Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаңғыбас иттер: 109-ға түскен өтініштердің саны көп

Қаңғыбас иттер: 109-ға түскен өтініштердің саны көп

Ауыл болсын, қала болсын, көпшіліктің мәселесі қаңғыған ит болды. Әсіресе сабаққа барып, қайтатын оқушылар үшін күнделікті арпалыс. «қаппайды» деген Құтжолыңның өзі жануар. «Арп» етсе бітті, адам ба, бала ма қарамайды. Ырылдаған бұралқының бейнесі зәремізді алып бітті дейтіндер де көбейген. Оның үстіне соңғы кезде орын алып жатқан оқиғалар күдігімізді арттыруда. Иманы ұшқан жұрт тіпті баланы далаға жіберуге жүрексінеді. Иесіз иттер көпшіліктің құтын қашырып, бала тұрмақ, ересек адамның өзі жалғыз жүруге тайсақтауда. Қаңғыбас иттер неге қаптады? Әлде итке қабылданған заңның «жылымығы» жаққан ба?

Бала күнімізде ауылда көршінің сұлу қызы болатын. Ол кезде жас шамасы 15-16 болса керек. Кешқұрым. Ойын қуған балалар әрі-бері доп қуалап әлек. Кенет арс еткен алабайдың өткір дауысы шықты. Қатар естілген әлгі қыздың ащы дауысы құдды көрші ауылға жеткендей еді. Біз де баламыз ғой. Жақындауға қорқып тұрмыз. Талап жатыр. Қолымызға түскен тас-кірпішті лақтырғанымызбен әлгі ит қыздан ажырай қоймады. Қыз тыпыршуын қойғанда ғана ит те кері шегінді. Үлкендер де келіп, азан-қазан болып ауыл шулап кетті. Абырой болғанда қыз аман. Тек өткір тіспен осқан беті терісіз қалыпты. Жұрт тамсанатын көркем жүзінен түк жоқ. Дәрігерлер бірнеше ота жасап, сандағы терісін бетіне салды. Содан бері үйінен шығуды қойған бойжеткен мектепке де бармай, үйден білім алды. Әр жылы өсіп, денесі үлкейген сайын ота жасап отырылуы керек екен. Арада бірнеше жыл өткенде сол қызды жолықтырдым. Бетінде бетпердесі бар, кекілін төмен түсіріп қойған. Жасы отыздан асса да әлі күнге дейін қоғаммен араласпапты. Ал иттің иесі сол уақытта-ақ жазасыз құтылған. Еміне деп берген азын-аулақ ақшасы қыз ғұмырына араша бола алсын ба? Жақында ғана дәл осыған ұқсас тағдырды Еуразия бірінші арнасындағы "Көреміз" бағдарламасынан байқап қалдым. Онда алабай иттің қаршадай қызды талағаны, иесі жазасыз қалғаны көрсетіледі. Иә, аңдап баспасаң алабайың аямайдының кері осы болып тұр.

Бәріне кедергі заң ба?

Ата-аналар қаңғыған иттердің көзін жоюды талап етуде. Несін жасырайық, әкімдік өкілдері тұрғындар жағында екенін ескертеді. Дегенмен, иттерді өлтіре салуға болар еді, бірақ жаңа заң рұқсат бермей тұрғаны қолбайлау. Қызылордалық тұрғындар да шаһарда иесіз иттердің көбейгенін айтып дабыл қағып жүр. Олар көліктерге абалап қана қоймай, адамдарға да жиі айбат шегетінін алға тартты. Былтыр қаладағы «СПМК» мөлтек ауданының тұрғыны немересінің қаңғыбас итке таланып, бір өлімнен аман қалғанын мәлімдеді. Айдың-күннің аманында қаңғыған иттің құрбанына айнала жаздаған немересінің жайын баяндап, қалада қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіне шыққанын айтты. Бұдан бөлек, анаубір жылдары Арал ауданында да 7 жасар баланы ит қауып, жарақат алған бала травмотологияға түскен еді. Қайсыбірін тізбектейміз. Айтылмай, жазылмай, тіркелмей жатқан оқиғалар қаншама? Алдыңғы жыл соңында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға қол қойылды. Заңды әзірлеген – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Осы заңға сәйкес қазір көшеде қаңғып, қоқыс жәшігін торуылдаған итті атуға болмайды. Атсаңыз да, аттырсаңыз да, заң алдында жауап беріп, айыппұл арқалайсыз. Қысқасы басыңыз бәлеге қалады.

«Әрине, жан-жануарды қорғау өте дұрыс. Дегенмен бүгінде тұрғындардың көңілі алаң. Жаңа заң қабылданды. Бізге жануарлардың көзін жоюға тыйым салынды» дейді аудандық ветеренария бөлімінің мамандары.

Қанша ашынып, даурықсақ та қаңғыған итке шара қолданылмаудың сыры осы. Бұрынғыдай көше-көшені аралап, кезген иттерді ата салу жоқ енді. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, жаңа заңға сәйкес, алдыңғы жыл соңынан бастап, қаңғыбас ит мысықтарды аулап, жою жұмыстары тоқтатылған. Заң аясында әзірлеген үлгілік қағидалар бойынша ауланған жануарлар уақытша ұстау орындарына жеткізілуі тиіс. Облыста қазіргі таңда уақытша ұстау орындары жоқ. Алдағы уақытта бекітілген ережелерге сәйкес панажайлардың құрылысын салу мен басқа да жұмыстар заңда белгіленген тәртіп бойынша атқарылмақ. Қазіргі таңда қаңғыбас, қараусыз қалған иттердің есебін жүргізу, сондай-ақ олардан жұғатын аса қауіпті құтыру, эхинококкоз ауруларын алдын алу бойынша вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Қазір бұдан өзге ветеринарлар тарапынан қаңғыған итке қарсы дәрмен жоқ.

«По факту» қалай өзі?

Жалпы соңғы жылдары өңірде қаңғыбас иттерден адамдардың зардап шегу фактісі жиілеп кеткен. Атап айтсақ, былтыр аймақта 290 адам жануарлардан зардап шексе, оның 90 пайызы иесіз иттерге қатысты. Бұл жайында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті мәлімдеп отыр. Басқарма тарапынан 2021 жылы облыс бойынша жануарлар мен адамдарға бірдей қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында 24 мың 828 бас ит, мысықтар ауланып, көзі жойылған екен.

Күні кеше мектептен қайтқан төменгі сынып оқушысының жолда иттен қорқып көп тұрып қалғанын кезіктірдік. Абырой болғанда тиіспепті. Тек сес көрсетіп жолдан өткізбей тұр. «Кет» деп айтуға дәрмені жетпеген балақай күннің суығына біраз тоңып қалған. Жерден тас алып әлгі итке лақтырғандай болып қимыл көрсетіп едік, сонда ғана орнынан қозғала, қорасына кіріп кетті. Біз келмегенде бәлкім осылай ұзақ тұрып, аязға үсіп кетер ме еді. Қазір ит атаулының бойында құтырма аурудың да бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Онымен ауырған иттердің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы өзгеріп, оғаш қылықтар көрсетеді. Мысалы, ит себепсіз үріп немесе еңсесі түсіп, үретін жерде үрмей себепсіз адамға немесе малға тап береді. Егер ауырған ит босанып кетсе ол бұрылмай тікелей жүріп алдына кездескенге үрмей-ақ бірден тістей жөнеледі. Ал осындай ауру иттен жарақат алған адам өлім қаупіне дейін барары сөзсіз. Қаңғыбас иттің мәселесі бойынша 109 қызметіне келіп түскен өтініштердің саны көп. Айтып, айтпай не керек елімізде басқа мәселе аздай енді бұралқы иттердің мәселесі басты ауыртып отыр. Оған жауапты мекемелер қаңғыбас иттерді уақытша қамайтын орындардың жоқ екенін айтады. Иесі болғанның өзінде рұқсатын берсе ғана дәрімен ұйықтатамыз дейді олар.

Сөз соңы
Итін бос жіберген иесі алабай-канденінен қауіп жоқ екенін алға тартып, «Ит – адамның досы» деген тәмсілді берік ұстанған-ау. Әйтпегенде көшелерде қап-қара болып кезіп жүрген питбуль не овчарканы сіз де көрген боларсыз. Ондай «ерекше» иттердің тұмылдырық киіп жүруі керек емес пе еді? Бұрында болған «питбуль баланы жеп қойыпты» деген оқиға тағы қайталанбасына кім кепіл? Қаңғыған иттер ше? Атылмаса, ұсталмаса, уақытша ұсталатын орны болмаса, ендігі көшеде жүруден қалармыз, бәлки? Сонда да, осыны әлде де ескеріп, әлде де дұрыс шара қабылдануы керек. Бұл тек біздің емес, көптің жанайқайы.

Айнұр ӘЛИ

kyzylorda-news.kz
Фото: aqmeshit-aptalygy.kz
06 наурыз 2023 ж. 460 0