Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық ғалымдар марапат төрінде

Қызылордалық ғалымдар марапат төрінде

Астанада жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларын марапаттау рәсімі өтті. Байқау жеңімпаздарына 6 миллион теңге сыйақы берілді. Салтанатты жиында оқытушыларға марапатты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыстады.

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2022» байқауына еліміздің 71 оқу орнынан барлығы 775 үміткер қатысты.

Байқау нәтижесі бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дизайн және технологиялар» кафедрасының меңгерушісі, профессор Жұлдыз Смаилова, «Аграрлық технологиялар» кафедрасының доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Лаура Тохетова, «Физика және математика» кафедрасының академиялық профессоры, физика – математика ғылымдарының кандидаты Шералы Ибраев «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды.

Салтанатты рәсімде оқытушыларға қаржылай ынталандырумен қатар төсбелгі де табысталды.

Байқауда еліміздегі 43 жоғары оқу орнынан 150 оқытушы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК (6 млн 126 мың теңге) сыйақы алды.

«Біз үшін оқытушыларды ынталандыру және мамандықтың беделін арттыру маңызды. Алдымызда тұрған негізгі басымдықтардың бірі – зерттеу экожүйесін қалыптастыру және ғылыми әлеуетті арттыру. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарын цифрлық трансформациялау қажеттігін атап өту қажет», – деді салтанатты жиындағы сөзінде министр Саясат Нұрбек.

Конкурстық комиссияның шешімімен сайыста электронды оқу ресурстарын, оқу материалдарын әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдардағы ғылыми жарияланымдар, өнертабысқа патенттердің болуы және т.б. сияқты көрсеткіштер бағаланды. Сондай-ақ, үміткердің оқыту сапасы, оның бакалавриатта, магистратурада және докторантурада кадрлар даярлау қызметіндегі еңбегі ескерілді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 
медиа орталығы

syrboyi.kz
27 ақпан 2023 ж. 389 0