Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы жинақтарын пайдалану айтарлықтай азайды

Зейнетақы жинақтарын пайдалану айтарлықтай азайды

Тұрғын үйге
2021 жылдың қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 наурызына қазақстандықтардың уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін БЖЗҚ-дан шамамен 3,2 трлн теңге аударылды. Осылайша Қор салымшылар мен алушылардың 1 351 861 өтінішін орындады. Бір өтініш бойынша алуға болатын орташа сома – шамамен 2,4 млн теңге.
2023 жылғы ақпанда 3 400 өтініш орындалды. Бұл 2023 жылғы қаңтарда орындалған өтініштердің санынан сәл артық (ол кезде БЖЗҚ 3061 өтінішті өңдеді). Аударылған жинақтардың сомасы да сәл өзгерді: ақпан айында арнайы шоттарға 7,5 млрд теңге түссе,  2023 жылдың бірінші айында 7,1 млрд теңгеден астам зейнетақы жинағы аударылды. Салыстырсақ, 2022 жылдың ақпан айында БЖЗҚ жалпы сомасы шамамен 152 млрд теңгеге тұрғын үй жағдайларын жақсартуға берілген 89 878 өтінішті орындады.
www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдаланғаны/пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат әр жұмыс күні жаңартылып отырады. Мұндай ақпарат өңірлер бөлінісінде де берілген («Мақсаттар бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» және тиісінше «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» шағын бөлімшелері). 
Аударылған соманың 64,3% қазақстандықтар азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алуға (түпкілікті есеп айырысу) және жеке тұрғын үй салуға (меншігінде жер учаскесі болған жағдайда) жұмсауды жоспарлап отыр.
Пайдаланылған зейнетақы ақшасының 12,9% салымшылар (алушылар) тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша бағдарламаларға жіберілді.
Аталған соманың 12% ипотекалық бағдарламаларға жұмсалды (бастапқы жарнадан бастап ипотекалық қарызды толық өтеуге дейін).
Аударылған соманың 8,24% тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымдар ретінде жұмсалды. 
Пайдаланылған зейнетақы жинақтарының 2% астамы басқа мақсаттарға жұмсалды (кейіннен сатып алу арқылы тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалға алу, құрылыс үшін тұрғын үй учаскесін сатып алу және т.б.).
БЖЗҚ орындаған өтініштер бойынша статистикаға назар аударсақ, уәкілетті операторлар тарапынан қазақстандықтардың мақсаттары өзгеруі не қаражат салымшылардың(алушылардың) БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына қайта оралуы мүмкін. Өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша заңнамада белгіленген мерзімде біржолғы зейнетақы төлемдерінің пайдаланылмауына байланысты уәкілетті операторлардан ЖЗШ-ға 464,8 млрд теңге қайтарылды.  Оның ішінде 2023 жылдың ақпанында 2,1 млрд. теңге Қордағы жеке шоттарға оралған.
Емделуге
2021 жылғы қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ жалпы сомасы 325,7 млрд теңгеге емделу мақсатында берілген 407 345 өтінішті орындады. Осы кезең ішінде емделуге алынған қаражаттың орташа сомасы шамамен 0,8 млн теңге.  Бұл ретте 2023 жылғы ақпанда 3,6 млрд теңгеге 2 833 өтініш орындалды. Салыстырып қарасақ, бір ай бұрын 3,3 млрд теңгеге 2 537 өтініш өңделіпті. Ал 2022 жылдың ақпан айында шамамен 34 млрд теңгеге 40 456 өтініш орындалған болатын.
Зейнетақы жинақтары бағытталатын ең танымал медициналық қызмет стоматология болып табылады. Орындалған өтініштердің 90% астамында дәл осы мақсат көрсетілген.
Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) Қордағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан ("Отбасы банк "тұрғын үй құрылыс жинақ банкі"АҚ) 32,7 млрд теңге қайтарылды. Бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша заңнамада белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.
Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану жөніндегі өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінен танысуға болады.
Жеке басқаруға
Инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша бүкіл кезең ішінде 5 947 өтініш негізінде 8,8 млрд теңге аударылған. Бірегей өтініш берушілердің жалпы саны 3415 адам. Бұл жинақтарының бір бөлігін бірнеше басқарушы компанияларға беруге шешім қабылдаған салымшылардың бар екендігінің айғағы. Аударымның орташа сомасы – шамамен 1,5 млн теңге.
Бұл ретте ИПБ басқаруындағы қаражаттың жалпы көлемі инвестициялық табысты ескергенде, шамамен 9,57 млрд теңгеге жетті.
2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша нарықта бес ИПБ жұмыс істеуде: "Jusan invest" АҚ, "BCC Invest" АҚ, "Сентрас Секьюритиз" АҚ, "Halyk Global Markets" АҚ, "Halyk Finance"АҚ. Олар туралы ақпарат, инвестициялық декларацияларымен танысу үшін enpf.kz  сайтындағы "Қызметтер" - "Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі" бөліміне кірсеңіз жеткілікті.
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлі статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде жарияланған.
Зейнетақы активтерін ИПБ сенімгерлік басқаруына бастапқы бергеннен кейін салымшы БЖЗҚ-ға өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беруге жылына тек бір рет өтініш беруге құқылы. 56 өтініш беруші осы құқықты пайдаланды: 78 өтініш бойынша БЖЗҚ бір ИПБ-дан екіншісіне жалпы сомасы 266 млн теңге қаражатты ауыстыруды жүзеге асырды.
Естеріңізге сала кетсек, БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылдың 3 ақпанындағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5%  аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.
2023 жылға ИПБ комиссиялық сыйақысы туралы ақпарат enpf.kz сайтында «Қызметтер» - «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесі» бөлімінде орналастырылған.
 
Сондай-ақ, салымшылардың БЖЗҚ-ға ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш беруге де құқығы бар. Бірақ зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына бастапқы бергеннен кейін тек екі жыл өткен соң ғана жүзеге асыруға болады. Зейнетақы жинақтарын аудару 2021 жылдың ақпанында басталғандықтан, бұл мерзім әлі аяқталған жоқ. Әзірге 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша БЖЗҚ статистикасы зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне 33 млн теңгеге сенімгерлік басқаруға автоматты түрде қайтару болғанын тіркеді. Автоқайтарудың себептері зейнет жасына толу, салымшының қайтыс болуы, сондай-ақ, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кету болып табылады.
Салымшы зейнет жасына толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып, есептелінеді.
 
14 наурыз 2023 ж. 137 0