Бас мүфти ораза алдында кәсіпкерлерге үндеу жасады

"Кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеймін. Жақсы амалдарыңыз өздеріңізге еселеп жақсылық болып қайтатынына күмән жоқ. Мұндайда халқымыз: "Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің" демей ме?! Осы сәтті пайдаланып, барша қауымға қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегімді жеткіземін. Алла Тағала Рамазанның құрметі үшін жасаған жақсы ісіміздің себебімен баршамызды жақсылыққа кенелткей", – деді бас мүфти Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, 23 наурызда барша мұсылман қауымы үшін қасиетті ай – Рамазан басталады. Биылғы пітір садақа мөлшері 535 теңге болып белгіленді.