Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тапшылығы тығырыққа тіремесін

Су тапшылығы тығырыққа тіремесін

Тұщы су тапшылығы ХХІ ғасырдың он жаһандық қатерінің қатарына жатады. 2025 жылға қарай бұл мәселе тіпті күрделенуі мүмкін деп болжануда. Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру. Жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегедi. Бүгiнде су тапшылығы тек орталық азиялық елдердiң ғана емес, бүкiл әлемнiң бас ауруына айналған мәселе. Сондықтан қашанда тіршіліктің көзіне айналған су қорын сақтап қалу адамзат баласының жауапкершілігіндегі басты міндет.
Біз осыны сезіне отырып, өзімізбен қатар бірінші кезекте балаларға, жастарға үйретіп, түсіндіре білуіміз керек. Сонда ғана келешек ұрпақ үшін кешенді жұмыстарға қол жеткізе алатынымыз ақиқат. Сондықтан бүгінгі күннен бастап оқушыларға білімнен бөлек табиғатты қорғау, сақтау жөнінде түрлі тәрбие шараларын өткізіп келеміз. Сол уақыттарда ерекше ынталы, білуге, үйренуге құштар шәкірттер мұғалімнің көзіне дараланып түсе алады. Солардың бірі №77 орта мектептің оқушысы Азиза Молдағалиева осы тақырыпта тереңірек түсінік алғысы келетінін жасырмады.
Соның нәтижесінде бірлесе отырып арнайы ғылыми жоба қорғадық. Бауыржан Момышұлы «Үйрете отырып, үйрену ғана жеміс береді» деп айтқандай, осы жұмыстың барысында оқушы көптеген тың жаңалықтармен танысты.
Осы жұмыстың нәтижесінде көптеген дүниенің маңыздылығын сезіне білген Азиза Нұркенқызы бала болса да:
– Қазіргі таңда әлемдегі әрбір үшінші адам суға деген қажеттілігін қажетті деңгейде пайдалана алмай отырса, жекелеген аумақтарда ауылшаруашылығы және өндірістің дамуына бағытталған түрлі жұмыстарға да кедергі болуда. Ауызсу тапшылығы тіпті ауданға қарасты кейбір ауылдарды да айналып өтпегенін жасыра алмаймыз. Мәселен, мен тұратын Беларан ауылдық округі, Құланды елді мекені де ауызсуды тасып ішуге мұқтаж болып отыр, – деді.
Сонымен қатар талапты шәкірт осы жобаны жасау барысында «Мен қазіргі кездегі көпшіліктің жиі ұшырайтын сырқаттарына судың ем екенін білдім. Ауызсудың жеткілікті деңгейі иммунитет жүйесін құрайтын жілік майының түрлі ауруға қарсылығын күшейтетінін, буын қуыстарын негізгі майлаушы зат екенін, ішек жұмысын реттеп, майлануын қамтамасыз ететінін, су адам зейінін ашатынын, стресс пен депрессияны басатынын, тіпті кәрілікте есінен алжасудың алдын алуға көмектесетін секілді көптеген деректерді білдім» дейді. Сондай-ақ «Әлемдегі ең таза су – зәмзәм суы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2004 жылғы мәліметі бойынша, бұл су әлемдегі ішуге пайдалы ең таза су тапқан. АҚШ-та әртүрлі сусындар мен жемістерді елге әкелуге тыйым салынғанымен, зәмзәм суына тыйым салынбайды. Зәмзәм суының басқа суларға қарағанда құрамында күкірті аз, құнарлы, минералы көп. Тойыну үшін ішкен адамның қарны тояды, шөлдеген адам ішсе, шөлі қанады» деген шәкірттің ізденісі байқалып-ақ тұр. Ізденіспен білімін тереңдете алған Азиза еліміздегі Алмаарасан, Қапаларасан, Сарыағаш, Жаркентарасан секілді аймақтардағы емдік сулар жайлы да кеңінен танып білген.
Расында планетамыздың қазірдің өзінде тұщы су жетіспейді. Жердің барлық су ресурстарының тек 3%-ы тұщы су болып табылса, оның үштен екісі мұздатылған мұздықтарда жасырылған немесе пайдалану мүмкін емес. Бұл тапшылыққа негізгі үш себептің алғашқысы урбанизация және индустрияландыру бағытындағы судың ластануы.
Екіншісі – ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы әлемдегі қолжетімді тұщы судың 70%-ын пайдаланады. Оның шамамен 60%-ы ағып кетпейтін суару жүйелеріне, көптеген су ресурстарын сіңіретін дақылдарды өсіруге байланысты ысырап болады деген мәліметке сүйенсек, келетін залалдың қаншалықты екенін есептей беріңіз.
Ал үшіншісі – халықтың өсімі, яғни демографиялық жағдай. Соңғы 50 жылда жер халқы екі еседен астам өсті. Бұрын адамдар аз тамақ ішетін, сондықтан тамақ өндірісі аз суды қажет ететін. Ол кездегі көрсеткіш қазіргі пайдаланылатын судың үштен бірі. Ғалымдардың зерттеуінше, БҰҰ бағалауы бойынша, 2050 жылға қарай су тапшылығынан зардап шегіп жатқан дамушы елдерде тағы 2,5 млрд адам тұратын болады. Бұл тұщы су тапшылығы алдағы онжылдықтардағы басты проблемалардың біріне айналатынын білдіреді.
Иә, білемін деген балаға мүмкіндік көп. Суды тазартудың бірнеше әдісін де зерделей білген Азиза қайнаған суды тазарту, суды тұндыру, мұздату, сүзу арқылы тазартудың көптеген әдісін білген. Және ол жағдайлардағы артықшылық пен кемшіліктерді де ашық айтады.
«Бала кез,
Бәрі де есте,
Біздің елде,
Аушылар, қайық салған тұзды көлге,
Құмжаға, ащы теңіз, тұщы су жоқ,
Қыс түсе көшетін-ді мұзды жерге.
Суға қарап иілем, күнге қарап,
Күн де, су да
Жетектеп жырға апарад.
Қасық суды немерем төгіп алса,
Кәдімгідей қаламын жүдеп-жадап...
«Сұрауы бар судың да» –
Қандай ғажап! – деп жырлаған жергілікті қаламгер Сансызбай Құттыбайұлының сөзінен әрбіріміз сабақ алсақ дейміз. Мектеп қабырғасында экологиядан ұйымдастыратын факультативтік сабақтарда «Су – тіршілік көзі», «Сусыз өмір жоқ» сияқты тақырыптарда марафон, жарыс, ойындар көбірек өтілсе, көл, өзен, теңіздерге демалуға барғанда санитарлық талаптар сақталса, ауызсу сапасын жақсартудың әдіс-тәсілдері толықтай зерттеліп, география, экология пәнінен әдістемелік көмек құралы ретінде оқушыларға ұсынылса" деген баланың тілегі қабыл болса дейміз.
Әлия Латипова,
№77 орта мектептің мұғалімі
28 наурыз 2023 ж. 347 0