Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңғыруға жасалған жаңашыл қадам

Жаңғыруға жасалған жаңашыл қадам

Елбасы еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетін де жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біз қанымызға сіңген кертартпа қасиеттерден түбегейлі арылмайынша, алдағы уақыттарда толыққанды жаңғыруымыз мүмкін еместігін ашып айтты. Шындығында, қазіргі қазақ қоғамында менменсіген тәкаппар, дүниеқоңыз және де жан-жағына мейіріммен қарай алмайтын жандар көбейіп кетті. Олар үшін ұлттық мүдде мен қоғамның пікірі маңызды емес болып көрінеді кейде. Бас пайдасынан асып арыға бара алмайтын жандарды да жолықтырып жатамыз. Осы мәселеге келгенде, қазаққа кесел болып жабысқан әлгіндей дерттен арылу керектігі әсте анық байқалады. Жалпы, бізге бабалар жолының қандай болғаны әркез үлгі болуы керек секілді. Олай дейтін себебім, біздің санамызды сол баяғы кесір кезеңнің қисық тұстары жаулап алған. Біз әлемде болып жатқан өзгерістер мен жаңашылдықтарға басқа көзқараспен қарай алмаймыз. Керісінше, олардың сол әрекеттерін жоққа шығарып жатамыз. Міне, қазіргі қисық қоғамның осындай осалдау әрі дертті тұсын дөп басқан Мемлекет басшысы Н. Назарбаев аталған бағдарламалық мақаласында атап көрсетті. «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Бағзы замандардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тап талған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды. Осының бәрі-жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы». Осы ойы арқылы бізге бағыт боларлық айқын дүниелерді айтып берді. Ендігі жер де, Елбасы мақаласында көтерілген осы бір олқылықтардан нәтиже шығаруға ұмтылу керек. Біз-бабалар дәстүрін дәріптеп, аталы жолдан аттамай өскен текті халықтың ұрпағымыз. Сондықтан, болмашы және алдамшы дүниелердің соңына еріп, құр мақтаншылыққа салынғанша, адами болмыстан ажырап қалмағанымыз дұрыс болар.
М. САЙПАТОВ,
аудандық мамандандырылған күзет қызметі
басқармасының полиция қызметкері.
04 қаңтар 2018 ж. 1 294 0