Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарызын 3 айдан астам кешіктірген жеке тұлғаларға несие беру шектеледі

Қарызын 3 айдан астам кешіктірген жеке тұлғаларға несие беру шектеледі

Бұл жеке тұлғаның қарызын не микрокредитін өтеу үшін банктен несие алу жағдайына қолданылмайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк, микроқаржы және коллекторлар қызметіне қатысты енгізілетін өзгерістер жобасын Ашық НҚА порталында қоғамдық талқы үшін жария етті. Талқылауға 6 сәуірге дейін қатысуға болады.
Өзгертулер жобасына сәйкес, "банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша мерзімі өткен берешегі күнтізбелік тоқсан күннен асатын жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз беруге тыйым салу" көзделген.
Еске салайық, мұндай ұсынысты агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова 16 наурызда Сенат отырысында хабарлаған болатын.
"Қарызын 90 күннен астам уақыт бойы кешіктірген жеке тұлғаларға банктер мен микроқаржылық ұйымдардың несие беруін заң жүзінде шектеу ұсынылады", – деген болатын Мәдина Әбілқасымова.
Бұл тыйым кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жеке тұлғаның қарызын өтеу үшін банктен қарыз беру жағдайына қолданылмайды.
"Бұл ретте проблемалық берешектің өсуін шектеу және қолданыстағы қарыздар бойынша қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендету мақсатында қарыз алушылардың берешекті қайта қаржыландыруға, оның ішінде неғұрлым тиімді шарттарда құқығын сақтау қажет" делінген құжат жобасының түсіндірме жазбасында.
24 наурыз 2023 ж. 345 0