деректер базасы арқылы анықтайды, – дейді ол.
Көлікті заңдастыруға қатысты оң шешім алғаннан кейін, ЕАЭО құрамына кірмейтін мемлекеттен, мәселен, Грузиядан әкелінген көлікті кеден рәсімінен өткізуге тура келеді. Заңдастыруға жататын көлік үшін бастапқы тіркеу құны үшін 200 000 теңге төлейсіз. Бұдан бөлек, заңдастыру аясында қосымша 30-40 мыңдай қаражат қажет болады. Сонда көлікті толық заңдастыруға бас-аяғы 240-250 мыңдай қаражат шығындайсыз. Осылайша көлігіңізге мемлекеттік нөмір тағылып, заңдастыралатын болады.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
04 ақпан 2023 ж. 321 0