Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурызегім келдің бе?

Наурызегім келдің бе?

Үлкендер бақыт құсына балайтын тіршілік иесі – наурызекті көруге бар бала біткен құштар. Наурызек – жыл басы, береке хабаршысы. Наурыз айының елжіреген күніне аса сене бермейтін малшы мен диқаншының осы бір алақандай құсқа үлкен сеніммен қарайтыны қызықтырады. Жыл құстарының ішінде көктемнің хабаршысындай болып алдымен сарыбауыр көкала торғай келеді.
Өздерiңiз бiлетiндей, парсы тiлiнде нау – жаңа, рұз – күн деген мағынаны бiлдiредi. Жер-Ананың тоң кеудесi жiбiп, төс емшегi иiген кез. Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлетiн шағы деп те келетiн тұстары бар. Қалай айтсақ та, Наурыз түркi әлемiнде жыл басы атауына иелiк еткен. Әлi күнге шейiн басқа халық секiлдi қазақ көктемдi алғаш көрген жыл құсымен байланыстырады. Қалай дегенмен де, қазақ санасында қарлығаш пен қарға киелi құс болып саналатындығы белгiлi. «Самарқанның көк тасы ериді» деген де аңызға бергісіз тәмсіл тағы бар. Ал жанды нышанның бірі – жыл құсы, оның аты – наурызек немесе наурызкөк торғайы. Бұл наурыз келісімен ерекше сайрайтын торғайдың ерекше түрі.
Құсты бірінші көрген адам оны жақсылыққа балап, қолда барын алдына жаяды. Бұл құсты көргендер «Наурызкөгім келдің бе?» немесе «Наурызек, қайтып келдің бе, анаңның көзі жазылды ма?» деп сұрайды екен. Аңыз бойынша, мұндағы Наурызектің анасы – Жер-Ана. Яғни, Жер-Анаға көктем келді ме, табиғат жаңарды ма деген мағына береді.
Жеп-жеңіл, ұшқалақтап тұратын кішкентай құс – наурызектің құйрығы ұзын. Наным бойынша наурызек келгеннен кейін күннің қатуы сынып, айтарлықтай боран, суық болмайды. Әлемде бұл құстың 60 түрі бар көрінеді. Ол ұясын көбіне шөп арасына салады. Тағы бір ерекшелігі, бұл құс адамның көзінен таса жүргенді ұнатады екен. Бұл Наурыз мейрамының қадірін арттырған нанымның бір парасы болар. Бабаларымыздың аманатындай болған жұдырықтай наурызек құстың шиқылы әр қазақтың шаңырағының қасынан шықсын дегіміз келеді.
Дайындаған К.Махсұт
22 наурыз 2023 ж. 551 0