Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда зейнетақы өсті

Қазақстанда зейнетақы өсті

ҚР Еңбек министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 659 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 878 теңге, базалық зейнетақы – 37 781 теңге, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ал 1 қаңтардағы жағдай бойынша орташа зейнетақы 108 761 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 74 950 теңге, базалық зейнетақы – 33 811 теңге. Осылайша, Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері 11 898 теңгеге өсті.

Министрлік таратқан ақпарат бойынша, 2023 жылғы қаңтарда республикалық бюджеттен 274,1 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы – 84,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы – 189,9 млрд теңге.

2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 292 мың адам.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалып келеді.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80%-ына тең болады. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір ай болады.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

syrboyi.kz
27 ақпан 2023 ж. 388 0