Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүшел жаста неге үйленуге болмайды?

Мүшел жаста неге үйленуге болмайды?

Қазақ 12 жылдың айналымын мүшел жас деп адамзат жасын кезеңдерге бөліп отырады. Алғашқы мүшел – 13 жас. Бұл кезең балалық пен жасөспірімдік шақтың тоғысқан кезі. Ұлдар ержетіп, қыздар бойжетіп, бойлары мен ойларында құбылыс болатын кезең. Ал 25 жас – адам өміріндегі ең тәтті кезең. Осы жаста адам белгілі бір мамандықты игеріп, отбасылы болып, өмірден өз орнын табатын уақыт болып саналады. Жастықтың албырт кезеңі де 25 жас. Соданда «ай-хай 25!» деп әндетіп, үлкендердің солбір кезеңді сағынышпен еске алатыны. Ал осы жаста істеуге болмайтын нәрселер де бар.
Мүшел жасты қасиет тұтқан қазақ халқы бұл жасты«қауіпті кезең», «қатерлі жас» деп санаған. Сондықтан халықтың сенімінде мүшел жаста адам мейлінше сақтық шараларын қарастырып, таза жүріп-тұруға, садақа беріп, әр күн сайын өзіне есеп беріп отыруы керек делінген.
Сосын бұрынғылар мүшел жасты тойламайтын болған. Қимас, бағалы заттарын жақын адамына немесе қалауы түскен адамға сыйға беріп отыратын болған. Бірақ қазір 25 жасты мүшел жасқа жеттім деп дүркіретіп той жасап, атап өтетіндер көп. Жалпы екінші мүшел адам баласы үшін қауіпті кезең болып саналады. Сондықтан бұл жаста үйленуге, үлкен іс бастауға, алыс сапарға жалғыз шығуға болмайды. Өйткені осы жаста адамға қауіп-қатер жақын жүреді. Кейде тосыннан келген хабарда «Анау пәленшенің баласы қыршын кетіпті, биыл 25-ке толған екен, түгеншенің баласы апатқа ұшырапты, кеше ғана 25 жасқа толған екен» деген сөздерді естіп жатамыз.
Менен кейінгі інім отбасын құруға асықпай ұзақ жүрді. Оқуын бітірген соң әкем мен анам "енді жібі түзу қыз кездессе үйлен" деген сөзді жиі айтып жүрді. Содан інім 25 жасында үйленемін деген сөзді айтты. Бұған әкем мен анам онша қуана қоймады. «Келесі жылы үйленгенің дұрыс» деді. Мен болсам оның мәнін түсінбей «баланың бетін неге қағасыңдар» деп ренжіп жүрмін. Сонда бірде анам:
– 25 жаста үйленуге болмайды. Жалғыз үйлену емес, бұл кезде адам өмірінде маңызды орын алатын үлкен іс бастауға болмайды деп санаған үлкендер. Және оның дұрыс ырым-тыйым екендігіне көзіміз жетіп жүр. Сондықтан ол баланың биыл отау құрғанын онша қалап отырған жоқпыз. Асығатын не бар, келер жылы да үйленсе болады, – деді.
Қазіргі жастар оны түсінсін бе?! Інім болмай жүріп ақыры сүйіктісін алып қашып келді. Неге екенін қайдам, уәделі сүйіктісі үйленемін деген ойынан айнып, қуғыншылап келген анасымен еріп кете барды. Бұл жағдай ініме қатты әсер етті. Күйзеліске түсті. Әйтеуір сол жылы оның еңсесі бір көтерілмей, істеген ісінің бәрі кері кете берді. 26 жасқа аяқ басқан шақта өз-өзіне келді. Сәтін салып жақсы қыз жолығып, көп өтпей сән-салтанатымен той өткізіп, шаңыраққа келін түсірді. Қазір шүкір, жақсы өмір сүріп жатыр. Осы жайдан кейін барып мен де бұрынғылардың дөп басып айтқандығына көзім жетті.
– Мен сендерге мүшел жастың қауіпті кезең екендігін айттым ғой. Бұл кезде адамның бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрады деп отыратын әжем марқұм. Сол себепті мүшел жаста адам көп көзінен аулақ жүріп, қайыр садақаны көбірек бергені дұрыс. Тіл-көзге ілінбегені абзал, – деген анам өзінің сол кезде неге баласын тыйғанын түсіндіріп әлек.
Мен 22 жасымда тұрмысқа шықтым. 25 жасымда екіншіме аяғым ауыр болды. Сонда анам қатты уайымдады. Бұрындары анда-санда қоңырау шалып, тұрмыстағы қызымен көп сырласпауды мақұл деп санайтын ана күнде қоңырау шалатын болды. Кейін аман-есен босанып алған соң қоңырау шалуын сиретті. Сонда бірде мәнісін сұрадым.
– Мен Нұртілекке аяғым ауыр кезде 25 жаста болдым. Сені мен Нұрперзентке жүктілігім де, босануым да жеңіл болған. Осы балада қатты қиын кезеңді бастан өткердім. Бала кіндігіне оралып, толғағым келіп тұрса да туа алмадым. Әбден жаным қиналды. Көп қан жоғалтып, есімнен танып, комада ұзақ жаттым. Әйтеуір Алланың көзі түзу екен, аман қалдым. Оның үстіне сол жылы енем қайтқан. Уайым-қайғыда жүрдім. Сосын сенің аяғың ауыр болған кезде 25 жаста тұр екен-ау деп қорықтым. Бірақ ол кезде бұл жайды сені уайымға салғым келмей айтқан жоқпын, – деді.
Адам баласының өмір сүру жасын 100 жас деп есептесе, оның өзін екіге бөліп қарастырады. Оның алғашқы елу жасын «барзақ ғұмыр» немесе «ұйқылы өмір» деп санаса, кейінгі елу жасын «саналы ғұмыр» немесе «ояу тірлік» деп атаған. Расында адамзат баласының мүшел жасы өміріндегі өтпелі кезеңдердің ауыры екендігіне көзіміз жетіп жүр. Бұрынғылардың сөзінің түпкі мағынасы терең, астарында үлкен мән жатыр. Бұл ырым-тыйым да бекер емес. Сондықтан отау құрып, отбасылы болмасаңыз, ойға алған ісіңізді жүзеге асыра алмай жүрсеңіз, мүшел жасқа дейін немесе кейін жоспарлағаныңыз абзал.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
04 ақпан 2023 ж. 821 0