Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шетелдік көліктерді заңдастыру 23 қаңтарда басталады

Шетелдік көліктерді заңдастыру 23 қаңтарда басталады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді заңдастыру қашан басталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет 11 қаңтарда ел аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын бекітті. Ережелер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Яғни, ережелердің бүгін жарияланғанын ескере отырып, олар 2023 жылдың 23 қаңтарында, дүйсенбіден күшіне енеді және сол күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісеміз», - деді Игорь Лепеха.

Оның айтуынша, енгізілген тиісті өзгерістерге сәйкес, заңдастырылатын көліктердің иелері утилизациялық алым төлемейді.

«Заңдастыру кезінде утилизациялық алым талап етілмейді. Көлік иелері тек 200 000 теңге мөлшеріндегі бір реттік төлем жасайды. Бұл жұмыстар Үкімет бекіткен тиісті қағидалар мен талаптарға сай жүргізіледі. Біріншіден, көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі керек. Екіншіден, ол іздеуде болмауы тиіс. Үшіншіден, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет. Соңғысы - кедендік тексеруден өтуі керек», - деп түсіндірді Ішкі істер министрінің орынбасары.
12 қаңтар 2023 ж. 361 0