Қазақстан діни басқармасы Рамазан айы басталатын күнді жариялады

Наиб мүфти, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы биыл қасиетті Рамазан айы 2 сәуірден басталатынын, Өзбекстан мен Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесіп, осындай ортақ шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Ал бас мүфти осы айда қайырымдылық іс-шараларын, мейлінше, көбірек атқаруға үндеді.
"Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы басталады. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – ерекше ай. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Осы айда қайырымдылық іс-шараларды көбірек атқаруға шақырамын", - деді Тағанұлы.
Осылайша, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн болмақ. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні.