Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл заң кредит мәселесін шеше ме?

Бұл заң кредит мәселесін шеше ме?

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы Заң өткен жылдың соңында Үкіметте талқыланып, халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, рәсімнің үш түрін енгізу ұсынылған болатын. Осы тұрғыда тұрғындар арасында екіұдай пікір қалыптасқаны белгілі. Бұл заң борышкерлердің банк алдындағы қарызы туралы проблеманы шеше ала ма, жеке тұлғалардың несие тарихына әсер ете ме деген сауалдар алаңдатқаны анық. Бұл орынды да.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға өткен жылдың 30 желтоқсанында қол қойған еді. Енді бұл заң алдағы наурыз айынан бастап күшіне енбек. Заң 4 тараудан, 53 баптан тұрады. Заң ресми жарияланған күннен кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Яғни қарызы бар азаматтар биыл наурыз айынан бастап банкроттыққа арыз бере алады.
Азаматтардың банкроттығысоттан тыс банкроттығы, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәрізді үш рәсімнен тұрады. Бұл рәсімді борышкер өзі ғана бастай алады. Жеке-жеке тоқталсақ. Соттан тыс банкроттық рәсімін Мемлекеттік кірістер басқармасы қарастырады. Яғни өтініш EGOV электрондық үкімет порталы арқылы беріледі. Қарыз 5,5 млн теңгеден, яғни 1 600 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек. Борышкерлердің екінші деңгейдегі банктерден, микроқаржы ұйымдарынан және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарызы кешіріледі. Сонымен қатар соңғы 12 айдың ішінде өтелмеген қарызы бар азаматтар да өтініш бере алады.Атап айта кетерлігі, борышкердің мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлкі, жер және көлік құралдары болмауы және банкпен, микроқаржы ұйымымен борышты реттеу туралы құжаты міндетті түрде болуы тиіс. Коллекторлар бойынша ол құжат талап етілмейді.
Екінші рәсім – сот банкроттығы. Бұл рәсімде өтініш борышкердің тұрғылықты мекенжайы бойынша сотқа беріледі. Сот банкроттығы барысында борышкердің мүлкі саудаға салынады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болса, кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы. Ал жалғыз тұрғын үй кепіл болып табылмаса, кредитордың үйді алуға құқығы жоқ.
Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін өтініш тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.Айт кетерлігі, қарыздың мөлшері тиісті мүліктің құнынан аспауы керек. Бұл рәсімде «Банкрот» мәртебесі берілмейді.Шетелге шығуға шектеу қойылмайды. Қарыздар бойынша бөліп төлеу 5 жылға дейін жалғасады.
Ескеретін жайт, банкроттықтан кейін борышкер 5 жылға дейін несие алудан шектеледі. Сондай-ақ 7 жылға дейін банкроттыққа қайта жүгіне алмайды. 3 жыл қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.
Қайтсек несиеден құтыламыз деп алаңдаған ел-жұрт енді бұл заңның тиімді немесе кемшін тұсы қайсы екен деумен әлек болуда. Не десек те бұл заң қазақстандықтардыңкредит мәселесін оңтайлы шешеді деген үміттеміз.
«Толқын» ақпарат
25 ақпан 2023 ж. 537 0