Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарыздан құтылудың соңғы қадамы

Қарыздан құтылудың соңғы қадамы

Биылғы көктемді асыға күтіп жүрген жандар баршылық. Әр ай сайын қайтсек несиені жабамыз деп өмір сүріп, алған жалақысының барлығы кредитке кететін адамдар наурыз айына үлкен үміт артып отырғаны рас.
Өткен жылдың соңында қабылданған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң халықтың шектен тыс кредит алуын азайту мақсатында қабылданды. Бұдан бұрын да айтылғандай, борышкер үш түрлі әдіспен – соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру жолы арқылы өзін банкрот деп тани алады. Бұл үшеуі де тек клиенттің бастамасымен ғана жүзеге асады. Бұған банктер мен қаржылық ұйымдар араласа алмайды.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың несиеге қарызы 14 трлн теңгеге жеткен. Қарыз алушылардың жалпы саны шамамен 8 млн адам. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше 1,5 млн адам қаржы институты алдындағы қарызын 90 күннен асырып төлемеген. Берешектің 90 күннен асып кетуі қарызды проблемалық займ қатарына қосатыны белгілі. Осындай қарыз бүгінде 1 трлн 449 млрд теңгені құрап отыр екен. Бұл тұрғыда Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов:
– Банкроттыққа өтініш берушілер саны шамамен 1 млн 100 мың адамнан асуы мүмкін. Арыз келіп түскеннен кейін мемле¬кет¬тік органдармен, банктермен мәлімет алмасамыз. Егер ол барлық параметрге сай келсе, онда жұмысқа алып, банкроттығы жайлы шешімді қабылдаймыз. Ескеретін жайт – 3 жыл бойы қаржылық мониторинг жұмысын жүргіземіз. Егер банкроттыққа әдейі тап¬сырғаны анықталса, онда азамат жауапкершілікке тартылады. Заңның тағы бір маңызды тұсы – банкроттық әр азамат¬тың өзінің еркі. Яғни банк немесе қандай да бір үшінші тарап банкроттық мәселесін қозғай алмайды. Себебі банкроттық – қарызды кешіру акциясы емес. Азаматтар осыны түсінуі керек. Банкроттықтың салдары бар. Әлем тәжірибесіне ден қойсақ та, банкроттық – ең соңғы қадам. Табыс, артық ақша, мүлік болмай, банкроттықтан басқа амал қалмады деген кезде жасалатын шешім, – дейді.
Жоғарыда айтқанымыздай, бан¬к¬рот¬тық рәсімін пайдаланудың үш нұсқасы бар. Алғашқысы, соттан тыс банкроттық рәсі¬міне қарызы 5,5 млн теңгеден аспайтын азаматтар қатыса алады. Бұл рәсім аясында іс сотқа жолданбай, тікелей Мемле¬кеттік кірістер комитеті арқылы реттеледі. Банкрот¬тықтың бұл рәсімін Egov.kz электронды порталы және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқы¬лы да жүзеге асырылады.
Ал екіншісі – сот арқылы банкрот болу.Бұл рәсімнің жолы қиындау. Өйткені сот процесінде азаматтың жеке мүлкінің бар-жоғы тексеріледі, сондай-ақ өзін банкрот деп танығаннан кейін де ол азаматтың кіріс-шығыстары үш жыл бойы бақылауда болады. Егер де ол адамның табысы көбейіп, материалдық жағдайы жақсарып жатса, ол ақша қайдан шықты деген сұрақ тууы мүмкін. Тағы да айта кетерлігі, егер азаматтың сот процесінде жалғыз тұрғын үйі кепіл мүлкі ретінде қойылмаса, онда сақталады. Ал егер кепіл мүлкі ретінде қойылған болса, онда жалғыз баспанасы сатылатыны заңда көрсетілген. Егер сатылған тұрғын үйінің құны қарыз көлемінен артық болса, тиісті қарызы төленіп, қалған ақшасы қайтарып беріледі. Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады.
Банкроттықты қолдануға мүмкіндік беретін үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қал¬пына келтіру. Бұл рәсімнің ешқандай салдары жоқ болғандықтан ең тиімді нұсқа саналады. Тұрақты табыс болған жағдайда, 5 жылға дейін қарызды төлеу үшін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ бұл рәсімнің артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайтын болғандықтан, банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.
Белгілі экономист М.Халық банкрот болудың өз талабы бар екенін айта келе:
– Заң бойынша азаматтар кемінде бір жыл бойы несиесін төлемеген болса, өздерін банкрот деп жариялауға құқы бар. Бірақ банкрот болу үшін оның табысы өте төмен, яғни жан басына шаққанда күнкөріс шегінен төмен болуға тиіс. Сондай-ақ атында мүлкі болмауы керек. Көлігі, жер учаскесі болса, бәрі қаралады. Соңғы үш жылда мүлкін біреуге сыйға тарту секілді мәліметтер болса, онда ол азаматтарды банкрот деп танымайды, – дейді.
Нақтысы, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң ешқандай да несие кешіру акциясы емес, бұл – қарызды төлеуге еш амал қалмағанда жасалатын ақырғы қадам екенін түсінгеніміз абзал. Түптеп келгенде, жаңа заң азаматтардың несиесін өтеудегі жауапкершілігін сезініп, қаржылық сауаттылығын көтеруді көздейді.
К. МАХСҰТ 
11 ақпан 2023 ж. 368 0