Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоғызқұмалақ – ойшылдар ойыны

Тоғызқұмалақ – ойшылдар ойыны

Өте қызықты әрі терең ойлауды талап ететін, халқымыздың даналығын көрсететін ұлттық ойындардың бірі – тоғызқұмалақ. Халқымызбен бірге жасасып келе жатқан тоғызқұмалақ ойыны қазір кең тарап, дамып, жетіліп келеді.
Көшпелі халықтың өмірінде бүтін сандардың төрт амалын есептеп шығару осы тоғызқұмалақ ойыны арқылы қалыптасқан. Сондықтан да бұл ойын «малшы математикасы» деп аталған. Шындығында, бұрын далада кездесе кеткен екі малшы осы ойындағы «қазан» мен «отауды» орынын жерді шұқып оя қойып, дорбаларында жүрген қойдың кепкен 81 құмалағын әр отауға тоғыз-тоғыздан бөліп салып, бірден ойнай беретін болған. Тоғызқұмалақ ойынының өзіне тән басты ерекшелігі – ол аса күрделі жабдықтарды қажет етпейді. Сондықтан да ертеректе ойыншылар кездескен бетте, жерде кішкентай шұнқырлар қазып,ойын тақтасын дайындай қойған. Барлық құмалақты салатын шұңқырды – «қазан», тоғыз-тоғыздан салатын шұңқырды – «отау» деп атаған.
Тоғызқұмалақ – жасөспiрiмнiң ақыл-ойын шыңдап, ми қызметiн жетiлдiретiн зияткерлiк ойындардың бірі. Дүниежүзiндегi зияткерлiк ойындарды Д.Мюррей деген ғалым 5 топқа бөлiп қарастырады. Олар: шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, нарды және гоо. Мiне, осы бес топтың ерекшелiктерiне сай тоғызқұмалақ манкала тектес ойындардың құрамына кiредi. Әр ойын әрбiр ұлт мәдениетiнiң көрiнiсi дейтiн болсақ, шахмат еуропалық, дойбы грек, гоо қытай, нарды иран, ал, тоғызқұмалақ көшпендiлер дүниетанымына сәйкес келедi. Тоғызқұмалақтың басқа ойындардан ерекшелiгi – ойын құралдары ақ, қара түстерге бөлiнбейдi және арнаулы отаулық тақталарда ұсақ шарлармен ойналады. Ойынның мақсаты – қарсыластан көп шарларды (құмалақ) жинап, ұпай санымен алға шығу.
Тоғызқұмалақтың тарихына келер болсақ, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ғұндар мен түркiлердiң кезiнде 3 отаулық, 5 отаулық, 7 отаулық шарттармен тоғызқұмалақ ойынын ойнаған болса, келе-келе дами түсiп, қазақтар мұны 9 отаулық үлгiмен ойнай бастаған. Осы орайда, «тоғызқұмалақ» атауы қайдан шықты, 9 санының қандайда бiр арифметикалық ерекшелiгi бар ма деген заңды сауал туындайды. Негiзiнен, 9 саны ежелгi түркiлерде қасиеттi сан болып есептелген. «Тоғыз жолдың торабы» деген сөз бекер айтылмаса керек. Сондай-ақ, аңыз-ертегiлерде кездесетiн «бiр байдың тоғыз ұлы болыпты» деген жолдан-ақ бiраз жайттың басын ашуға болады. Яғни, 9 саны көптiктiң белгiсi. Тоғызқұмалақ ойынының шарттарына қарап бiз ата-бабаларымыздың арифметиканы терең меңгергенiн байқаймыз. Қазiр бiз ойнап жүрген тоғызқұмалақтың классикалық үлгiсi 1948 жылдан берi ойналып келедi.
Қорыта келе, тоғызқұмалақ нағыз зияткерлік ойын. Адамның ойлау қабілетін, ой-өрісін дамытатын спорт түрі, тағылымдық, тәрбиелік, құндылықтарға толы ойындардың бірі.

А. МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
13 ақпан 2023 ж. 1 406 0