Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Үлкенді сыйлау хақында

Үлкенді сыйлау хақында

Қазақ халқында ежелден бір қалыптасқан жақсы дәсүрлердің бірі–ол үлкенді сыйлау. Осыған байланысты ел арасында «жасына қарай отырады, жағына қарай сөйлейді» деген аталы сөз бар. Сондықтан, алдымен, жасы үлкен ақсақалды ата мен ақ самайлы әжені сыйлайды. Бұл–қазақтың қанына сіңген қасиет. Ал, бүгінде өкінішке орай бұл қағиданың өзгеріп жатқаны шындық. Яғни, кейбір жерлерде той-томалақтарда лауазымы мен қызметіне қарай төрге оздыратын болған. Үлкен адамдарымыз босағаға жақын жерден орын алады. Сайып келгенде, мұның бәрі ұлттық салт-сана, ұғым-түсініктің арқау жібі босап, көмескіленіп бара жатқандығынан туған білместіктер. Негізінен, жақсы болсын, жаман болсын үлкен кісілер қалай болғанда да, өмірді көрген, өмірдің ащы-тұщысын бастан өткерген жандар. Түсінген адамға бұл да көрегенділік. Олар ұдайы дастарқан басында біреуді жамандап, ұят сөздер айтпау керектігін жастарға ескертіп отырады. Әрине, көрегенділіктің белгісі. Олар ақ батасын беріп, тілегін айтқаннан басқа жазығы жоқ деп ойлаймын.
Жасыратыны жоқ, көпке топырақ шашпайын, бірақ, қазіргі таңда үлкендерді сыйламайтын жастар қатары күннен-күнге артып жатыр.  Олар да әп-сәтте өздерінің қартаятынын ұмытқандай-ақ. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген емес пе?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бiз ақсақалдарды ардақтаған, жол-жоралғыны салмақтаған жасампаз елдiң ұрпағымыз» деп әрдайым айтып келедi. Кейбір жастарымыз қолын созып сәлем бермек түгілі, көріп тұрып қырын қарап кететіндер толып жатыр. Үлкенді сыйлап, құрметтеуді әрқашан ұмытпаған жөн. Қайткенде де, үлкендердің атын атамай, ізет көрсетіп, жұмсақ атасақ өзімізге мерей емес пе? Тіпті, жасы кіші болса да, ол кісінің атын атаудың өзі мәдениеттіліктің төмен екендігін байқатады.
Иә, біз қашанда ата-әжелерімізді құрметтеп, қадірлеп өскен елдің ұрпағымыз. Үлкендерден үйренер, тәлім алар ұрпақтар келешекте де осылай ой түйсе деген кішкене тілегім бар.
Зере Махамбетәлиева,
№21 Қамыстыбас орта мектебінің оқушысы.
13 наурыз 2018 ж. 5 870 0