Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз қандай ай?

Наурыз қандай ай?

Наурыз – қазақтың айы. Қаһарлы қыстан кейін жер-жаһанға жан бітіріп, тіршілік атаулыны ұйқысынан оятатын, адамзаттың ішкі жан дүниесін жаңартатын ай.
Наурыз – күллі түркі тілдес қауым үшін жыл басы болып есептелетін бірінші ай. Көне жұлдыздық есепте оны «үт» деп атапты. Оның да өзіндік себебі бар. Ата-бабаларымыз «Үт кірді, үсік шықты» деп наурызда ауа райының жылынатынына қатты қуанған екен.
Наурыз – қытымыр қысты артқа қалдырып, жаңа күннің жылы лебі мен жылулығын әкеледі. Жер-Ана бусанып, көк басы қылтиып, артынша мал төлдеп, бар дүние жаңара бастайды. Соған сай адамдар да рухани тазарып, ескі-құсқыдан арылады. Көктемнің алғашқы күнінен-ақ таң шапағын ақ тілекпен қарсы алып, осы күнді көрсеткені үшін шүкіршілік етеді, жақсы тілек айтады. Себебі нау­­рызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген сенім бар. Сондай-ақ ел үлкендері араздасқан ағайынды татулас­тырып, табыстырады. Сөйтіп елдік рух көтеріліп, халық бірлігі бекиді, берекесі артады.
Наурызда күн мен түн теңеліп, жұлдыздар теңеседі. Яғни Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары бір түзудің бойында тізіле орнығады. Сол уақытта есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқайды. Халықтың ежелгі наным-сенімінде бұл күні жер-көкті жарып ерекше дыбыс естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана естиді-мыс. Осы күні бүкіл табиғатта, тіршілік иесінде, өсімдік, жан-жануарда ерекше сезім оянып, айрықша күш-қуат, рахман нұры құйылады. Соны білген халық «Әз болмай, мәз болмайды» деп ­нау­­рызды асыға әрі ерекше үмітпен күткен.
Бұрындары үлкендер әз-Наурыздың келгенін жан-жануарлардың қылығынан да байқаған. Мысалы, наурыздың он төртінде сарышұнақ інінен шығады, күн суық болса, ін аузынан ұзамайды, күн жылы болса, ұзағырақтау жерге шығады. Ал тасбақа болса, күн мен түн теңелгенде інінен аузына шөп тістеп шығады. Ол «мәриям шөп» деп аталады. Оны еппен алған адам бақытты, дәулетті болады деген түсінік бар. Халқымызда «Наурыздың келгенін жандыда балық сезеді» деген тәмсіл жайында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай жазады: «Наурыздама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына карай аунап түседі. Содан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» – деп. Кей елдерде күн мен түннің теңелгенін дәл осы құбылыстан біледі екен.
Наурыз – нағыз қазақтың айы. Бұл айда қазақтың болмысын айшықтайтын барлық жөн-жоралғылар жасалады, қайта жаңғырады. Алғыс айту күнінен бас­тау алатын наурыз айының орны ерек, мазмұны терең.
(Интернет желісінен алынды)
21 наурыз 2023 ж. 347 0