Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көзәйнек киген бала неге көп?

Көзәйнек киген бала неге көп?

Бірде көше бойында жолдың арғы бетінде тұрған танысымды көзім шалып қалды. Онымен амандаспақшы болып, қолымды көтерсем, танымайтын адамдай бір қарады да, сәлеміме жауап қатпай кете барды. Сол кезде менде «маған ренжіп қалғаннан сау ма?» деген ой туындады. Мұның себебін білу мақсатында өзінен сұрауды жөн көрдім. Сөйтіп кешкілік уақытта әлеуметтік желіден бүгінгі сәлеміме жауап қатпай, маған ренжуінің себебін сұрадым. Мұндай сұрақты жиі естіп жүрген адамдай ол күліп жіберді де, «Ой, менің көзім көрмейді ғой. Несіне ренжиін саған. Көп танысымнан естігем бұл сөзді» дейді. «Көзің көрмесе, көзәйнек тағып жүрмейсің бе енді?» деген сауалыма ол, «жап-жас болып бет-әлпетімнің сәнін кетіргім келмейді» деп жауап берді.
Иә, бүгінгі күні мектепке асыққан оқушы балалар арасында кез келгенінің бойында бір сырқат болады. Оның бірі – анемия болса, ал екінші дерті – көз аурулары салдарынан көзәйнек кигендерін жиі кездестіреміз. Тіпті кейбірінің көзәйнегі шамадан тыс лупа секілді болмасы бар ма?! Ал үйдің үлкендері мұның басты себебі – ұялы телефоннан деп біледі. Расында, азаннан кешке дейін телефонға үңілген баланың көзі шаршап, оған күш түсетіні анық. Сонымен бірге кішкентай көгілдір жәшік ішіндегі түрлі-түспен боялған мультфильм бейнелері баланың көзіне оң әсер етпесі де анық. Тіпті ұялы телефонға байланып ешбір қозғалыссыз қалған балалар семіздік ауруына ұшырап жатыр.
Ертеде үлкендеріміз өзінің жас шамасының ұлғайып, қарттық жақындаған сәтте көру қабілеті нашарлап кететін. Ал жас немесе егде адамдардың көздері ап-анық көріп, көзәйнекке ерте тәуелді болған емес. Олар көзді адамның ең бір нәзік, жанды жері деп барынша аурулардан сақтауға тырысқан. Сонымен бірге денсаулыққа пайдасы зор тағамдарды тұтынатын. Ал қазір ше? Бүгінгі балалар ет жеп, шұбат ішпейді. Олар дайын тағам өнімдеріне үйренген. Көшеден түрлі фаст-фуд тағамдарын ала салғанды жөн көреді. Мұның барлығы да бала денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық.
–Бүгінгі технология дамыған заманда компьютерсіз жұмысты елестете алмаймыз. Дегенмен ол бүкіл жұмысты атқарушы ғажайып дүние болғанымен, көз жанарына тигізетін зияны баршылық. Адамның көзі шаршап, жасаурап, тұманданған сәтте көздің көру қабілеті төмендейді. Алыстан көрмеушілік (миопия) – алыста тұрған заттарды дұрыс көрмеу. Көз дәрігерлері миопияны әлсіз (3,0 диоптрийге дейін), орташа (3,25 диоптрийге дейін) және жоғары дәрежелі (6 диоптрийден жоғары) деп бөледі. Жоғары дәрежелі миопия 15-30 диоптрийге дейін жетуі мүмкін. Алыстан көрмейтін адамдар алысқа арналған көзілдірікті қажет етеді, ал көпшілігіне тіпті жақыннан көруге арналған көзілдірік керек. Алайда көзілдірік көздің жітілігін үнемі жоғары деңгейде түзете бермейді, бұл ауру көз қабығындағы дистрофиялық және басқа өзгерістерге байланысты. Көз жітілігінің нашарлауы туа бітуі, уақыт өте пайда болуы мүмкін, кейде бара-бара үдей береді. Ол кез келген жаста анықталып жатады. Сырқат, әдетте, жасөспірім шақта күшейіп, 18-40 жас аралығында тұрақталады. Оның тұқым қуалауы да мүмкін. Миопияның дамуына көзге шамадан артық салмақ түсіру де әсер етеді. Оларға жұмыс үстеліне дұрыс жарық түспеу, оқығанда және жазғанда дұрыс отырмау, теледидарды көп көру мен компьютерді жиі пайдалану жатады,– дейді офтальмолог дәрігер Айнұр Рахметуллақызы.
Айтуынша, әдетте ата-ана балада кездесетін көз ауруына көбіне ұялы телефон мен оқулықты себеп етіп, салдарын ұзақ уақытқа дейін түсінбей жүреді екен. Дегенмен көз ауруына мұнан өзге де бірнеше фактор әсер етеді. Мәселен, тұқым қуалаушылық, түрлі жарақат және соматикалық аурулардың салдарынан болатын көз аурулары, қант диабетінен кейінгі асқынулар, диабеттік ретинопатия, диабеттік ангиопатия да баланың көру қабілетін нашарлатады. Бас ішілік қысымның жоғарылауынан пайда болатын асқыну, гипертензионды типтегі ангиопатия, көру жүйкесінің ісінуі көз түбіндегі өзгерістерге әкеледі екен. Бас ауруының көзге қалай әсер ететінін осыдан-ақ байқауға болады. Сонымен бірге зоб тәрізді эндокринді аурудың асқынуы, бүйрек аурулары да көзге кері ықпал етеді. Ал колобома, катаракта, микрофтальм балада туа бітті пайда болады. Шала туған нәрестелерде туа бітті миопия, гиперметропия, аралас астигматизм, глаукома жиі кездеседі.Көздің алыстан көрмеуі медицинада миопия деп аталады және бұл балалар арасында өте жиі кездеседі. Миопия балаға ата-анасынан тұқым қуалаушылық жолмен беріледі немесе баланың көзі соған бейім болып туылады. Уақыт өте келе көзге дұрыс күтім жасалмаса, миопия дамып, баланың жасы өскен сайын артып отырады. Мұндай минус рефракция 40 жасқа дейін өсуі мүмкін. Сондай-ақ көздің алыстан көрмеуі баланың иммундық жүйесіне және соматикалық денсаулық жағдайына да тікелей байланысты болады екен.
Денсаулық бар кезде оның қадірін білгеніміз жөн. Адамға көздің қандай маңызды және денсаулыққа әсерін ұғынғанымыз абзал. Бала денсаулығы оның ата-анасына байланысты. Сол үшін ертеңгі ұрпақ денсаулығын ойлап, бүгінгі жастар денсаулыққа пайдасы бар тағамдар тұтынып, тұқымқуалаушы аурулардың алдын алған дұрыс. Уақытылы тамақтанып, қажетті дәрумендерді де пайдалана білгені жақсы. Көзәйнекке тәуелді балалардың саны көбейіп, ертеңгі ел болашағына кесел болып жабыспауы үшін әрекет ете білейік.
А. НҰРЛАНОВА 
25 ақпан 2023 ж. 168 0