Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала өміріне немқұрайлы қарамайық

Бала өміріне немқұрайлы қарамайық

Әрбір отбасы тәрбиесінің басты құндылығы – дені сау, мәдениетті, сана-сезімі ояу, еңбекқор және білімді азамат тәрбиелеу. Қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев атамыз: «Жас бала – жас шыбық, жас күнінде қай түрде иіп тастасаң, өскенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзейміз десең, сындырып аласың» демекші, бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі бүгінде өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сол үшін балаға тәрбие беру барысында әр ата-ана оның қауіпсіздігін де басты назарда ұстануы қажет.
Бүгінде қала ішінде қайғылы жол-көлік оқиғалары жиі орын алып жатыр. Соның ішінде ойын баласының арнайы көлік жолына шығып кету қаупі де маңызды болып табылады. Сонымен бірге жазғы суға шомылу кезеңіндегі балалардың суға кетуі мен терезеден құлап кету оқиғалары да орын алып жатады. Бұл жөнінде Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау  лейтенанты Дулат Нұрбекұлы:
Жаз мезгілі көпшіліктің демалып, суға түсетін уақыты болған соң қайғылы оқиғалар да орын алмай қоймайды. Жалпы аудан бойынша жыл басынан бері 4 адам суға кетті. Балалар мен жасөспірімдер арасында суға кету жағдайы орын алған жоқ. Сонымен бірге бізде су жағасында күнделікті рейдтік іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіледі. Тұрғын үйлерді аралау бойынша тамыз айының 15-інен басталды. Сондай-ақ жылу беру маусымына байланысты да тұрғындармен қатар, осал топтағы адамдар мен жалғыз басты қарттарды да жүйелі түрде аралауда. Тұрғындарға қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстары бойынша сәрсенбі, жұма және сенбі күндері өткізіледі. Барлық ата-ана су жағасына демалуға барғанда балаларды қараусыз қалдырмай, басты назарда ұстағаны дұрыс. Сол кезде ғана балалардың суға кетуі қаупі де сейілері анық,–дейді.
Иә, күйбең тіршілікпен отбасын жеткізіп, баланы қатарынан қалдырмайын деп таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыс деп жүреміз. Қазір шыны керек тіршілік етуге де қиын заман. Азаннан кешке дейін жұмыста жүрген соң кейде балаларды қараусыз қалдырып жатамыз. Негізінен балаларды ересек адамның қарауынсыз қалдыруға болмайды. Сол үшін барынша баланы басты назарда ұстап, бала өміріне немқұрайлы қарамағанымыз жөн,– деді қала тұрғыны А. Қадірбекқызы.
Елімізде жақын арада болған жағдаймен көбіміз таныс болармыз. Бес жасар кішкентай қыздың таң алдында үйден шығып, жоғалып кеткен оқиғасы бүкіл Қазақстанды дүрліктірген болатын. 500-ден астам адам болып үш күн іздеп, қыздың суға батып кеткен денесі ғана табылған еді. Иә, бұл жағдайға ешкімді кінәлай алмаймыз. Бірақ әр ата-ана осы жағдайды қаперінде сақтап, алдағы уақытта мұндай жағдайдың орын алмау жолын қарастырғаны жөн.
Бала – бақыт, бала – байлық. Еліміздің келешегі де бүгінгі бүлдіршіндер қолында. Сондықтан да бала қауіпсіздігін қадағалап, оған жауапкершілікпен қарау әрбір ата-ананың міндеті болып табылады. Сол кезде ғана қауіптің алдын аларымыз сөзсіз.
А. НҰРЛАНОВА
16 тамыз 2022 ж. 535 0