Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәбидің аузынан су аға берсе қандай ырымын жасау керек?

Сәбидің аузынан су аға берсе қандай ырымын жасау керек?

Бала өмірге келгенде бұғанасы қатып, буыны бекімейінше аса жоғары күтімді талап етеді. Жас сәбиді қырық күн жуындырып, майлап отыру бұрынан келе жатқан әдетіміз. Тіпті бала ана құрсағында пайда бола бастағанан бастап ананың бабын келтіріп, дені сау ұрпақтың туылуын мақсат еткен бұрынғылар бәрін дөп басқан. Соның ішінде жас сәбидің сілекейі тоқтамай аға берсе, «анасының жерігі қанбаған» деп жориды. Халқымыз бала іште жатқанда жүкті әйелдің аңсары ауған асын тауып беріп, көңіл-күйінің жақсы болғанына мән берген.
Қазіргі күнде жүкті әйелдің жерік асын табуы қиын ба әлде ішер астың құнары төмен бе екен, жаңа туылған сәбилердің екпеге барып, ерекше күтімді қажет етіп жатады. Өзім үйдің тұңғышы болған соң кейінгі бауырларым өмірге келгенде анамнан жас баланың күтімін көріп, үйреніп өстім. Сондықтан өзім ана болғанда аса қиындық болған жоқ. Анам өз балаларын ғана емес көрші тұратын келіндерінің де кішкентай нәрестелерін жаңа туған шақта қырқынан шығарам дегенше қырық күн қатынап жуындырып, майлап, жаттығулар жасап беріп жүртеін. Сондықтан жас босанған тәжірибесі жоқ жеңгелерім сәбилері мазасызданса бірден анамның кеңесіне жүгініп келетін. Қысқасын айтқанда анам дипломсыз балалар дәрігері сияқты болып көрінетін сол кезде. Ондайда анам өз тәжібиесімен бөлісіп, балаларға халықтық емін жасап береді. Ол ем нәтижелі болып, келіндер алғысын айтып жататын.
Бір күні өзі бізге рулас туыс болып келетін көрші жеңгем анама келіп «апа, біраз уақыт бұрын сізге айтып едім ғой, баламның сілекейі шұбырып, біраз әбігерге салғанын. Қайта-қайта жейдесін ауыстырып отыруға тура келетін еді. Жиі ауыстырып отырмасам, өңірі су болып қалған соң дереу ықылық тиіп, салқындап ауырып қалатын еді. Енді одан да құтылдым.
Өткенде үйге көптен бері келмеген төркінім келіп, қуанғаным есіңізде ме? Сол кезде сәбиіме құтты болсын айтып келіпті. Өздері алыс қалада болғандықтан, сәті енді түсіп, жиендеріне келді ғой. Сонда анам үлкен ағама «Мына баланың сілекейі көп ағады екен, осы келгенімізді пайдаланып қалайық. Енді келемін дегенше өсіп қалады бұл бала» деп ағамның аяғындағы шұлығының біреуін шешіп алды да жуып-жайып қойды. Кішкене кепкен соң, баламның аузындағы сілекейін үш рет сүртіп алды.
Ертеңіне олар қайтатын болды да кешегі ырымды қайтадан жасатып алайын деп ойладым. Сонда анам «Ағаңның сол шұлығын алып қал. Өзің сүрте бересің. Ал қазір қайшы әкел» деді. Мұнымен не істейді екен деп ойланып үлгерген жоқпын, анамның сұрағанын алып келдім. Тура сол мезетте баламның аузынан суы қатты ағып тұрған, қайшыны ағама берді де, ағама «енді сен баланың сілекейін қайшымен кес. Қайшымен кескендей сап тыйылсын!» деді. Ағам да жоқ демеді, бір жағынан күлкісі келіп отырса да, анама ешқашан қарсы шықпайтын ағам қайшымен баламның аузынан ағып тұрған сілекейді «кеседі». Содан көп өткен жоқ, бірте-бірте баламның аузынан сілекей ағуы тоқтады. Өзім де ағам қалдырып кеткен шұлықпен сүртіп отырдым. Өзім де таң-тамаша қалғаным, бұл ырымның күші бар ма, әлде шынында да анам да, мен де осыған сендік пе екен? Қалай болса да нәтижесін көргеніме қуанамын» деді. Ол кезде бой жетіп қалған кезім борлған соң бұл әңгіме менің құлағымда қалды.
Сонан соң өзім тұңғышымды өмірге әкелгенде баламның ауызынан тоқтаусыз сілекей ағып әбден мазамыз кетті. Көкірек тұсы ылғи суланып тұрған соң салқын тиіп жиі ауырып қала берді. Ауызын тазалап, түрлі ем жасап көрдім бірақ нәтиже бермеді. Содан бірде жеңге айтқан сол бір ырым есіме түсіп, інімді шақыртып алып жасап көрдім. Сіз сенерсіз, бәлкім сенбессіз бірақ біз жасаған сол нәрсе нәтиже беріп, баламның ауызынан су ағуын тоқтатты.
Халқымызды ертеден әрбір іс-әрекеттің астарына үлкен мағына сыйғызған. Демек бұл да тегін дүние емес екендігіне өзімнің көзім жетті.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
28 наурыз 2023 ж. 888 0