Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған айда қандай қасиет бар?

Туған айда қандай қасиет бар?

Қазақтың әрбір ырым-тыйымы мен салт-дәстүрінің астарында үлкен мән жататындығы белгілі. Әрине ол тұрмыстағы түрлі себептерге байланысты туындаған наным-сенімдер. Әсіресе бұрындары бабаларымыз көк тәңірісіне, отқа, суға табынған. Содан сақталған жоралғыларды қазірде жасап жүрміз. Мәселен, қуаңшылық жайлағанда құрбан шалып, ас беруді халық әлі күнге дейін жасайды. Сондай-ақ туған айды қасиет тұтуды да үлкендерден көрген едік. Олар туған айға сәлем беріп, медет тілейтін.
Әжемнің көзі көрмейтін. Тысқа жетектеп ертіп шығатынбыз. Әр айдың туар шағын күннің ретіне қарай болжап отыратын әжем "ай туғанда айт" деп маған тапсырады. Мен солай айдың тууын аңдып жүремін. Ол күн болғанда қуана сүйіншілеймін. Сонда әжем айға қарап бетін бұрып: «Ай, сәлем бердік, жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке. Жаңа ай жақсылығыңмен кел. Бар жаманшылық ескі аймен кетсін» деп иіліп сәлем салып, үш мәрте қайталап айтады. Сосын менен "ай қалай жатыр?" деп сұрайды. "Тігінен туса, онда күн райы осы айда жылы болады екен. Ал көлденеңнен жатса, өзіне жайлы, шаруаға жайсыз болайын деп тұр. Бұл ай салқын болмақ" дейді әжем. Айтқандай-ақ, оның болжамы тура келетін сол шақтарда. Қазір кейде әжемнен көргенімді істеп, айға сәлем бермесем де, ай туған шақта тігінен туды ма, әлде шалқасынан жатыр ма деп қарап, әжем айтқандай сол айдағы ауа райын өзімше болжап жүремін.
Бұдан бөлек те туған айдың талай қасиетін естіп өстік. Үлкендерден естіп те жүрміз. Бала күнімізде сүйел деген жара шықса соны туған айға көрсетіп: «Ай, сүйелімді алып кетші» деп тілек тілейтін едік. Әрине бұл ақылға қонымсыз. Ғажайыптан үміт ету болса да, кейбір жаралы болғандар сондай табынудан кейін сүйелінен арылғандығына куә болдым. Көрші әпкемнің қолдарын майда сүйелдер қаптап кетті. Мен ол кезде баламын. Ал ол бойжетіп қалған. Күнде айдың тууын аңдып отырып: «Ай, сүйелімді алып кетші» деп қолын айға көрсетіп, тілек тілейді. Сосын жіпті алып, қолындағы сүйелдерін санап, сонша рет түйеді де жерге көміп тастайды. Себебін сұрасам, осы жіп шіріген сәтте сүйелдерім кете бастайды деп өзінше мәз боп жүретін. Мен ол кезде сол ғажайыпқа аңтарыла сендім. Бірақ біздің сеніміміз ақталып, әпкемнің сүйелдері біртіндеп жоғалып, ақыры соңында қолы тап-таза болып шыға келді.
Айға сәлем беру ғұрпы туралы Ш.Уәлиханов еңбегінде: «Ертеде қазақтар жаңа туған Айға тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжат етеді. Жаздыгүні болса, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастайды», – деп жазған.
Ғұрыптың мәні – әулетім оттай қаулап өсе берсін, пәле-жаладан аман болайық дегенді білдіреді. Сондай-ақ, Айға қарап тілек тілеп, бет сипайды: «Ай көрдім, аман көрдім, Бұрынғыдай заман көрдім, Жаңа Айда жарылқа, Ескі Айда есірке! Тірілерге жиған бер, Өлілерге иман бер, Аллаһу акбар!» немесе: «Аман көрдім, Ай көрдім, Жұлдызым жоғары болсын!» – деп Айға қарап, арман-аңсарының орындалуын тілейді. Жаңа Ай туғанда: «Туған Айдай қылып жарылқа, Шыққан күндей қылып жарылқа. Басты аман, бауырды бүтін қыл, Отыңа оралтпа, суыңа сүрінтпе», – деп жатады. Ежелгі түсінік бойынша, Ай фазаларының өзгерісі тіршілік дүниесіне әсер еткен. Айталық, толған Айдың сәулесі басы ауыратын, сақинасы бар адамдарға әсер етеді деп сенген. «Ай толған кезде адамға қауіпті әсері болады» деген наным-сенімге байланысты көптеген ырым қалыптасты: жалаңбас далаға шығуға, сыртта ұйықтауға, Айға ұзақ қарауға, жас нәрестенің бетіне Ай сәулесін түсіруге, Айға қарап саусақ шошайтуға, Айға қарап дәрет сындыруға болмайды деген сияқты. Кейде қазақ сұлу қыздарды Ай дидарлы, айдай толықсыған деп жатады.
Ал енді қазақтың осы сенімі қайдан шықты деген сауалға жауап іздеп көрсек. Ай жерден 384 шақырым қашықта орналасқан, жерден көлемі төрт есе кіші ғаламшар. Бірақ тартылыс күші жермен бірдей. Демек, ол бізді, біз оны айналып жүрміз деуге болады. Жалпы айдың тартылыс күші жердегі барлық дүниеге үлкен әсер етеді. Сондай-ақ Ай жердің айналысын тежеуге де күш салады екен. Ғалымдардың есебінше жер күніне 0,00164 секундқа Айдың әсерінен өз қозғалысын баяулатады. Бұл үдеріс миллиондаған жылдардан бері созылып келеді. Айдың тартылыс күшінің мықтылығы сондай, Ай сәулесінің керемет вампирлік қасиеті бар. Адамның барлық күш-қуатын сорып алуға тырысатын көрінеді. Содан болар, өзге жұртты қайдам, қазақ халқы ұйықтағанда «бетіңе Ай сәулесі түсіп қалмасын, ай жарығында көп жүрме» деп жатады. Мұның астарында үлкен мән жатыр. Айдың сәулесі сау адамды ауру жанға айналдыруға, тіпті өлтіріп жіберуге де күші жетеді. Үлкендердің «Ай толған түнде далада көп жүруге болмайды» деп жататыны сондықтан. Көптеген эзотериялық бағыттағы ғалымдар Күн жүйесіндегі тіршілік иесі пайда болатын екінші ғаламшар ретінде Айды санайды. Сол себепті Ай бойына керекті энергияны көптеп жинап жатыр-мыс.
Міне, Айдың тылсым сырын ерте кезде-ақ білген қазақ халқы аспан денесіне байланысты түрлі наным-сенім, ырымдарды неге өзге ғаламшарға байланысты емес, тап Айға байланысты қалыптастырғаны осыған байланысты болуы керек. Айдың біз білмейтін құпиясы көп, әлі де зерттеліп жатқан аспан денесі.
Дайындаған Н. МАРАТҚЫЗЫ
04 наурыз 2023 ж. 692 0