Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аспалы көпір құрылысы басталады

Аспалы көпір құрылысы басталады

Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар қарқынды. Жыл сайын тұрғындардың ұсыныс-тілегін тыңдап, сол бағытта жұмыс істеп келе жатқан атқарушы билікке оң баға беруге лайықты. Кезең-кезеңімен күрмеулі мәселенің оң шешімін қарастырып, халықтың қалауын жүзеге асырып келе жатқанымен, бүгінгі тілге тиек етіп отырған теміржол үстінен өтетін аспалы көпір мәселесі тәуелсіздік алғалы бері аралдықтардың басты сауалына айналған болатын.
Шамалғанда орын алған қайғылы оқиға жұртшылықтың жадынан ұмытылып кете қоймаған болар. Міне, дәл осы оқиғадан кейін Арал жұртшылығының алаңдаушылығы еселеп артты. Себебі жыл санап қаладағы автокөліктердің саны өсіп келеді. Олардың қатарына сырттан келетін көліктерді қосыңыз. Қаланың қос бетін байланыстырып тұрған жалғыз теміржол өткелі көліктердің кедергісіз қозғалыс жасауын қамтамасыз етуге қауқарсыз. Өткел жабылған уақытта кептелістің ұзындығы 3 шақырымға дейін созылатын уақыттар болады. Күніне 40-50, жаз мезгілдерінде одан да көп пойыз өтетінін есептесек, жағдайдың қаншалықты қиын екенін түсінуге болады.
Осы мәселені көтеріп, талай жиын, қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Нәтижесінде "өткел салынады екен" деген хабар аралдықтардың көңіліне қуаныш сыйлағаны сөзсіз. Міне, осы қуаныштары еселенер күн алыс емес. Оған себеп аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің "Хабар 24" арнасының тілшілеріне берген сұхбатында:
– Былтыр конкурс өткізіліп, жеңімпазы анықталған болатын. Көпірдің қаржысының бір бөлігі республикалық бюджеттен қарастырылып тұр. Сол қаржыға келесі айдан бастап көпір құрылысы басталатын болады. Жалпы соммасы 3 млрд 140 млн теңгені құрайтын жобаға қазірде 487 млн теңгесі бөлініп тұр. Алдағы нақтылау кезінде 1,5 млрд теңгесін күтіп отырмыз. Алдағы жылы көпірді толықтай аяқтап, пайдалануға береміз деген жоспарымыз бар, – дейді.
Жоба бойынша көпір құрылысының ұзындығы 940 метрді қамтиды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру жұмыстары қоса жүргізіледі. Жоба жоспары аясында тұрғындар тыныштығын бұзбау үшін арнайы дыбыс басқыш та қарастырылған.
Қала тұрғыны А.Сейілханов:
– Жаңалықты естіп, қуанып жатырмыз. Баламызды мектепке, үйірмелерге қатынату үшін, өзіміз жұмысқа бару үшін темір жолдан өтуге мәжбүр боламыз. Кейде ұзынсонар кептелістің қиындығынан біріміз жұмыстан, біріміз сабақтан кешігіп жатамыз. Бізді қойшы, бірінші кезекте жедел жәрдем көліктерінің, басқа да шұғыл қызметтік көліктердің қозғалуы тіпті қиын еді. Көпір құрылысы аяқталатын болса, бұл қиындықтың барлығы артта қалар еді, – дейді.

«Толқын» ақпарат
03 ақпан 2023 ж. 596 0