Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр адам өз денсаулығына жауапты

Әр адам өз денсаулығына жауапты

Халық арасында «құрт ауруы» аталып кеткен туберкулездің қанша уақыт өтсе де қауіптілігі ең жоғары сырқаттардың бірі болып келеді. Жаһан жұртшылығы үшін әлі күнге дейін өзекті мәселеге айналған бұл дертпен күрес те қашан да алдыңғы орында. Осыған байланысты 24 наурыз күні бүкіл әлемдік туберкулезге қарсы күн болып бекітілген. Бұл атаулы күн елімізде де құрт ауруына қарсы атаулы күн ескерусіз қалмай, жыл сайын аталып өтіледі. Әр аймақтағы туберкулез орталықтарында құрт ауруымен қалай күресу керек екендігі түсіндіріледі.
Осы орайда аудандық «Толқын» газеті арқылы аудан халқына, газеттің тұрақты оқырмандарына құрт кеселің қауіптілігі жайлы және одан қалай сақтануға болатынын тағы бір айта кетуді жөн санадым.
Жалпы қазақта қауіпті нәрсенің атын жамандық шақырады деп көп айтпайтын сенім бар. Бірақ ол жайында біле жүрген де артық етпейді. Сондықтан бірінші кезекте туберкулез инфекциясы дегеніміз не деген сауалға тоқтала өтейік. Ол – адам ағзасына ауа арқылы туберкулез микобактериясының еніп, бірақ өсіп-өнбейтін, туберкулезге тән жөтел, әлсіздік, тамаққа тәбеттің төмендеуі сияқты белгілер болмайтын жағдай. Себебі иммунитет жоғары болғандықтан туберкулез микобактериясының өсіп-өну қабілеті жойылады. Адамның дені сау, рентген сәулесімен тексергенде өкпесі таза және айналасындағыларға ауру жұқтыру қаупі болмайды. Әлемде әрбір үшінші адам туберкулез микобактериясын жұқтырған, бірақ әрбір онының біреуінде ғана туберкулез қарқынды дамиды.
Міне, осы жерден келіп қарқынды дамитын әрбір оныншы адам кімдер деген тағы бір сауал туындайды. Бұлар әсіресе қарттар мен жас балалар және ауру салдарынан иммунитеті төмендеген адамдар болып табылады. Бірақ мұнан бөлек те ауыру қаупі жоғары топтар болады. Сондықтан адам ағзасында туберкулез инфекциясының бар екенін анықтау үшін балалар манту және диаскинтест сынамаларын жасау қажет. Ал ересектер диаскинтест сынамасын уақытылы жасаған жөн. Квантиферон және T-Spot сияқты иммунологиялық сынамалар күретамырдан қан алып, зертханалық тәсілмен тексеріледі. Ал тері ішіне салынатын сынамалар емханаларда жасалады.
Міне, осы сынамалардан кейін оң нәтиже берген адамдарға міндетті түрде қосымша тексерулер жүргізіледі. Егер 2 аптадан астам уақыт жөтел болса жедел түрде қақырықты G-Xpert және микроскопиялық әдіспен зерттеу керек. Тексеру қортындысында рентгенограммада өзгерістер мен қарқынды туберкулезге тән клиникалық белгілер болмаған жағдайда профилактикалық ем тағайындалады. Профилактикалық ем ағзадағы туберкулез инфекциясының ауруға ұласпауының алдын алады. Мұның барлығы алдымен сыртқаттанбау үшін адамның өзіне қажетті дүниелер. Сондықтан әр адам өз денсаулығына салғырт қарамай, барынша сақтық шараларын сақтағаны абзал.
Ләйла Жұмахметова,
фтизиопедиатр, жоғарғы санатты дәрігер
21 наурыз 2023 ж. 199 0