Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Арықтағым келеді...»: артық салмақтылар артып барады

«Арықтағым келеді...»: артық салмақтылар артып барады

Бүгінгі күні ұялы телефонға байланған балалар арасында уақытымен және дұрыс тамақтанбау тәртібі сақтала бермейді. Иә, көше бойындағы дайын тағам өнімдерін дайындайтын нысан ішінде кішкентай баладан бастап, қарттарымызға дейін жүреді. Шамадан тыс майонез бен басқа да майлы өнімдерден жасалатын тағам түрлеріне бүгінгі адамдардың бойлары үйреніп те қалған. Тіпті кей кездері жұмыстан қолы босамайтын ата-ана балаларына фаст-фуд өнімдерін әпере салады. Бұл жағдай бірінші рет емес, жиі қайталанатыны да сөзсіз. Ал мұндай өнім түрлерін жиі тұтынатын бала денсаулығы қалай болмақ? Бойға тез сіңіп кететін тағам баланы семіздікке әкеліп соқтырмайды ма? Дене салмағы өз жасына сай келмейтін, артық салмақтан зардап шегіп жүрген балалар жетерлік. Бүгінгі тақырыбымызға арқау болатын мәселе де осы балалар арасындағы артық салмақ болып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Еуроаймақтың 36 елінен 6-9 жас аралығындағы балалар туралы мәліметтер берілген болатын. Оның ішінде біздің ел туралы да деректер бар. Жалпы артық салмақтағы адамдар тұратын ең көп елдер тізімін атар болсақ Греция, Испания, Италия және Кипр елдері көш бастайды екен. Ол жақта ұлдар мен қыздардың 40 пайыздан астамы артық салмақтан зардап шегеді. Ал ұлдардың 19 пайыздан 24 пайызға дейін және қыздардың 14 пайыздан 19 пайызға дейінгі көлемі артық салмаққа тап болған. Қырғызстан, Тәжікстан және Түркі¬менстанда ұлдар мен қыздардың 5 пайыздан 12 пайызға дейінгі көлемі артық салмақтан зардап шегеді және олардың 5 пайыздан азы семіз¬дікке шалдыққан.
Қазақстан – бала¬ларының артық салмағы көп Орта Азия мемлекеті. Осы тұста ауыл мен қала баласы арасындағы осы мәселе бойынша ерекшелігіне назар аударып көрейік. Мәселен ауылда күйбең тіршілік қамымен таңның атысынан кештің батысына дейін тыным таппайсыз. Онда баланы кішкентай кезінен бастап еңбекке баулып, жұмыстың қай түріне болмасын баланы үйрете береді. Күнделікті үш мезгілдік астан соң таза ауаға шығып, жұмыс істейтін бала артық салмақ қоспасы анық. Тіпті ішкен асы денесіне құнарлы сіңіп, зиянын тигізбейді. Ал, қалада ше? Тек мектепке барып келіп, ұялы телефонға жармасқан баланың істейтін тірлігі жоқ. Сол смартфонға телміре отырып мезгілсіз дайын тамаққа тыңқия тойған бала артық салмақты тез әрі көптеп қосатыны белгілі. Негізі баланың артық салмақты болуы қала не ауыл баласы деп бөлінбеуі қажет. Істейтін жұмыс жоқ деп ұялы телефонды қолданғанша, спорт залдарға барып, тамақтану уақытын да қадағалағаны жөн.
Осы тұста тағы бір айта кететін жайт, білім ордаларындағы асханада сатылатын тағам түрлері болып отыр. Яғни, бала денсаулығына кері әсер ететін көздің жауын алатын түрлі тәтті өнімдер мен пицца секілді фаст-фудтар баршылық. Оны көрген бала қарапайым тағамды ысырып қойып, дайын өнімдерді алатыны белгілі. Бала үйге қарағанда осы мектеп қабырғасында көптеп тамақтанады. Жалпы мектепте балаларға түрлі тәтті сусындарға шектеу қажет. Оның орнына тегін тұтына алатын ауызсу қойылса, мұндай ауызсу баланың тәтті сусынға деген қажеттілігін азайтады. Сонымен бірге түрлі жеміс-жидектер берілетін болса, бұл да бала денсаулығына біршама пайдасы тиер еді. Үзіліс уақытында оқушылар мектеп жанындағы дүкендерге асыға жүгіретінін көріп жүрміз. Онда бала газдалған сусындар мен тұзды чипсыларды тұтынады. Сол үшін мектеп жанындағы дүкендерге денсаулыққа зиянды өнім түрлеріне шектеу қойылса жақсы болар еді.
Ал артық салмақ өсе келе бала психологиясына қалай әсер ететінін ойладық па? Бала бойындағы артық салмақ мәселесі оның денсаулығына ғана емес, психологиясына да әсер етері анық. Яғни, бала ес біле келе айналасындағы достары оны сыртқы пішініне қарай шеттететін болады. Бұл балалардың әдеті екені белгілі. Балаға «сен семізсің, сенімен ойнамаймыз» немесе «ойыншықтарымызды бермейміз сындырып тастайсың» деген секілді түрлі сөздер айтып, баланы ренжітеді. Бұл сөздерден кейін бала өзімен ешкімнің дос болғысы келмейтінін түсінеді және бұл жағдайға басты себеп оның артық салмағы деп біледі. Психолог мамандар бала өсе келе оның сыртқы пішініне қарай қоятын сауалдары жиі болатынын айтқан. Мәселен, «Менің сыртқы пішінім семіз бе?», «Салмақ тастау үшін не істеуге болады?» деген секілді сұрақтар қоя бастайды екен. Жалпы ата-ана баламен артық салмақ туралы сөйлесуден қашпауы қажет. Онымен қалай дұрыс тамақтану қажеттігін, сыртқы пішінді қалай сақтап тұруы керектігін айтып отырғаны дұрыс. Бұл тұрғыда баламен ашық диалог құрып, жылы сөйлескен абзал.
Артық салмақ мәселесі бүгінгі басты мәселелердің бірі болып табылады. Барлық ата-ана баланың дұрыс тамақтануы мен денсаулығындағы кемшілікті қадағалап, уақытында шара қолданғаны жөн. «Сенде артық салмақ жоқ. Барлығы қалыпты» немесе «өсе келе тарқап кетеді салмағы» деген секілді алдамшы сөздермен баланы жұбатпаған дұрыс. Дер кезінде бала бойындағы артық салмақтың салдарын біліп, оның алдын алған балаға да пайдалы. Әр ата-ана баласының келешегіне алаңдап, басты назарға қоятыны белгілі. Сол үшін баланың сыртқы пішініне де назар аударып, ертеңгі күні «ертерек неге байқамадым» деген өкінішпен қалмағанымыз жөн.
А. НҰРЛАНОВА
22 наурыз 2023 ж. 228 0